Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
45 жыл оқырманға кітап оқудың қуанышын сыйлап келеді - АРҚА АЖАРЫ

45 жыл оқырманға кітап оқудың қуанышын сыйлап келеді

Халқымыз «артық білім – кітапта» дейді. Осы орайда, мемле­кеттің кітапханашы­лар­ға ерекше көңіл бөлініп жатқаны болашаққа жасалған игілікті қадам деп білеміз. Іргесі қаланғанына 45 жыл толып отырған кітапхана жүйесінің тарихына азын-аулақ тоқтала кеткен жөн.

1977 жылдың 17 қарашасында Көкшетау қаласының халық депутаттары Кеңесінің шешімімен қаланың барлық кітапханалары орталықтандырылған кітапхана жүйесіне біріктіріліпті. 1998 жылы Көкшетау қаласы әкімінің 18 наурыздағы өкімімен орталық кітапхана жүйесі қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі болып өзгертілген екен. Кітапханалар жүйесінің алғашқы директоры Ирина Боярская 1977-1984 жылдар аралығында осы саланы басқарып, оның дамуы мен қалыптасу жолында елеулі еңбек атқарған. Одан кейінгі жылдары күні кеше ғана дүниеден өткен  Сифат Тасова да кітапхана жұмысын ілгері дамытып әкетті. Кейін кітапхана жүйесін Надежда Ларионова, Алтын Жағыпарова,  Мәншүк Сайдалина,  Бауыржан Қарағызұлы, Жансұлу Мұқатаева, Айгүл Әбішева,  Қуаныш Оспанов секілді азаматтар басқарды. Бүгінгі таңда ақпараттық кітапхана жүйесін Серік Жетпісқалиев басқарып, ұжыммен біте қайнасып, еңбек атқаруда.

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің әдістемелік-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Айнұр Өтебаеваның айтуынша, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің құрамында 12 кітапхана бар. Кітап қоры 201 мың дана болса, оның ішінде 95 мыңнан астамы мемлекеттік тілде. Кітапхана 400-ден аса мерзімді басылымдарға жазылған, жыл сайын қазақстандық және ресейлік кітап баспасы өнімдерімен, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бедерлі нүктелі әдеби кітаптармен толықтырылып отырады. Жыл соңында оқырмандар сұранысы бойынша жаңа кітаптарға тізім беріледі және әдебиеттерді толықтыруға жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге,  мерзімді басылымға 1,2 миллион теңге қаражат бөлініпті.

Әр кітапхана әр түрлі бағытта және инновациялық жобалармен жұмыс жүргізеді. Атап айтсақ, өлкетану бағытындағы әдебиеттермен таныстыру, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау бағытында  «Туған өлке – тұнған шежіре», жергілікті еңбек адамдарының еңбектерін елеп, жас ұрпаққа таныстыру бағытында «Еңбек – елдің мұраты», «Ауыл. Тарих. Тағылым»,  тарихи ескерткіштерді, мәдени мұраларды қастерлеуге, құрметтеуге арналған  «Ескерткіштер сыр шертеді», республикалық «Жанға шипа, көңілге медет кітаптар», Орталық қалалық үлгілі балалар және жасөспірімдер кітапханасында мүмкіндігі шектеулі балалардың мәдени бос уақытын ұйымдастыру, оқуға деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған «Қуаныш сыйлау – бір бақыт», «Кітапхана және жастар, балалар кітапханасы «Оқитын аула», «Kókshetaý kіtap Land», «Менің қаламның көшелері»,  «Көкшенің көркем сурет палитрасы» 2019 жылы елімізде белең алған  пандемияға байланысты «Байланыссыз кітап жеткізу» жобасы іске қосылды.  Сонымен қатар кітапханда 16 клуб жұмыс істейді, оның 7-еуі жас оқырмандарға арналған.

Тәуелсіздік алған жылдары, Көкшетау қаласының қарқындап дамуына, халық санының өсуіне байланысты 2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылы қазақ  қалалық үлгілі кітапханасы, 2008 жылы  «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасы,  2015 жылы Бірлік шағын ауданында осы аттас  қалалық үлгілі кітапханасы оқырмандарға есігін ашты. 2018 жылы 30 маусым күні «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Электрондық кітапхана» ашылды.      2019 жылыдың   сәуір айында  Орталық қалалық үлгілі кітапханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында «Ұлы Даланың жеті қыры» тарихи-көркем экспозиция залы оқырманға жол тартса, 2019 жылдың  қарашасында Боровской шағын ауданында көпфункционалды  балалар коворкинг орталығы есігін айқара ашты. Бұл балалар мен ата-аналардың бірлескен бос уақыты мен дамуы үшін құрылған кеңістік болып табылады. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен 3 кітапхана күрделі жөндеуден өткенін мақтанышпен айта аламыз. Олар қазақ кітапханасы, орталық кітапхана және Краснояр кітапханасы.

Қала әкімі, мәдениет бөлімінің қолдауымен Көкшетау қаласының 195 жылдығына орай, «Құрақ көрпе» фесті өткізіліп, Гиннестер кітабына енді. Осы фестивальге қала кітапханашылары да  өздерінің елеулі үлестерін қосты. 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының  175 жылдық мерейтойына орай қазақ қалалық үлгілі кітапханасында  «Ұлы ақынның ұлағаты» атты Абай әдеби орталығы ашылып, ақынның мұрасы жинақталды. 2021 жыл Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды. Кітапханада осыған орай, «Балалар әдебиеті – рухани қазына» атты конференция, «Көкше қаламгері» атты ақмолалық балалар жазушыларымен кездесулер, байқаулар ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Көкшетау – Қазақстанның мәдени астанасы болып жариялануына байланысты ҚР Жазушылар одағы өкілдерінің, әдебиет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Тәуелсіздік әдебиеті» республикалық әдеби форумы ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы,  мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы,  ақын, аудармашы Бауыржан Жақып қатысып, оқырмандармен жүздесті.

Биыл  Бірлік қалалық үлгілі кітапханасында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық  мерейтойына арналып «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты орталық ашылды. Кітапхана жүйесінің қызметкерлері өз маманының шеберлері, өз ісіне адал,  оқырмандармен серіктестік қызметті ойдағыдай атқара алатын білікті маман иелері деп айтсақ қателеспейміз.  Кітапханашы бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет қызметкерлерінің арасында жыл сайын өтетін «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалі Түркістан қаласында ұйымдастырылды.

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі бойынша өткен байқауда Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі Гүлжанар Бодаубай, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған қалалық арнаулы кітапхананың меңгерушісі  Жадыра Сағандықова, сонымен қатар, кітапханашылар Ирина Милютина,  Нұрлан Қыстаубаев өз шеберліктері мен тәжірбиелерін бөлісіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Қазақстан Кітапхана Одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен осы салада көп жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан, тәжірбиелі мамандар Әлия Бәйтенова, Жанар Айтқожина, Лариса Минина, Әсел Смағұлова, Самал Махсотова марапатталса, Елена Медведева «Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне, Жадыра Сағындықова «Халық құрметі» медаліне ие болды.

Биыл күнтізбеде жаңа мереке – Республика күні бекітілді. Мереке аясында қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі жазушы, журналист, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жабал Ерғалиевтің 70 жасқа толған мерейтойына орай, «Қалам қарымы» атты ашық кітап көрмесін, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман  Төлеғұлұлының қатысуымен «Аударма саласының саңлағы» дөңгелек үстелін, «Туған өлкем» жыр марафоны мен «Туған елге тағзым» челленджін өткізді. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына  арналған «Мұхтар Әуезовті оқимыз»  халықаралық акция-байқауына белсене қатысқаны үшін ҚР Ұлттық кітапхана атынан сертификатпен марапатталуы кітапхана ұжымы үшін үлкен мерей.

Кітапханада өткізілген іс-шаралар жергілікті телеарна, облыстық, республикалық  мерзімді басылым беттерінде, әлеуметтік желіде жарияланып отырады. Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары, жаңа форматтағы іс-шаралар  жалғасын таба бермекші. Кітапханашылардың басты мақсаты – кітап пен оқырман байланысын алға жылжытып, кітапсүйер қауымның ризашылығына бөлену.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
Көкшетау қалалық ақпараттық
 кітапхана жүйесінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар