«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ел игілігі үшін 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді.

Ел ішінде қолтығымыздан демесе, дем беріп жебесе нарық айдынында судағы балықтай еркін жүзіп кетер едік деген сөз жиі айтылады. Әрине, дүние құралу үшін оң жамбасына келетін іс бастау үшін де алғашқы қаражаттың ауадай керек екендігі белгілі. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Мәнді мұрат жүзеге асуы үшін ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарына 1,2 миллиард теңге көлемінде несие берілгелі отыр. Шынтуайтында беріліп те жатыр. Үстіміздегі жылдың маусым айының соңында «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік тұрақтандыру қорымен шарт жасасқан. Өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Бар талапты саралай келе, ауыл тұрғындарының жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндігі бар. Күні бүгінге дейін жалпы көлемі 872 миллион теңге болатын несиеге 139 өтінім берілген. 56 талапкердің өтініштері қанағаттандырылыпты. Әрқилы себеппен 11 өтініш берушінің құжаттары кейін қайтарылған. Қазір олар кем-кетігін толықтырып, заңдастыруда.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, 250 адам несие алып жұмысын бастаған кезде жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Тәуекел етуден тайсалғандар үшін ол да несібе. Орташа несие көлемі 4,8 миллион теңгені құрайды. Өңірдің әрбір ауданында несие алушылардың құжаттамаларын іріктеп, дайындауды қолға алып отырған жұмыс топтары құрылған.

Осы арада ел еңсесін тіктеуге ықпалы тиетін бағдарламаға қатысушыларға берілетін несие шартын айта кетсек, артықтығы болмас. Ең бастысы, сыйақы мөлшерлемесінің жылдық көлемі 2,5 пайыздан аспайды. Несиені өтеу мерзімі бес жыл. Бірақ, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатындарға жеті жылға дейін беріледі. Шағын несиенің ең жоғары көлемі 8,6 миллион теңге. Әрине, кепіл болуы қажет.

Бұл жобаға ауыл және шағын қала тұрғындары, оның ішінде жұмыссыздар, зейнетке жасы толмаған, бұрынғы жұмысынан қысқартылған жұмыскерлер өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдар немесе ісін жаңа бастауға бел буған кәсіпкерлер қатыса алады.

Бүгінгі бет алысын таразы басына тартсаңыз, жеңілдетілген несие беру бағдарламасын жұртшылық жақсы қабылдап отыр. Әсіресе, Атбасар, Жақсы, Аршалы, Біржан сал аудандарында ынта білдірушілер көп. Қолына қаражат тигендер мал, құс шаруашылығымен айналыса алады. Сондай-ақ, картоп пен көкөніс өсіреміз десеңіздер еріктеріңіз. Тіпті қаражаты жетіп жатса, қажетті техника мен құрал-жабдықтар да алуға болады. Бизнестің басқа түрлерін де дамытамын деп алға ұмтылсаңыз еркіңіз білсін.

Өтінім білдірушілердің ынтасын сараласақ, мал шаруашылығын дамытуға ниет білдірушілер көп. Оның ішінде сүтті бағытты қолайлы көріп отырғандар да бар. Күні бүгінге дейін бірнеше кәсіпкер ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алыпты. Тіпті, бір адам жеке шағын балабақша ашуға ниет еткен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл адамдарына нәпақа тауып беруге септігін тигізетін бағдарлама қыркүйек айында аяқталады деп отыр. Демек, бұрын құлақтанбаған адамдар жедел қимылдап қалулары керек. Бір жақсысы, ниет білдірушілер көп болатын болса, қосымша қаражат та бөлінетін сыңайлы.

Енді осы арада мал бағу мәселесіне тоқтала кетелік. Біздің өңірде жайылым мен шабындық мәселесі ушығып тұр. Басқарма басшысының орынбасарының айтуына қарағанда, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан агроқұрылымдармен меморандумдар жасалуы мүмкін. Ел қамын ойлаған азаматтар жұмысын жаңа бастағандарға жайылым және шабындықпен көмектесулері қажет. Айтпақшы, несиенің 20 пайызын мал азығын сатып алуға жұмсауға болады екен.

Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, кәсіпкерлер өздерінің әл-ауқатын арттырумен бірге елдің ақ дастарханын адал аспен толтырар еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар