Жыл сайын желтоқсан айының 5 жұлдызында Халықаралық еріктілер күні атап өтіледі. Бұл мереке еріктіліктің қоғам игілігі үшін өтеусіз көмегі сияқты маңызды іске жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған.
Аталған мерекеге орай, Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы жыл қортындысын анықтай отырып, жыл бойы белсенділік танытқан волонтерлермен кездесу ұйымдастырды. Аталмыш шараға облыстың 50-ге жуық волонтерлері қатысты.
Волонтерлер жыл бойы өткізілген өз іс-шаралары мен жаңа жобаларын ұсынып, облыстың фронт-кеңсе мамандарымен тәжірибе алмасып, сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша 2022 жылғы Волонтер конкурсының 4 номинациясы бойынша облыс әкімінің орынбасарынан Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – «Жас ерікті – 2022», «Жыл еріктісі – 2022», «Кәсіби ерікті-2022» және «Отбасылық еріктілер» номинациялары. Сонымен қатар, волонтерлер Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліден және «Ұлттық волонтерлік желі» атқарушы директоры, республикалық волонтерлер фронт-кеңсесінің басшысы Татьяна Миронюктен Алғыс хаттармен марапаталды.
«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету» деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев. Жыл сайын еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасуда. Әрбір ерікті, волонтерлер қозғалысына өз еркімен келіп, күш-жігерлерін аямай, көмекке жүгінген көптеген жандарға жәрдемдесуде.
Жеңіс БАЛАБЕКОВ,
Ақмола облысы жастар-ресурстық
орталығының баспасөз қызметкері.