Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шаруашылықтың шырайы келсін десек... - АРҚА АЖАРЫ

Шаруашылықтың шырайы келсін десек…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп атап көрсетілген болатын.

Шынында да қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған уақытта азық-түлік молшылығын жасау, осы тараптағы бәсекелестікті өрістетіп, қол жетімді ету өте маңызды. Әрине, ол үшін жергілікті тауар жеткілікті әрі сапалы болуы шарт. Бұл ең алдымен ақық дән аялап, ақтылы мал бағып отырған шаруалардың еңбегін дұрыс ұйымдастырумен тікелей байланысты. Ауылға көңіл бөлінді, қыруар қаражат бағытталуда делінгенімен, әлі де шешімін таппаған мәселелер аз емес.

Ақкөл ауданындағы «Сұңғат» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Әшебеков бұрынғы Қайнар ауылының қонысында бір табын қара мал, бір отар қой, екі үйір жылқы бағып отыр. Қайнар бұрын алпыс үйлі ауыл болған. Өтпелі кезеңнің өкпек желі шалғайдағы шағын ауылдың түндігін желпілдетіп кетті. Ауылда әлеуметтік-тұрмыстық жағдай ұзақ жылдан бері шешімін таппағаннан кейін ел үдере көшкен. Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, негізгі себеп білім ошағының болмауы. Әрине, ата-аналар жақын жердегі білім ошақтарына балаларын беріп лаждаған. Бірақ, бастауыш сынып оқушыларын көздерін жәудіретіп қойғандары жандарына батқан. Оның үстіне ауыз су проблемасы да жығылғанға жұдырық болды. Қайнар ауылының тұрғындары ауыз суды маңдайдағы елді мекендерден тасымалдап күн көрді. Ал, жол мәселесі тіпті қиын еді. Әлі күнге дейін солай.

–Әсіресе, көктем мен күзде аттап баса алмайсың, – дейді шаруашылық басшысы Мұрат Мұхамеджанұлы, – Степногорск бағытына баратын тас жолдан небары 12 шақырым ғана жер. Біздің арғы жағымыздағы Жалғызқұдық ауылының да көрген күні осы. Ауыл тұрғындарының жанына батқаны осы жол қатынасы.

Қазір ел көшіп кеткен ата қоныста төрт шаруа қожалығы егін егіп, мал бағып күнелтуде. Тіпті, оңтүстік өңірлерден көшіп келген малсақ қауым да түгін тартса майы шығатын осы топырақта өркен жаюда. Несі бар, әрідегі дана халық «елге ел қосылса құт» деген емес пе? Шаруашылық басшысының пікіріне қарағанда, алға басқан адымды кері кетіріп тұрған сойылдай мәселе – мал жайылымы мен шабындық жердің құнарсыздығы. Тоқымдай жерге ала жаздай қыруар малды иіріп баққан соң жүдейді емес пе? Келешектің қамын ойлаған  шаруашылық басшысы бұл тығырықтан шығатын жол жайылымдық жердің сапасын жақсарту дейді. Ол үшін әрине, екпе шөп егу керек. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатқанымен, әзірге қанатын кеңге жаюға қауқары жетпей отыр. Сонда да өз бетінше талпынып, әр жыл сайын  50-60 гектарға көп жылдық шөп тұқымын отырғызуда.

–Табиғи шабындық пен екпе шөптің арасындағы айырмашылық жер мен көктей, – дейді шаруашылық басшысы, – мәселен, көктем мен жаз жауынды болып, шөп шығып кетті дегеннің өзінде құнары кеміген алқаптың бір гектарынан бір тонна шөпті әзер шауып аласың. Ал, екпе шөптің шығымы бұдан он есе артық. Демек, алдағы уақытта азық-түлік молшылығын жасаймыз десек, мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым ең алдымен шабындық жерінің жайын ойлауы керек. Тозған жерден мол өнім жинай қоюың неғайбыл. Сондықтан, екпе шөп егуге көбірек мән берілсе.

Жыл сайын мал азығын дайындап алу барысында қыруар қарбалас туындайды екен. Соған қарамастан, өз еңбегімен еңсе көтеріп келе жатқан шағын шаруашылықтар да ортақ табысқа өз үлестерін қосуда.

Қайнар ауылының босап қалған қотанында төрт шаруашылық хал-қадірінше тырбанып еңбек етуде. Шаруашылық басшыларының тағы бір түйткілді мәселесі – ақадал малын бұлдап сату. Ауыл тұрғындары үшін талай жылдан бері жандарын жеп келе жатқан осы жай әзірге шешімін табар емес. Өздері өткізер жер таппай, қаражаттан қысылған кезде арзан бағаға алыпсатарларға бере салады. Базардағы бағамен ауылдағы мал құнын салыстырғанда табыстың біраз бөлігі алыпсатардың қалтасында қалатыны жасырын емес. Шаруаның табысы толымды болуы үшін осы бір өзекті мәселе оңынан шешілсе орынды болар еді.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Ақкөл ауданы.            

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар