Туған ауылдың шетіне ымырт үйіріле іліккенбіз. Нағашы жұрттан қалған жалғыз шаңырақ Наурызбай ақсақалдың табалдырығынан аттадық.
Томаға-тұйық ауылдағы тыныштықтың шілтерін бұзатын жалғыз-ақ оқиға – өрістегі мал қотанға оралатын уақыт. Күн ұзақ жайылымда кенезесі кеуіп, шөлі қанбай орта құрсақ болып оралған сиыр атауы үйренген қораларына лап береді. Қой-ешкі де солай. Уақытында алдынан шықпасаң, табаныңнан таусылып іздеп жүргенің. Наурызбай нағашым баласы үйінде болмаса да, жер-жебіріне жетіп, сырттай сыбағасын беріп ұрсып жатыр екен. Теледидардың алдында былтыр түскен келін отыр.
–Қарақтарым-ай, сынықмүйіз қара торпақ бүгін тағы да үйге келмей қалады-ау, суара салсаңдар қайтеді?! – дейді күйіп-піскен малсақ атам.
Шөп шабуда жүрген, үйіне әлі оралмаған бала қайдан естісін. Әлгі өкпе-наз баладан гөрі келінге бағытталған тәрізді. Ұқтық. Бірақ, біреудің үйіндегі шаруаға араласудың реті жоқ.
–Балықтай қара тоқтым ұшты-күйлі жоғалып кетті. Үшінші күн. Ендігі біреудің қара қазанын майлап жатыр-ау, – дейді ақадал малына іші удай ашыған нағашы атам.
Далаға шықсақ, қораның жанындағы кең шарбаққа нағашымның адал еңбегімен маңдайына біткен үш-төрт қарасы мен бір қора қойы ошарылып жиналып қалыпты. Қазіргінің кесірлеріндей саусағын шұқшитпай, баяғының адамдарынша түстеп, түгендейді.
Әлден соң қалта телефоны шыр ете түскен. Қысқа қайырды. Содан соң мән-жайды айтып жатыр.
–Қазір ауылдың адамдары тұяғын қимылдатуға ерінеді. Алақандай ауылдың бір шеті мен бір шеті қозыкөш жер ғана. Соның өзінде де үйіне келмей қалған малын телефонмен іздеуге көшкен, – дейді ол, – егер мал ішінде бөтені болса, суретке түсіріп, ауылдастардың чатына салып жібереді. Ертеректе қорасына бөтен қой кірсе, қайтып шықпай қалатын қолы суықтар да болған. Қазір бөтен тоқты қораңда түнеп, таңертең аман-есен шықса, суретке түсіріп аласың. Ертең мал иесі іздесе, бұлтартпас дәлелің.
Нағашымның қойының ішінде де түсі бөтен екі-үш сек жүр екен. Кешкі сериалды тәмамдап келген келін қарағым бөтен сектерді қалта телефонымен суретке түсіріп жатыр. «Біздің үйде бөтен мал бар» деп жазып жібермек.
Біздің қазаққа қалта телефонының осы бір мүмкіндігі керемет көмек екен-ау.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.