Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Өлең – сөздің данасы, шындықтың шырақ анасы» - АРҚА АЖАРЫ

«Өлең – сөздің данасы, шындықтың шырақ анасы»

Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына – 355 жыл

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасы Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай, «Өлең сөздің –данасы, шындықтың шырақ анасы» атты оқырман конференциясын ұйымдастырды.

Іс-шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек, гуманитарлық ғылымдар магистрі Талапкер Уәлиев, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының лекторы, филология ғылымдарының магистрі Анар Букаева және аталған оқу орнының тарих және филология факультеттерінің студенттері қатысты. Шараны жоғарыда аталған оқу орнының 1 курс студенті Нұргүл Қартбаева баба рухына арнап өлең оқудан бастады.

–Оқырман конференциясының басты мақсаты ХVІІІ ғасырдағы жоңғар басқыншылығы тұсында елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген, хан Абылайға кеңес беріп, басқыншы жауға қарсы күрес кезінде ел-жұртты біріктіругекүш салған Бұқар жыраудың тарихи бейнесін, әдеби мұрасын жас ұрпаққа насихаттап, келер ұрпақтың өз елін, жерін сүйіп, туған халқының ұлттық болмысына бойлауға ықпал ету, ұлт әдебиетіне қызығушылықтарын ояту, –дейді қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі Жанар Айтқожина.

Шара барысындакітапхана оқырмандары мен қатысушылар назарына «Бұқар жырау толғауларындағы тарихи шындық», «Бұқартану тарихының мәселелері», «Жыраулық дәстүрдің қалыптасуының тарихи кезеңдері» тақырыптарында баяндамалар ұсынылып, талқыланса, студенттер қауымы Бұқар жыраудың толғауларынан үзінділерді жатқа оқыды және көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды.

Сәбит Жәмбек «Бұқар жырау толғауларындағы тарихи шындық» тақырыбында баяндама жасап, жиналған қауымға Бұқар Қалқаманұлының өлең-толғауларындағы тарихи кезеңдерге бойлай отырып, кейбір жырларындағы сөздерді жыршылар ауыздан-ауызға тарату кездерінде ауыстырып жібергенін, нақты қандай сөздер мен сөз тіркестері болғандығын түсіндіріп, тарихи хронологиялық тұрғыдан дәлелдеп берді.

–Бір ғана мысал ретінде айтар болсақ, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында «Шаңды жорық» оқиғасы орын алады. Осы кезде  Бұқардың «Қалданменен ұрысып, жеті күндей сүрісіп…» атты толғауы шыққан. Бұл жердегі айтылып тұрғанқалмақ қонтайшысы Қалдан Серен тарихқа үңілсек, 1745 жылы қайтыс болған, ал, «шаңды жорық» 1771 жылы орын алған. Шығарма мен тарихи кезең сәйкеспейді, сөйтіп, зерделеп,  тарихи кезеңдерге көз жүгіртсек, сол жорық кезінде қалмақтың әскерін Әмірсананың қасындағы серігі Шерен деген қолбасшы басқарады. Ендеше, әу баста толғау «Шеренменен ұрысып» деп басталған, кейін жыршылардың ауыздан-ауызға таратуы кезінде халық аты аңызға айналып кеткен Қалдан Серенді айтып жіберіп, солай хатқа түсіп қалған, – деді. Сонымен бірге, профессор Бұқардың

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат,

– деген толғауын талдай отырып, ғарыштық сананың сол кезде дамығанын дәлелдеп берді.

Сонымен бірге, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультеті кафедрасының оқытушысы, әдебиеттанушы ғалым Аян Қажыбайдың жетекшілігімен «Бұқартану тарихының мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған аталған оқу орнының 1 курс студенті Арайлым Қаныбек қазақ әдебиетінің бастауында бұрын Бұқар бабаның тұрғандығын, кеңес кезеңінде оқулықтар Бұқар жыраумен басталғанын айта келе, әдебиеттегі бұқартану саласының бүгінде кенже қалып жатқандығына қынжылыс білдірді. Жиналған қауым арасында да Бұқартану мәселесінің кенжелеп қалып отырғанын сынға алғандар болды.

–Бұрынғы қазақ және түркі халқының жыраулар дәстүрінің белді өкілі Бұқар жырау деп атауға болады. Ол сыртқы, ішкі саясатқа араласқан маңызды қайраткер болған. Мысалы, Абылай хан тұтқынға түскенде билермен бірге оны азат етуге атсалысқан Бұқар жырау. Сонымен бірге, хан мен батырлар арасында алауыздық, түсініспеушілік болған кезде Бұқар жырау, Үмбетей сынды жыраулар ішкі тәртіпті, тұрақтылықты реттеп отырған тұлғалар, –деді тарихшы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Талапкер Уәлиев өзінің «Жыраулар – Ұлы даланың киелі тұлғалары» атты баяндамасында.

Бұқар жырау табиғатынан асыл жаратылған пенде болса керек. Қазақтың ғұлама тарихшысы Мәшһүр Жүсіп осы бабасы туралы «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың төзімі, Платонның ақылы керек» деп текке айтпаған. Бұқар тірлігі мен толғаулары – бір ғасырдың жарық айнасы, оның іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, ой-толғанысы ХVІІІ ғасырдағы қазақ тағдырымен біте қайнасқан, ажырамас дүние. Бұқар бейнесі жалғыз ғана ХVІІІ ғасыр емес, қазақ топырағында туған, дамыған, өркендеген ғұламалық мектептің, шешендік өнердің, әдеп-ғұрып, салт-сананың үйлесім тапқан жемісі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар