Қазіргі заманымыздың дамып, өркениетті елдер қатарында бой көрсете басталғалы адамдарымыздың дем алып, денсаулықтарын жақсартуға жағдайлар жасалып жатқаны қуантады. Шет елдерді былай қойғанда, өз елімізде табиғаты сұлу жерлерде орналасқан сауықтыру-дем алу орындары да көз тартып, өзіне шақырғандай болады. Көп жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң әр адам жақсы демалуды ойлайды. Бұндай ой келгенде, бірден алысқа бармай-ақ, іргеде тұрған Бурабай еске түседі. Салыстырмалы түрде қарағанда, Бурабайдың бағасы әрине, қатты ойландырады. Тіпті, кейбір шет елдерге бұдан арзан бағамен баруға болады.
Мен Көкшетау қаласының зейнеткерімін. 40 жыл білім саласында еңбек етіп, енді қол босап, демалыс орындарына барып тұруға кет әрі емеспін. Әрине, бізде жеңілдетілген жолдама алу мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, шамама қарай үш күндік демалысқа Бурабайдағы Дисковери сауықтыру орталығына бардым. Орналасқан жері, тамағы, бөлмелері бәрі жоғары деңгейде. Демалыс кезі болғандықтан, ата-аналарымен бірге келген балалар да көп. Өзім сияқты Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген зейнеткерлер де жетерлік.
Алайда, жақсы көңілмен барып, қынжылып қайттық. Оған себеп, өз елімізде отырып, өз ана тілімізде ешқандай іс-шара өтпеді. Балаларға арналған ойын-сауықтар да орыс тілінде. Соңғы күні өтетін концерттік бағдарламада қазақ әндері болар деген үмітпен өзім шамалас демалушылармен асыға күтіп отырдық. Бір сағат бойы жүрген концертте ана тілімізде бір ән орындалмады. Тарс-тұрс еткен, еш мән-мағынасы жоқ басқа тілдегі әндер.
Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды. Қай елде отырғанымыз осы сауықтыру орнының қай мемлекетте орналасқаны, титулдық ұлт қазақтар екені неге ескерілмеген? Өз аумағындағы осындай сауықтыру орындарының немен тыныстап жатқанын, олардың мемлекеттік тілге мұрын шүйіріп қарайтынын, тіпті керек қылмайтынын бір уақ бақылауға алмай, аудандық әкімдік, оның ішкі саясаты, тіл бөлімі қайда қарап отыр? Неге демалушылар әртүрлі жастағы адамдар екені, олардың қазақ тілінде ән тыңдап, осы тілде іс-шаралар көргісі келетіні қаперге алынбайды?
Назым ЫҚЫЛАСОВА,
зейнеткер.
Көкшетау қаласы.