Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайнар бұлақ бітелсе, береке қашады  - АРҚА АЖАРЫ

Қайнар бұлақ бітелсе, береке қашады 

Биыл жаз ересен ыстық болып басталды. Әншейінде сулы-нулы делінетін Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген даласындағы жалпақ жұрт су тапшылығын қатты сезініп отыр.

Ұзақ жылдар бойы ауыз судың азабын шегіп келген Егіндікөл ауданындағы елдің қабырғасына батып отырған күрделі мәселе туралы бұрын жаздық. Тақырыпты тағы да тарататын болсақ, жалғыз Егіндікөл ауданы ғана емес, іргелес екі ауданның ондаған елді мекенінің тұрғындары да ауыз судың азабын тартып отырғандығын екпін түсіріп айта кетуге болады. Қорғалжын ауданы аумағындағы Сабынды көлінен бастау алатын, жалпы ұзындығы 330 шақырымды құрайтын су құбыры Қорғалжын, Егіндікөл, Атбасар аудандарының бірнеше ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етіп келген жалғыз су көзі. Бүгінде құбырдың жартысынан астамы тозып, шіріп кеткен. Сол себепті ондаған  ауылға қысы-жазы су жеткізу қаны шығып тұрған өзекті мәселеге айналған. Маусымның 2-сі күні Егіндікөл ауданындағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай да жарияланды. Мамандардың алдын ала есептеуіне қарағанда, құбыр бойындағы жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп атқарып шығу үшін 16 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет екен. Мұншалықты қаржы аудан немесе облыс бюджетінде болмағандықтан, ел түйткілдің түйінін Үкімет шешіп береді деп үміттенуде.

Таяуда Атбасар ауданындағы жалпақ жұрт күн қызуы шарықтап, әбден қызған кезде ауыз сусыз қалды. Тіпті, бір аптаға жуық уақыт бойы. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта сусыз отыру дегеннің не екенін түсіну үшін кенересі кепкен осы өңірде бірер күн тіршілік етіп көру керек шығар.

–«Атбасар су» мекемесінің кезекші бөліміне хабарлассақ, әзірге белгісіз деген жауап аламыз, – дейді аудан тұрғыны Қонысбай Есенбаев, – тіпті жағдайдыңқашан түзелетіндігін айтып бере алмайды. Су таситын көліктер де тапшы.

Атбасар аудандық әкімдігі су тапшылығын реттеу бағытында жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары тәулік бойы жұмыс істеп жатқандығын жеткізген болатын.

–Бұл мәселе бойынша таратып айтатұғын болсақ, қалаға су беретін 12 ұңғыма үзіліссіз жұмыс істеп тұрғандығын тілге тиек етуге болады, – дейді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер, – жазда күн тым ыстық болғандықтан, тұрғындардың судың тұтыну көлемі ұлғайып отыр. Құбыр бойындағы су тапшы болуы себепті көп қабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаттарына суды жеткізуге қысым жетіспейді. Сондықтан, қуатты сорғылар орнатып, резервуарлардағы су қорын молайту мақсатында ауыз су үзіліспен, сағаттап берілетін болды. Кемшілікті түзету үшін қосымша екі ұңғыма қазу көзделіп отыр.

Атбасардағы ахуал осындай болғанда өңірдегі көрікті, су айдындары мол зеренділіктер де су тапшылығын сезінуде. Аудан орталығында апта бойы су берілмей қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, бұған дейін де бірнеше мәрте үзіліс болған. Нағыз ыстық өршіп, апшыны қуырып тұрған кезде су жинақтайтын резервуарлар қаңсып бос тұрған. Тұрғындардың айтуына қарағанда, маңызды мәселе жөндеу жұмыстарына байланысты емес, осы салада жұмыс істейтін білікті мамандар тапшы. Сондықтан, жағдайдың бірден түзеліп кетуі де қиын.

Соқталы жайттың себебіне үңілсек, кездейсоқ оқиғалар да кеселді қоюлата түсетін сыңайлы. Мәселен аудандағы серіктестіктің механизаторы ұңғымалар мен сорғыларды электр қуатымен қамтамасыз ететін бағананы кездейсоқ соғып, құлатып кеткен. Оқыс оқиғаның салдарынан су жинақтайтын мұнараларға нәр жетпей қалған. Оқиғаның салдары жойылып, жөнге келтірілгенімен, құбыр бойындағы қысым аз. Қысым болмаған соң елді мекенді толық қамтамасыз ету  қиындай бермек.

Дәл осындай жағдай Біржан сал ауданының Макинка елді мекенінде де орын алды. Тұрғындар апталап ауыз сусыз отырды. «Степняк су» коммуналдық кәсіпорны қысылтаяң кезде қиындықпен күресуге дәрменсіздік танытты. Тіпті, ауыз суды тасымалдауды ұйымдастыру барысына да өкпе айтушылар көп. Су желілерінің техникалық жай-күйін анықтау кезінде апатты жағдайдың орын алып отырғандығы анықталған. Селоның су желілерін жаңғырту үшін қазіргі күні жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Аудандық әкімдіктің мәліметіне қарағанда, содан кейін барып өтінім берілмек. Оған шейін тозығы жеткен құбырдың қауметі елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей тұр. Маусымның 4-і күні жарылған құбыр жамап-жасқағанымен, арада бірер күн өткен соң қайта жарылған.

Шалғайдағы елді мекендер былай тұрсын, су тапшылығы облыс орталығында да бой көрсетуде. Қаланың іргесіндегі Жайлау, Бірлік шағын аудандары су құбырынан ажыратылып, бірнеше тәулік бойы ауыз су берілмей қалды. Кейін жарты сағаттап қана су берілген. Жайлау шағын ауданы апталап сусыз отырды. «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны басшылығы халық суды шамадан тыс көп пайдалануда деген уәж айтады.

Негізгі себеп, біздіңше бар шаруаны байыптап, істі тыңғылықты атқармағандықтан. Мәселен, осы орайдағы атқарылуға тиісті шаруаны тендерден жеңіп алған компаниялар қаражат бөлінгенімен, өз жұмыстарын атқарғанда жауапкершілік танытпаған. Осындай себеппен оннан астам елді мекендегі су құбырларының жұмысы атқарылу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткенімен, аяқталмаған. Оның бірқатары қазір сотта қаралуда.

Өңірде тұрғындар былай тұрсын, малсақ қауым да бағымдағы түліктерін суара алмай, аңтарылып отыр. Бұрынғы Көкшетау облысы әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшырамай тұрған кезде 1500 көл, 107 өзен болған екен. Осынау баға жеткізгісіз байлық есебіндегі көгілдір қазынадан екі жүзге жетер-жетпес көл мен тоқсанның төңірегіндегі өзен ғана қалыпты. Өзеннің көбі көктемде арнасына толғанымен, жаз шыға тайызданып, тоқтап қалатын өзекшеге айналған. Сулы-нулы өңірдегі түпсіз терең қайнарлар мен мөлдір сулы бұлақтар да ғайып болған. Осыдан кейін жалпақ жонда су тапшылығы пайда болды. Көкшетау төңірегі таулы-тасты болып келгенімен, бұрғы салған жерден ішуге жарамды су шыға бермейді. Өңірдің орталығы мен батыс бағытында шағын өзен мен бұлақ бастаулары ұшырасқанымен, солтүстік шығыс аймақта жерүсті су көздері сирек кездеседі. Барының өзі тұзы бетіне шығып жатқан сортаң. Жерасты су қоймаларының су құрамы біршама сапалы. Бірақ, оны іздеп табу жұмысы бүгінгі күні жеткілікті жүргізіліп жатқан жоқ. Даладағы су көздері бітелгеннен кейін мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауымға ауыртпалық түсуде.

–Біздің Тастыөзек ауылы Приозерный селолық округіне қарайды, – дейді жергілікті шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қойкенов, – мал басы баршылық. Әйтсе де, жаз шыға ең басты қиындық мал суару болып тұр. Округ аумағында көлдері болғанымен, айналасы егін. Мал аяғы жете алатын жерде емес. Ауыл шаруашылығы құрылымдары егін еккен кезде табиғи су жолдарын жауып тастаған. Соның салдарынан бір кезде шалқып жататын томарлар, шағын көлшіктер құрғап кетті. Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, Тастыөзектің төңірегі бұлқынып аққан бұлақтарға толы болыпты. Қазір соның бірі жоқ. Ауылда су айдайтынескі құрылғы бар. Бұрын суы жетпіс метр тереңдіктен шығатын, қазір жақын маңда электр қуаты болмағандықтан, қуатты су сорғыға қолымыз жетпегендіктен суға жарымай отырмыз. Су тапшылығы ең алдымен ауыл  тұрғындарының бірден бір күнкөріс көзі – мал бағуға кесірін тигізіп тұр.

Алдағы уақытта өңірдің экологиясына айрықша назар аудару керек. Су тапшылығы жалғыз біздің өңірде ғана емес, күллі әлемнің бас ауруына айналып келеді. Ендеше, барымызды бағалай білетін уақыт жеткен  тәрізді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар