Кейкі батырдың шын есімі – Нұрмағанбет Көкембайұлы. Ол 1871-1922 жылдар аралығында өмір сүрген. 1916 жылы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы, атақты мерген Кейкі қазіргі Қостанай облысы, Амангелді ауданының Байтұма қопасында дүниеге келген. Кейкі мерген Орта жүздің құрамындағы Қыпшақ тайпасының, Құлан Қыпшақ руынан шыққан. Батырдың ұлы аталары Төрештің Торайғыры мен Жәукенің Сәбденбегі Кенесары көтерілісіне қатысқан жаужүрек батырлар.
Осыдан-ақ, батырлықтың арғы аталарынан үзілмей келе жатқан тектілігі аңғарылады. Мергеннің Кейкі аталу себебі, жасынан аң-құс аулап, кісілерге аса жұғыспай, кейкиіп жүргеніне байланысты болса керек. Ол шомбал денелі, каһарланса екі көзі қып-қызыл болып жанып кететін қайсар, Арқа, Торғай даласын жатқа білетін ержүрек, батыр адам болған. Сонымен қатар, қолынан құранын тастамаған, бес уақыт намазын оқыған, ғайбат сөз айтпаған, білімді, еліне сыйлы адам болғандығы айтылады. Кейкі батыр жасынан сол елдің алпауыты Рахмет болыстың малын қоритын, бетке ұстар жігіті болған.
Ел аузында Амангелді көз мерген болса, Кейкі қол мерген деген сөз тараған. Себебі, Кейкі мерген көздеген нысанасын аттың үстінен де, жаяу да атып түсіре берген. Амангелді қайда болса, мен сондамын дейтін Кейкі мерген сертіне берік, досына өте адал болыпты. 1916 жылы Торғайда ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда Амангелдіден әдейі іздеп барған. Кейкі батыр Әбдіғаппар ханның мергендер қолын басқарады, ал, Амангелді бас сардар болады. 1916 жылы Торғай, Доғал, Күйік, Батпаққара соғысына белсене араласады. Кейкі бастаған мергендер тобы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларды жазалауға келе жатқан отрядтың бастығы, полковник Тургеневтің әскерінің тас-талқанын шығарады.
Арқа даласын жақсы білген Кейкі батыр жауына алдырмай осылай күн кешті. Кейкі батырдың асқан мергендігін мына бір жағдай тағы да аңғартса керек. Бірде ата мекені Тастыға оралып келе жатқан Кейкінің құлағына шулаған дауыс естіледі. Жасырына қалып, аңдап қараса, ауылды тонап шығып келе жатқан Колчактың 18 әскері екен. Күтпеген жерден шыға келіп, бірден 5 ақтың әскерін атып түсіреді. Мылтығын қайтадан оқтап алып, арлы-бері шауып жүріп, 18-ін де жер жастандырады. Жауларының өлі денесін Тастының терең суына тастатып, тонаған мал-мүлкін, заттарын қайтарып, мылтықтарын олжалайды.
Кейін ақ патша билігі құлап, билік басына кедейлер үкіметі, қызылдар келеді. Әбдіғаппар хан, Амангелді сардар қызылдардың қолынан беймәлім жағдайда мерт болады. Осындай жағдайда қалған Кейкі батыр, өзі басқарған мергендер тобын таратып, елінде бейбіт өмір сүргісі келді. Бірақ, мергенді бәрібір жайына қоймайды. Қазақтың бір-бірін көре алмайтын әдеті тағы да алдынан шығады. Өзі сенген жаңа үкімет, шолақ белсенділер, артынан шам алып түседі. Осы кезде батырдың, «сары орыстың бәрі орыс» деген сөзі тараса керек. Ұлытаудың тау-тасын, үңгірін паналаған Кейкі мерген төрт жыл бойы қызылдарға алдырмайды. Енді қызылдар айлаға көшеді. Әліби Жангелдиннің атынан хат жазып, әскери комиссар, қазақша жетік білетін Токаревты бірнеше әскерімен жібереді. Оның сөзіне сеніп бірге келе жатқан батыр орысша білетін әйелі Ақжаннан өзін қамауға алып бара жатқанын сезіп қалады. Комиссар Токаревты серіктерімен өлтіріп, Кейкі мерген қашып құтылады. Сөйтіп, Жыланшық ауылында паналап жатқан батырды көре алмаған өз қандастары ұстап береді. 30 адаммен ұстауға келген отрядпен кескілескен атыс басталады. Кейкінің оғы аздау болса керек, қасында жүрген татар серігі, оғы біткен батырды артынан итеріп жібереді. Далаға шыға келген батырды қызылдар атып құлатады. Оқ тиіп жан тапсырған батырдың басын 7 рет кетпенмен шауып бөлек алады. Батырдың жары 19 жасар Ақжанды ішіндегі баласын жарып өлтіріп, інісі Шұбарды да бірге аяусыз өлтіреді. Кейкі батырдың басын Торғай қаласының орталық көшесіне 10 күн бойы ұзын сырыққа іліп қояды. Үкіметке қарсы шыққандардың көретін күндері осы деген ескертпелері ғой.
Одан кейін Кейкінің басы Қазақстан астанасы Орынборға, кейін Санкт-Петерборға жіберіледі.
Кейкі батыр, ақыл айтар ағасы, қамқоршы інілері бар бес ағайынды болған. Омар, Қоспан, Қосжан, Кейкі, Шұбар, көбі кейін «халық жауы» болып сотталса, солардан Қосжаннан ғана тұқым бар. Санкт-Петербургта тұрған Кейкі батырдың басын жазушылар Тұрсын Жұртбай, Думан Рамазан екеуі көріп қайтқан. Кунскамерада жатқан 20 мың бастың ішіндегі Кейкі батырдың басы 3383 болып нөмірленген. 2016 жылы 6 қазанда Қазақстан-Ресей үкіметінің келісімімен Кейкі батырдың басы елге қайтарылады. Қазақстан Республикасы Орталық музейінің директоры Нұрсай Әлімбай 2016 жылдың 12 қазанында Кейкінің басын Венгрияға антропологиялық сараптамаға жіберді. Мажарстанның антропология және этнография ғылыми институты бастың Кейкі батырдікі екендігін, қалпына келтіруге болатындығын хабарлады. Басын шауып алуы кезінде бастың оң жақ беті зақымдалғанын, 7 рет шабылғанын анықтады.
Тасты өзенінің бойында Арқалық қаласынан 65 шақырым жерде, Торғай қаласына баратын тас жолға жақын жерге, болашақ үшін, келер ұрпақ үшін жанын берген Кейкі батырдың басы аруланып жер қойнына беріліп, өзінің қаны төгілген Жалаушы жерінің топырағы әкелінді. Кейкі батырдың ұрпақтарының бірі Әбубәкір Қылышбайұлының салдырған бұл кесенесі 16 қырлы, биіктігі 15 метрге дейін жетеді. Кесене кәсіпкерлердің өз бастамаларымен жиналған 70 миллион теңге қаражатқа салыныпты. Кірпіштерін су орнына сиыр сүтінің сары суына езілген балшықпен қалаған тамаша кесене. Кесененің қасында келген туристерге арналып салынған 5 бөлмелі арнайы демалыс үйі бар. Ішкі-сыртқы құрылысы түгел аяқталған. Таяу арада жарықтандырылып, су тартылмақ. Болашақта бір бөлмесін мұражай, қалған бөлмелерін асхана, жатақхана, шырақшы тұратын бөлме ретінде жасақтау қолға алынып жатыр. Бұл кешенді кесене құрылысын Арқалық қаласынынң «Алюминстрой» фирмасы салыпты.
Осыған дейін Кейкі батыр туралы деректер толық қамтылмады. Тек қана Ақан Құрмановтың «Құланның ажалы» кітабы мен ақын Серік Тұрғынбектің «Кейкі батыр» поэмасы ғана жазылды. Енді келер ұрпақ батыр туралы толық мағлұмат ала алады. Жуырда Астана қаласының орталықтанған мұражайлар дирекциясының бөлім меңгерушісі Өмірбек Жұмағұлов ағамыздың ұйымдастыруымен бір топ қыпшақ азаматтары Кейкі батыр бабамыздың басына тағзым етіп, дұға бағыштау үшін сапарға шықтық. Астаналық азаматтар Өмірбек, Асылбек, Абылай, Бақыт, Айман және мені ағамыздың немерелері Әлтайыр, Әлинұр, екі автокөлікке мініп, арасында бой жазып дем алып алып, тоқтамастан 700 шақырымдай жол жүріп, кешкі 6-дан аса бере, Арқалық қаласынан 65 шақырым жердегі Кейкі батыр кесенесіне жеттік. Бұл тарихи экспедицияны ұйымдастырған Өмірбек ағамыз көп жылдар бойы еліміздің қасиетті жерлерін аралап, тәу етіп жүрген ұлтжанды азамат. Ұлытаудағы Жошы хан, Алаша хан, Қобыланды батыр кесенесін, Түркістан қаласы, Хакім Абай, Мәшһүр Жүсіп кесенелерін, тағы да басқа көптеген жерлерді аралап, насихаттаушы. Мақсатым Қазақстанның киелі жерлерін түгел аралап шығу, шет мемлекетті қайтемін, әуелі өз еліміздің төл тарихын біліп алайық, дейді ағамыз.
Біз кесене басына келгенімізде, шырақшы 3-4 шақырым жердегі ауылына кетіп қалған екен, есіктері жабық. Батырдың басына құран оқып, мекені Тасты ауылына бет алдық. Жол асфальт төселген, тегіс. Көп ұзамай ауылға жеткен соң аялдап, дем алатын үй іздеп, шеткі еңселі үйге бұрылдық. Жолымыздың болғанына қарай, ол бұрынғы кеңшар директоры Әділ Қабдрашов деген азаматтың үйі болып шықты. Қазіргі уақытта зейнетте, өзі басқарған шаруашылықты баласы қабылдап алып, жұмысын әрі қарай жалғастыруда екен. Бізді құшақ жая қарсы алған ел ағасы Әділ ақсақал, туыстарымыз келді деп жан-жаққа телефон шалды. Өздері салдырған қонақ үйден бізге орын дайындатып, жағдайымызды жасады. Ертеңгі жұмыс жоспарымызбен ақылдасқан біз, батырға құрбандық шалып, құран оқытпақ ниетіміз барын айттық. Құрбандыққа соятын қойымызды, бізбен бірге баратын шырақшыны таңертең ұйымдастыратынын айтып, Әділ ақсақал үйіне кетті. Ертеңгі күні сағат сегізге қарай мал өріске кетпей тұрып, бір қойды сойып, құрбандық шалып, етін таратқыздық. Сол күні мектеп оқушыларының Кейкі батыр құрметіне жылда өтетін марафонына демеуші болдық, Жәуке батырдың тікелей ұрпағы Мейрамхан имамның бастауымен Кейкі батыр кесенесіне келіп, басына тағзым етіп, дұға бағыштадық, суретке түстік. Әділ ақсақал өз ойымен бөлісіп, Қостанай облысының әкімі Ғұмар Ақсақаловпен келісіп, осы аймақты «Кейкі мерген» округі деп атауға күш салып жатқандарын жеткізді. Құжаттары дайын, тек облыс басшылығының келісімін алсақ дейді. Біздің байқағанымыз ауылдың үлкен-кішілері Кейкі мергенді өте құрметтеп, батырымыз деп аузынан тастамайды екен. Тек Жарқайың (Державинка) мен Арқалық қаласының арасындағы жол өте нашар, сын көтермейтін жағдайда, бірақ, жол жөндеу жұмысы басталыпты, ол да жөніне келер…
Арқалыққа бет алғаннан басталған ақ жауын, біз кеткенше толастамады. Осының барлығын жақсылыққа жорып, біздің бар жағдайымызды жасаған Әділ ақсақалға, Мейрамхан имамға, Тасты ауылының тұрғындарына шын көңілмен алғысымызды айтып, қимай қоштасып, Астанамызға оралдық
P.S. Бұл мақала Кейкі мергеннің қаза болғанына жүз жыл толуына арнап жазылды.
Серік АЛЛАЖАРҰЛЫ.
Атбасар-Арқалық-Астана