Қазақ халқының әдемі сөзі бар, «үш ұйықтасаң да, өңіңді қойып, түсіңе де де көрмейтін оқиға» дәл сондай жағдай, менің балалық шағым өткен, алғашқы еңбек жолымды бастаған ауылымда қуанышты жаңалық болды. Бұл жаңалық, менің атам – Смағұл, әкем – Шаяхметтің замандастарының, барлық мұсылман қауымының орындалмаған арманы еді…
Аллаға шүкір, бұл сауапты шаруа қазақ елінің егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекет болғанының арқасында орын алған жаңалық. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын деп тілеймін.
Алланың қалауымен, үшінші наурыз 2023 жылы, қасиетті жұма күні, салтанатты түрде мешітті ашу рәсімі өтті. Ашу салтанатын ажарландырған Ақмола облысының Бас имамы, өнегелі азамат, дін жанашыры Сәбитов Қуаныш Жұмабайұлының қатысуы және Атбасар, Есіл, Жарқайың, Жақсы аудандарының имамдарының шараға келуі еді.
Мешітті ашу рәсімінің лентасын қию, Қуаныш Жұмабайұлы және «Иман-агро» серіктестігінің басшысы Мирас Еңбекұлы Тәжетдиновке нәсіп етілді. Қазақы дәстүр бойынша, шашу шашылып, жиналған халық жердегі Алланың үйіне салауат айтып кіре бастады.
Менің жерлестеріме, келген қонақтарға бас имам Қуаныш Жұмабайұлы асыл дініміздің қағидалары мен ережелерін қарапайым тілмен түсіндіріп, «Иман-агро» серіктестігінің басшыларына Ақмола облысы халқының атынан сауапты, имандылық жолындағы істеріне алғысын жеткізді.
Жаңа мешітте, Ешім елді мекенінде, алғаш рет жамағат болып, сауабы мол Жұма намазы орындалды. Бұл қуанышты жаңалықтың екінші жағы жаңа мешітке, қазақ халқының соңғы ханы Кенесарының шаңырағына қолбала болып келіп, өсе келе хас батырларының біріне айналған, біздің баһадүр бабамыз – Баубек батырдың есімі берілуінде.
Атамыздың тікелей ұрпақтары Қайырбек пен Жанарбек бауырларымыз «Иман-агро» серіктестігі басшыларының иығына шапан жауып, игі істеріне алғыстарын білдірді. Қуанышқа жиналған халыққа шаруашылық асханасында ас беріліп, аруақтарға бағыштап құран аяттары оқылды.
Жиналған халықтың көңіл-күйі өте көтеріңкі болды, оған бірінші себеп: ол ежелгі Қима өңірінде отыз бір жылдан кейінгі салынған екінші мешіт болып отыр. Өкінішке орай, бір кездері дүрілдеген шаруашылықтың кері кетіп құлдырауы еді, заман талабына сай салынған өндіріс ғимараттарының орны да қалған жоқ. Шаруашылықты көптеген басшылар басқарып, талай инвесторлар иеленіп, тек қана өз пайдаларын ойлап, елімізді ойсыратып кетті. Талай жылдар тоқырауда болған ауылымда жақсылықтың лебі сезілгеніне қуанып, еңсем көтеріліп қалды.
Мешіттің құрылысы басталғанда «Иман-агро» серіктестігі басшыларының бірі Өмірсерік Ақышев деген азамат бұл мешітке Алла қаласа, Баубек батыр есімін береміз деп хабарлады. Менің Тарақты руынан тараған бабаларыма Баубек батыр ата қоныс жер бөліп берген екен, біз кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ оны ешқашан ұмытпаймыз деді.
Ешім елді мекені үлкен шаруашылық, қаржы жұмсайтын істер көп, бірақ, соған қарамай «Иман-агро» серіктестігі басшыларының мешіт салуға өз қаражаттарын жұмсауы құптарлық, сауапты, болашағы мол, қайырлы шаруа деп есептеймін. Баубек батырдың ұрпақтарының ішінде жасы үлкендерінің бірі болғандықтан, бұл сөзді естігенде көңілім көтеріліп, аруағыңнан айналайын баһадүр бабам, сіздің, елдің егемендігі үшін істеген жанқиярлық еңбегіңіз ақталды дедім қанаттанып.
Қазақ елінің «Сүйемдей жері үшін сүйегін сыртта қалдырған» өзіңдей батыр бабалардың еңбегінің арқасында ұрпақтарыңыз ұлт дәстүрін жаңартып, қасиетті Ислам дініне көңіл бөліп, ел қатарлы өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осы жаймашуақ күндеріміз мәңгілік болғай деп тілейміз.
Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ.
Астана қаласы.