Бұқаралық спортты дамыту басым бағытқа ие болып отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс» деген болатын.

Өңірде бұқаралық спортқа ден қойып, ықылас білдірушілердің саны уақыт өткен сайын көбейіп келе жатыр. Дәлел ретінде мына бір деректі келтіре кетелік. Мәселен, 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын халықтың саны 2,5 пайызға көбейген.  Бұл тарапта балалар мен жасөспірімдерді қамту жайы да көңіл көншітерліктей. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, балалар мен жасөспірімдер клубтарында спортпен шұғылданатындардың көрсеткіші 13 пайызға ұлғайған.

Бүгінгі таңда өңірде дене шынықтыру және спорт саласында 2481 адам жұмыс істейді. Бір жақсысы, жалпақ жұртты спортқа баулып, дене шынықтыру мәселесін тынбай насихаттап, саланың серпін алуына қомақты үлес қосатын 1351 адам ауылдық жерде игілікті іске ұйытқы болып жүр. Олардың басым бөлігі білім ошақтарында, колледждерде еңбек етуде. Ауылдық округтерде 229 нұсқаушы оңды шаруаның орайын келтіріп, ұлт денсаулығын бекемдеуге қызмет етуде.

Ендігі бір мәселе, осыншама халық бұқаралық спортпен қай жерде айналысады деген сауал төңірегінде болмақ. Соңғы жылдары бұқаралық спорт түрлерін дамытуға мейлінше қолайлы жағдай тудырылуда. Уақыт өткен сайын спорт ғимараттары жаңадан салынып, бұрынғылары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыру үстінде. Мәселен, өткен жылы 67 спорт ғимараты пайдалануға берілді. Көңілге қуаныш ұялататыны, өңірдегі 2589 ғимараттың 1777-сі ауылдық жерде орналасқан. Үстіміздегі жылы Ерейментау қаласында барлық талапқа жауап беретін, бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Бұл іске мемлекет қана емес, жергілікті жердегі ел қамын ойлайтын қалталы азаматтар да қал-хадірінше көмек көрсетуде. Айталық, Атбасар ауданындағы Шуйское ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл  тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты оқиға болды. Ал, жергілікті бюджет есебінен Щучинск қаласында тамаша спорт сарайы салынды. Бүгінгі күні Есіл қаласында да дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бұрыннан бар дүниені ұқсатып пайдалану да маңызды. Мәселен, Ақкөл ауданындағы Новорыбин спорт залына күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылындағы стадионға, Шортанды ауданының «Қайнар» спорттық-сауықтыру кешеніне, Егіндікөл ауылындағы орталық стадионның қоршауына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бар шаруа тап-тұйнақтай етіп атқарылды. Қазір бұл ғимараттар құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жұтынып тұр. Спорт ғимараттары сәулетті болғандықтан да, осындай мүмкіндік туғызылған орындарға келетін адамдардың қатары уақыт өткен сайын үдей түсуде. Мұның  тағы бір себебі, қазір адамдар да өз денсаулықтарына көбірек көңіл бөліп, салауатты өмір салтын ұстана бастады. Осы аталған істердің бәрін аудан, ауыл тұрғындары үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық деп қабылдауымыз керек. Алдағы уақытта Бурабай, Бұланды аудандарындағы бірқатар спорт кешендеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазір атқарылуға тиісті жұмыс екшеліп, құжаттары дайындалуда.

Ел ішіндегі спорт ғимараттарын салуға немесе жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының септігі тиіп тұрғандығын екпін түсіріп айта кетсек те болады. Айталық, Сандықтау ауданындағы Балкашин елді мекеніндегі стадион осы бағдарламаның арқасында қайта жаңғырды. Жақсы ауданындағы спорт кешенінің құрылысы да шарапаты мол осы бағдарламаның арқасында қолға алынған.

Өткен жылы облыстық бюджеттен 10 ауданның 46 спорт нысанын салуға қаражат бөлінді. Бөлінген қаражат тиімді игерілуде. Тағы бір айта кетерлігі, өңір тұрғындарының бос уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулықтарын нығайтуға мол мүмкіндік туғызып отырылғандығын және сол мүмкіндікке жергілікті бюджет есебінен қыруар қаржы бөлінгендігін айта кетуге болады. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 63 спорт алаңы мен 7 хоккей корты жабдықталды. Биыл да осы бағыттағы игілікті іс сәтімен сабақталуда. 31 жасөспірімдер спорт клубы, 6 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубының жұмысы жүргізілуде. Бұл ұжымдарда 8341 адам бұқаралық спортпен айналысады.

Жанға жағымды жаңалықтарды тілге тиек еткенде мүмкіндігі шектеулі адамдардың бұқаралық спортпен айналысуына біршама жақсы жағдай туғызылып отырғандығын айта кетуіміз керек. Өңірде «Мерген» спорт клубы жұмыс істейді. Клубта спорттың 14 түрі бойынша жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі адамдар жеңіл атлетика, үстел теннисі, армрестлинг, жүзу, тоғызқұмалақ, шахмат тәрізді спорт түрлерімен шұғылдануда. Клубқа тіпті аудандардан келіп қатысатын да спортшылар бар. Осы бір мысалдың өзі мүмкіндігі шектеулі адамдардың бұқаралық спортқа деген құштарлығын көрсетеді емес пе?!Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі адамдарды көбірек қамтып, олардың бұқаралық спортқа құлшынысын арттыру барысында қыруар шаруа атқарылуда. Қазір өңірде 1891 мүмкіндігі шектеулі адам спортпен айналысады.

Бар жұмысты саралай келе салауатты өмір салтын үзбей насихаттау қажеттігіне көз жеткізіп отырмыз. Бұл орайда  да, айта қаларлықтай іс бар. Мәселен, ауыл тұрғындары арасында 27569 адам қатысқан 763 іс-шара өткізілді. Осындай шаралардың барысында бұқаралық спорттың тиімділігі туралы, оның адам денсаулығына игі әсері жөнінде нақты өмірден алынған мысалдармен көмкерілген әсерлі әңгімелер айтылуда.

Сала мамандары бұқаралық спорт жалпы жетістіктерді дамытудың берік іргетасы екендігін жақсы біледі. Сондықтан да, алдымен жас толқынға жіті назар аударылуда. Өңірде спорт резервін даярлауды 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жүзеге асыруда. Олардың төртеуі Олимпиадалық резерв мәртебесіне ие. Бұл тараптағы ауқымды жұмысты сәл таратып айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, спорт мектептерінде спорттың 57 түрі бойынша дайындық жүргізілуде. Оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне айрықша назар аударылуда.

Қазіргі таңда облыста кәсіби спорт саласын дамытуға да көңіл аударылуда. Бұл салада шайбалы хоккейден, футболдан және баскетболдан 6 команда өнер көрсетуде. Әртүрлі спорт салалары бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының сапында 357 спортшы облыс намысын қорғауда. Өңір спортшылары өткен жылы халықаралық және республикалық жарыстарда өнер көрсетіп, жерлестерін қуанышқа бөледі. Бұл арада бірер  мысал келтіре кетсек те артық болмас. Мәселен, ХХІҮ қысқы Олимпиада ойындарында ақмолалық төрт спортшы спорттың екі түрі бойынша байрақты бәсекеге қатысты. Бурабайлық спортшылар Евгений Величко, Валерия Тюленева, Бұланды ауданының өкілі Надежда Степашкинашаңғы спортынан, Сандықтау ауданының тұрғыны Александр Мухин биатлоннан бақ сынасты. Бейжіңдегі ХІІІ қысқы Паралимпиада ойындарына бурабайлық спортшы Денис Петренко қатысып, эстафеталық жарыста алтыншы орынға ие болды. Әлем және Азия чемпионаттарында облысымыздың спортшылары 45 медаль иеленді. Олардың арасынан 2022 жылғы Түркияда өткен бокстан әлем чемпионатына қатысқан Карина Ибрагимова мен Дина Жоламан қола жүлдегер атанса, Елизавета Синельникова грепплингтен әлем чемпионы болды. Азия чемпионаттарында биатлоншылар Вадим Куралес пен Данил Червенко күміс жүлдеге ие болса, Элизабет Гринберг велоспорттан дәл осындай көрсеткішке қол жеткізді. Паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт  түрлері бойынша біздің өңірдің спортшылары халықаралық жарыстарда 16 медальға ие болды.

Қол жеткізген табыстар айтарлықтай. Оның барлығын жіпке тізгендей етіп айтып шығу әсте мүмкін емес. Ендігі орайда, міндеттер туралы да айта кетелік. Алдағы уақытта халықты дене шынықтыру және спортпен үзбей айналысуға көбірек тарту межеленіп отыр. Жақсы, Бурабай аудандарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтау қажет. Қосшы қаласында, Краснояр селосында, Бестөбе елді мекенінде де жаңа спорт ғимараттары салынбақ. Сондай-ақ, халықтың игілігіне жаратылып отырған заманауи спорт алаңдарының желісі кеңейтіле түспек. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы спорт секцияларында шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің санын ұлғайту межеленуде.

Бұқаралық спортты дамыту – ол ең алдымен, ұлт денсаулығын нығайту. Ал, елдің саулығы – жаңарған, жасарған мемлекеттің басты байлығы.

Әсет БҮКІБАЕВ,
Ақмола облыстық дене шынықтыру және
 спорт басқармасының басшысы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар