– Ақмола облысының Зеренді ауданында болған орман өртін сөндіруге 200-ге жуық адам жұмылдырылды, оның ішінде өрт сөндірушілер, орманшылар, ерікті өрт сөндіру құрылымдары, сондай-ақ азаматтық қорғау академиясының курсанттары бар. Қазіргі кезде өрт болған аумақ тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт болған аумаққа аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев және ПБ бастығы Думан Таев болды.
«Қыркүйектің 3-інде сағат 20:05-те «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалында өрт шыққаны туралы хабарланды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыстық жедел штаб құрылды. Атбасар, Сандықтау және Зеренді өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары тартылды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының өрт сөндіру бөлімдерінен 30 адам жіберілді. Сағат 00:00-де өрт ауыздықталды. Жағдай бақылауда», – деп түсіндірді ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен атап өткендей, өрт болған аумақ 104,5 га құрады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Айта кетсек, «Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, Ақмола, Қостанай облыстарының басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Фото: Облыстық ТЖД баспасөз қызметі