Табиғаттың тосын құбылысын күні бұрын болжап білу мүмкін емес болып кетті. Соңғы тәуліктерде Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы сайын даланы қорғасын бұлттар торлап, сылбырап жауын жауды. Қасат қардың сұрланған беті жібіп, ери бастады. Соңы аязға ұласты.
- Ақпандағы жауын – қатер
Қаңтарда да бірер күн тобарсыған дала дидары әнтек жібіп, қаймыжықтай мұз пайда болған. Малсақ қауым сол кезде күн райынан іш тартып, бағымдағы малдың, тебіндегі жылқының жайы не болар екен деп бір қобалжып еді. Бұл жолғысы анық қатер. Ел ішінде мал сүмесімен күн көріп отырған ағайынмен хабарластық. Зеренді өңірінде жағдай күрделі тәрізді. Қысы-жазы тебінде жүретін қалың жылқы түгелге жуық қолға қарапты. Қара мал мен қой-ешкісіне ғана қысқы мал азығын дайындайтын ауылдағы ағайын қос-қос жылқыға мал азығын қайдан тауып берерін білмей салы суға кетіп алаңдаулы.
– Екі бием, бір жабағым аштан өлді, – дейді Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосының тұрғыны Нұрсұлтан Егінді, – қысқа күйсіздеу кіріп еді. Жаз бойы қоң да жинай алмаған. Жайылым жер болмағандықтан, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта тілін тістеп қамаулы тұрады. Ел егінін жинап болған кезде босатқанымызбен жілігіне май жинай алмайды. Артынша қыс түсіп кетеді де, көтерем мал оңала алмайды. Оңалғаныңыз не, қыстан аман шықса, жаны олжа. Жылдағы көрген күніміз осы болып жүр. Қазір күйі пышақ көтермесе де, бір жылқының құны 500 мың теңгенің көлемінде. Біз үшін қаншама шығын әрі обал деген ұғым бар емес пе?!
Ақкөл ауданының да шаруалары мал азығын таба алмай дымы құрып отыр. Саздыбұлақ ауылының тұрғыны Серік Асановтың айтуына қарағанда, мал баққан соң оның жем-шөбін тиянақтап дайындау керек. Дәл баяғыдай жылқы жарықтық өз аяғымен күн көреді деген дәме ендігі жерде жүзеге аса бермейді. Оның ең басты себебі, дала тозған, жылқы тебіндейтін жерде жаз бойы қой-ешкі мен қара малды иіріп бағады. Шөп буыны қатқан кезде айтақырға айналады. Қыс түсіп, қар жауған соң бұл алқаптарда жылқының тісіне ілігетін бір уыс шөп қалмайды. Сондықтан, шөп шыққан жылы бір жылдықты ойламай, мүмкіндігінше молынан қарпып қалу керек. Маялап үйген шөп су өтпесе он-он бес жыл бойы мұрты бұзылмай тұра береді. Жалғыз шөпті ғана емес, сабаннан да мол қор жинап қойса тіпті, жақсы.
–Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге мүмкіндік болмай отыр, – дейді Серік Ержанұлы, – оның ең басты себебі, жайылымдық әрі шабындық жердің тозып кетуі. Ендігі арада мемлекет қамқорлығынан дәмеленбеске болмай тұр. Менің ойымша жер құнарын арттыру үшін екпе шөп егілуі керек. Ауылдық округ басшылары осы жерде егін егіп, игілігін арттырып отырған үлкен компания басшыларының тілін тауып, ауылдағы малсақ қауымға деген қамқорлықты арттырса. Яғни, олар көпшілік пайдаланатын жайылымдық және шабындық жерлерге көпжылдық екпе шөп егіп берсе, сонда ғана мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы ағайынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады. Әйтпесе жылда жұтқа ұшырап, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілуге тақады. 2021 жылы да дәл осындай жағдай орын алған. Көктемде бүкіл дала көк мұз болып қатып қалды. Қырсық шалғанда осындай уақытта малдың жем-шөбі де қымбаттап кетеді. Есептеп көрелік, небары 20 келілік шөптің бір бумасы 2000 теңге тұрады. Ол небары екі күнге жетеді. Мал төлдеген кезде азын-аулақ жем де қажет. Алты ай қыс бойы қорада бағылатын қара малды қыстан аман-есен алып шығу үшін 200 мың теңге қажет екен. Ал, өзіндік құны осы бағамен қарайлас. Мал баққан адамның еңбегін қоссаңыз, бар тіршілік зая. Бірақ, ауылда мал бағып күнелткеннен басқа тіршілік те жоқ қой.
- Сабанды шашпай, жинаса ғой
Қазір диқандар пайдаланатын шетелдік астық комбайндары бұрынғыдай сабанды атжалға салмайды, турап тастайды. Мамандардың пікірінше, жер құнарын арттыруға септігі тиеді екен. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары елдің жағдайын да ойлауы керек қой. Елді мекендердің іргесіндегі алқаптардың сабанын атжалға түсіріп, көпеленесе, малсақ қауымға әжептәуір демеу болар еді. Кешегі кеңес заманында сабан ерте көктемге дейін аткөпір болып жататын.
–Қазіргі жағдай былай, – дейді Зеренді ауданындағы Қызылсая ауылының тұрғыны Әлімжан Молдашев, – диқандар алқапқа сабан маяларын тастап кетсе, қыс бойы жылқы басып, шашып тастайды. Көктемде жинау қиын болады. Әлі кеуіп үлгермеген сабанды жағып жіберу де қиын. Жақсаң, айыппұл төлейсің. Міне, сондықтан сабанды турап тастаған егіншілер үшін ұтымды.
Кең дала қазір қасат қарға мелтектеп тұр. Оның өзі де ұлпа, жұмсақ қар емес, көксоқта болған сірескен мұз. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, ірі жылқы тебіндеуі мүмкін, ал, тай-жабағыға қауіп-қатер көп. Әрі көк мұзды талғажау еткен биелер құлын тастауы да ғажап емес.
–Ол табиғаттың өз заңдылығы, – дейді «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов, – жарықтық жылқы текті мал ғой, күн көрісінің қиынға айналғанын іштей сезетін болуы керек, өзін сақтап қалу үшін құлынын тастайды. Дәл қазір елге жанашыр шаруа қожалықтары жылқы тебіндеп жүрген алқаптарды жыртып, қарын аршып тастаса оң болар еді. Әсіресе, ағаш бауырындағы жоңышқалы жерлерді аршыса, көп-көрім талғажау табылады. Әрине, оған жеке адамның күш-қуаты келе бермейді. Ендігі амал жергілікті биліктің бас болуымен осындай елге шарапаты тиетін шаруаны ұйымдастырса дейсіз. Бәлкім сонда қыруар мал қатал қыстың құлқынына жұтылып кетпей, аман қалар ма еді.
Соңынан төл ермеген малдан табыс та таппасың белгілі. Ақкөл ауданындағы «Ақжал» шаруа қожалығының басшысы Серік Асановтың айтуына қарағанда, қыс сынағы енді басталғандай. Тебіндегі жылқы малы қолға қараған. Орман бауырындағы құйқалы жерде жүрген азын-аулақ табын бар. Екі жүзден астам отбасы тұратын Домбыралы ауылының негізгі тіршілігі – төрт түлік малы. Әйтсе де, жайылым мен шабындық жоқтың қасы. Төңіректің бәрін ірі жер иелері жыртып тастаған, тура ауылдың іргесіне дейін. Табалдырыққа тақап. Олар бес мың гектарға жуық жерді иеленіп отырғанда, ауылдағы ағайынға елу гектар жер тимейді. Малды қыстан аман-есен алып шығуға кесірін тигізіп отырған бір мәселе осы. Егер жер кең болса тозбас еді. Қазір тоқымдай құнарлы жер қалған жоқ.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне қарағанда, өткен күзде бағымдағы малға молынан жететін мал азығы дайындалған сыңайлы. Мәселен, 1260 мың тонна шөп, 260 мың тонна сүрлем, 750 мың тонна сабан, 650 мың тонна жем әзірленген. Қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, жылқы жарықтық тілін тістеп, көтерем болуда. Бүгінгі таңда өңірде 232 мың бас жылқы бағылуда. Өзіндік құны ең арзан мал өрісті толтыру үшін ең алдымен жоғарыда айтылған мәселелер шешілсе екен дейсіз.
Ақпандағы ақ жауын малсақ қауымның апшысын қуыруда. Жылқыға жаны ашитын елдің жігіттері тізе қоспаса, қиындықтың қабағы түйіле бермек.
Көбей ЖҰМАНОВ.