Еліміздің Конституциясы – бұл заң түрінде көрініс тапқан жалпыұлттық идея. Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындайды. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.
Көкшетау орталық қалалық үлгілі кітапханасы 5510 әскери бөлімімен бірлесіп,бейнежурнал түрінде «Ата Заң – азат елдің ар-намысы» атты іс-шара өткізді. Іс-шара Әнұранмен басталып, Ата Заңның адам өміріндегі маңыздылығы, атқаратын қызметі туралы сөз қозғалып, түсінік берілді. Кеш барысында Ата Заңға байланыстыкөрме ұйымдастырылды. Бейне-ролик, слайд көрсетіліп,сарбаздарға тақырып бойынша бірнеше сұрақтар қойылды. «Отаным десем ойыма…» деген сөз тіркесінің төңірегінде сарбаздар өз ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында сарбаз МәдиАсқаров «Өз елім» әнін шырқады, Нұрбол Шаймұратов Қаршыға Ахмедияровтың «Абай толғауы», Құрманғазының «Адай» күйлерін домбырамен орындап берді.
Ата Заңымыздың құқықтық құндылығы жоғары деңгейде. Олай болса, Есімханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жалғасы – Ата Заңымыздың айбыны асқақтап, бейбіт еліміздің береке-бірлігі арта берсін!
Рустам ӘУБӘКІРОВ,
Көкшетау орталық қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.