Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ырыздық жолындағы ынтымақ - АРҚА АЖАРЫ

Ырыздық жолындағы ынтымақ

Астықты өңірде күзгі орақ науқаны ұйымшылдықпен өткізілуде. Егістік алқаптардағы дәннің 49,4 пайызы жиналып алынды. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда.

Өткен жылғы қуаңшылықта облыс диқандары дәл осы мезгілде гектар берекесін 7,2 центнерден айналдырған болатын. Биылғы өнім біршама тәуір. Әйткенмен, барлық аудандарда жағдай біркелкі емес. Мәселен, мамыр-маусым айларында кейбір аудандарда жауын жаумады. Дәл керек кезінде ылғал болмағандықтан, топырақтың астындағы дән көгеріп көктеп шыққанымен, бой салып өспей, булығып жатып алды.

–Егін орағын аяқтап қалдық, – дейді Қорғалжын ауданындағы «Агрофирма Жер 888» серіктестігінің басшысы Абай Медеубаев, – дәл керек уақытында көктен имей, жігеріміз құм болды емес пе? Алты мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатынбыз. Қазір көршілерге көмек қолын созудамыз. Жалпы жағдай туралы айтатын болсам, геосаяси жағдайға байланысты қосалқы бөлшектің құны аспандап кетті. Тіпті, үш есе қымбаттады. Бұл жай диқандарға кері әсерін тигізіп тұр. Оның үстіне тыңайтқыштардың бағасы да удай. Ал, бидай бағасы бұрынғы қалпында. Әрине, біз де нанның қымбаттағанын қаламаймыз, бірақ, дән өсіруге жұмсалған шығын қайтуы керек қой.

Алқап төсіндегі диқандардың айтуына қарағанда, жанар-жағар майдан тапшылық жоқ. Алдын ала есептеліп берілген өтінімдерге байланысты дер шағында жеткізілуде. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Егін орағы басталған кезде дән біршама ылғалды болып, негізгі күш астық қабылдау кәсіпорындарына түсе ме деген қауіп болып еді. Соңғы күндері күн ысып, дән кеуіп, ылғал азайды.

–Егін орағын өрмек жүзінен асырдық, – дейді «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қуаныш Рақышев, – қазір бізде ғана емес, жалпы диқандардың алдына оралғы болып тұрған мәселе, ол техника мен қосалқы бөлшектің қымбаттауы. Бұрын Ресейден және таяу шет елдерден жеткізілетін қосалқы бөлшектер тоқтап қалды. Тіпті, диллерлер де таптырмай кетті. Ерте көктемнен бері егіс мәдениетін барынша сақтап, барлық талаптарды мұқият орындағандықтан болар, гектар берекесі былтырғыға қарағанда әлдеқайда жақсы.

Біз тілдескен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары айтарлықтай қолбайлаудың жоқтығын айтып отыр. Тек науқандық емес, жалпы жағдай туралы түйткілді мәселенің түйінін тарататын болсақ, ол механизатор кадрлардың жетіспеушілігі.

–Ауылда қазір комбайнды тізгіндейтін адам қалмады. Жыл сайын іздеп, табанымыздан таусылып жүргеніміз, – дейді «Құлан» серіктестігінің басшысы Құлан Болатов, – алдағы уақытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірге қанша механизатор қажет екендігін есептеп, кәсіптік-техникалық колледждермен байланыс жасап, білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізіп, бұл жайды түбегейлі шешу керек тәрізді. Жалғыз комбайншы ғана емес, дәнекерлеуші де қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Бұл бір күндік қиындық емес, жалпы елдің, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының болашағына байланысты дүние емес пе?!

Өңірде қазір жерде өскен дәнді жерде қалдырмау бағытында қыруар жұмыс атқарылуда. Күзгі егін орағымен бірге қыс қамы да ойластырылып, малсақ қауым мал азығын дайындаудың соңғы шешуші шараларын қолға алған.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар