Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Белгілі Бекеновтер белгісіз... - АРҚА АЖАРЫ

Белгілі Бекеновтер белгісіз…

Ақмола өңірінде 19201950 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер ІІМ арнайы архивінің Ақпараттық-аналитикалық орталығында сақталған.

Олардың мәліметіне сүйенсек, Ақмола облысы бойынша 6 090 адам қуғынға ұшыраса, 5 661-і ақталған. Ал 429-ы әлі ақталмаған. Қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» атанып, атылып кеткендердің қатарында Бекеновтер әулеті  де бар. 

Жүніс Бекенов – Солтүстік Қазақстан об­лысы (бұрынғы Чкалов ауданы) Көк­ше­тау ауданы Қарағаш ауылының тумасы. Қа­рапайым шаруа, өмірінің көбі жал­шы­лықта өткен. Кішкентайынан Қызыл­жар­дың бай-шонжары Майсовқа жалданып, өмір сүрген. Байлардың отымен кіріп, кү­лі­мен шыққан шаруаның ең үлкен бай­лығы – балалары еді.

Үлкен ұлы Сүлеке Бекенов – қанды реп­рессияның құрбаны. Ол да ағалары сияқ­ты еңбекке ерте араласты. Жастайы­нан әкесінің жанында жүріп, тұрмыстың ауыртпалығын бір кісідей сезіп өсті. Ең­бекқор, бейнетқор баланың қиындықта шың­далып өспеуге құқы жоқ еді. Қарағаш ауылының дамуына ерекше үлес қосқан жан­ның бірі. Сол кездегі Қарағанды облысы Көкшетау ауданы басшыларының берген сенім хаты бойынша ол Аймақ ауылдық Кеңесіне қарасты «Қарағаш» колхозының жерге орналастыру мәселелері бойынша  өкілетті өкілі болып бекітіледі. Архивтен Сүлеке Бекенов ту­ра­лы мынадай деректер таптық. Құжат­та: «Аймақ ауылдық Кеңе­сі­ніңҚара-АғашСелько артеліндегі жолдас Беке­нов­тің ауызша мәлімдемесіне сәйкес, сіздер көр­шілес «Тапшыл» колхозына 700 гектарға жуық жер учаскесін нақты жер пай­да­лану­дың бір бөлігін жобалап жатырсыздар, бұған Қара-Ағаш өкілі қарсылық біл­діру­де. Сонымен қатар, мұнда Қара-Ағаш про­це­сі көрсетілген, бұл жобаны жүзеге асыру кезінде олардан жалғыз суару шұңқыры ке­теді, ал, екінші колхоздың үй орталығы ше­караларға жақын болмайды, бұл бо­ла­шақта бірқатар түсінбеушіліктерге әке­леді. Жобаларды құрастыру кезінде мұндай кем­­шіліктерден аулақ болу керек» делін­ген.

Оның аты-жөні «Коммунистік Тер­рор құрбандарын еске алу» кі­та­бына енген: «1888 жылы туған, Солтүстік Қа­зақстан облысы Көкшетау ауданы, Қа­­­­рағаш колхозында туғаны жазылады. Бі­лімі – орташа, қызметі – колхозшы. Ту­ған жері – Ақмола облысы, Зеренді ау­да­ны, Қарағаш ауылы. Тұтқынға алынған кү­ні – 03.09.1937. Ұстаған – Көкшетау ау­дандық НВКД-сі. Сотталған күні – 26.11.1937. Үкім – ату жазасы» деп жазыл­ған. Сүлеке Бекенов 1963 жылдың 28 жел­­­­тоқ­санында ақталған. «Қылмыс құра­мы бол­мауы себебінен ақталды» деп жазы­ла­ды. Осы бір жапырақ қағаздан басқа Сү­ле­ке туралы ақпараттар жоқтың қасы. Не­ге сотталды, неден жазықты атанды, не­нің құрбаны? Белгісіз… Миллиондаған құр­бандықтардың қатарында тағы бір жан аты­лып кете барды. Сүлеке Жүнісұлының кі­нәсі бар ма деген азамат болған жоқ. Ар­хив құжаттарындағы бірнеше беттік қа­ғаз ғана жанын алуға себепкер болды. Ел жауларын ұстау үшін құрылған қара «құз­ғын» НКВД үшін қара танығанның бә­рі жау еді. Тарихшы ғалымдар «бірнеше жыл­ға созылған репрессия 1934 жылғы 1 жел­тоқсанда Саясибюро мүшесі және ВКП(б) ОК хатшысы, Лениградтық об­ком­ның бас хатшысы С.Кировтың атып өл­тірілуінен басталды» деп жазады. Ки­ров­тің өлімі Сталинге өзінің қарсыластары мен халыққа қарсы күш қолдануға мүм­кін­дік берді. Енді оған қарсы оппозиция өкіл­дері және саяси қызметтен кеткен тұл­ғалардың барлығы дерлік тұтқындалды. Зия­лыларды жаудай қырған бұл зұлмат Сү­леке Бекеновті де жұлып кетті.

Жүністің екінші ұлы – Елжас Бекенов. Ол қазақ совет әдебиетінің көрнекті тұл­ға­сы, әдебиетке өзіндік үлесін қосқан тұл­ға. Ол 1922-1924 жылдары Орынборда жұ­мысшы факультетінде оқыған. 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде әде­би қызметкер, 1929-1931 жылдары Пет­ропавл округтік «Кеңес ауылы» газе­тін­де редактордың орынбасары, кейін ре­дак­торы болады. 1931-1933 жылдары «Ауыл коммунисі» журналында редак­тор­дың орынбасары, одан әрі Мәскеу қызыл профессура институтын бітіріп, 1933-1935 жылдары Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы, 1935-1936 жылдары Сол­түстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» га­зетінің редакторы, 1936-1938 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сі жанындағы Мемлекеттік құпияны бас­пасөзде сақтау жөніндегі бас басқар­ма­ның басшысы болып қызмет атқарған.

Ол, яғни, Елжас Бекенов – Смағұл Сәдуа­қасұлының сенімді серігі болған. Бұл туралы журналист Тілекқабыл Боран­ға­лиұлы зерттеу мақалалар жариялаған. Бір суреттің тарихына қатысты «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тағы да Смағұлдың жігіттері» атты мақаласында: «Екінші қатарда сол жақтан екінші отырған Елжас Жүнісұлы Бекенов. Сәкен мен Сәбиттің сенімді серігі. 1925 жылдың қаңтары мен 1926 жылдың 15 қарашасына дейінгі аралықта «Еңбекші қазақта» тілші, партия-кәсіподақ бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Кейіннен «Ауыл ком­мунисі» журналы редакторының орын­басары, «Екпінді құрылыс» газетінің ре­дак­торы болды. Жауапты қызметтер ат­қарып, көркем шығармашылықпен ай­на­лысып жүрген кемелді шағында 1938 жыл­дың құйынында кетті. Қатар жүрген замандастарының қолға алуымен 1977 жылы «Жазушы» баспасынан қаламгердің «Дала қоңырауы» атты әңгімелер жинағы жарық көрді» деп жазады.

«Бидің жауыздығы» атты ең алғашқы әң­гі­месі «Қызыл Қазақстан» журналында жа­рияланған. Кейінірек осы журналда «Ұлт­шыл» атты әңгімесі мен өлеңдері жа­рық көреді. Одан бөлек, «Жәмила қалай сауат­­ты болды», «Жаңа сәуле», «Біздің ең­­бек», «Жаңа жол бойында» атты әңгіме­лері мен повестері бар. Бекеновтің шы­ғар­малары Азамат соғысы, коллективтендіру кезеңіне, Түрксіб темір жол құрылысшы­лары­на арналған. 1935 жылы «Ұлттық қоз­ғалыс және ұлттық әдебиет» атты ең­бе­гі жарық көреді.

Сәкен Сейфуллин өзінің «Көкшетау» поэмасын бірқатар ақын-жазушыларға ар­наған, оның қатарында Елжас Бекенов­тің де есімі бар.

Бекенов сын еңбектер де жазған. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ш.Иманбаеваның же­келеген шығармаларын талдап, пікір біл­дірген. 1936 жылы шыққан «Ұлт қоз­ға­лы­сы және ұлтшылдық әдебиет» атты ғы­лыми-сын еңбегі – осының дәлелі. 1938 жыл­дың қырғыны болмағанда, Елжас Бе­кеновтің қазақ әдебиетіне қосар үлесі зор бо­лар еді. Оның қаламынан әдеби сын зерт­теулер, көркем дүниелер туар еді.

Ұзақ жылдардан кейін Елжас Бе­ке­новке Көкшетауда көше аты бе­ріл­ді. 2004 жылы Көкшетау қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен ше­ші­­­мімен Застанционный поселкесіндегі Абай көшесінің атауы қаланың бас көшесіне ауыстырылуына байланысты ол көше Елжас Бекеновтыңатына ие бол­ды. «Орнында бар оңалар» деген – осы, кейін ұлы Болат Бекенов әкесінің жо­лын жалғастырып, 2003 жылы «Құмыр­с­қаның көлеңкесі» атты кітабы шықты.

Кәкім Бекенов – ортаншы ұл. Кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс бай­ларына және дәулетті адамдарға жал­данып, жұмыс істеп ер жетеді. Көзін тыр­нап ашқаннан жоқшылық тауқыметін тарт­қан бала Кәкім де ауқатты байлардың үйін­де жалшылықта болған. Бірақ бала кезі­нен бейнетқор, сергек сезімді бала тұр­мыс ауыртпалығының астында басты­ры­лып қалған жоқ. Ол өз бетімен талпы­нып, ауыл молдасынан хат таниды. 1915 жы­лы ауылға келген алғашқы мұғалім Са­быр Шәкіровтен дәріс алады. Қазан төң­керісінен кейін өз қолы өз аузына же­тіп, еңбекке араласа бастайды. Алғашқы құ­рылыс жұмысына, яғни Көкшетау – Қы­зылжар жол құрылысына қатысты. Бұл – 1922 жыл болатын. 1928 жылы олар «Қа­­­рағаш» колхозына бірігіп, алғаш рет ар­тель құрады. Оның төрағасы ретінде Кә­кімді бекітеді. Артельге он отбасы қо­сы­лып, бірге жұмыс істей бастайды. Мұ­ның бәрі кешегі кедей шаруалар еді. Көк­темгі егіс науқанына қажетті құрал-жаб­дық­ты өкімет өзі қамтамасыз етеді. Ал­ғаш­қы егіннен мол өнім жинап алады. Бір жыл ішін­де кедей шаруалардың тұрмысы тү­зе­ліп, дәулеті арта бастады. Шағын артель кеңейіп, 50 әулетке жетті.

1925 жылдың шілдесінде аймаққа ақын Сә­кен Сейфуллин келді. Елге белгілі ре­волю­ционер ақынның келетіні туралы ақ­пардан аймақтағылар хабардар болатын. Ол жылдары аудан орталығы Аймақ ауы­лын­да орналасқан. Аймақтағылармен емен-жарқын әңгімелескен ақын ауыл­да­ғы ағайынның береке-бірлігіне тәнті боп, жас төрағаның жұмысын жоғары баға­лай­ды.

Бұл уақыт – бай мен кедейдің тар­ты­сы жүріп жатқан кезең. Шаруаға жер жетпейді, байлар өз нәсібінен айы­рыл­ғысы келмейді. Шонжарлардың иелі­гін­­дегі аймақты кедейлерге бөліп беру үшін біраз айтыс-тартыс болады. Сол ке­зең­­ді көзбен көрген Әшім Ақтайлақов кейін өз естелігінде: «Талай шешен адам­дар­­ды көріп едім, Сәкен Сейфуллиндей бі­­­лім­ді, білгір адамды бірінші тыңдадым» деп жазады. Сол жолы Кәкім Бекенов Сей­фуллиннің сенімді серігіне айналып, ол айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орын­дап, көңілінен шығады. Сәкен жас жі­гітт­ің арқасынан қағып, қанаттандырып қай­тады.

1929 жылдан бастап Қосшы одағының төрағасы, Аймақ ауылдық Кеңесінің төрағасы, «Тапшыл» колхозының басқарма басшысы, Баратай ауылдық Кеңесінің төрағасы, Бұлақ МТС-і директорының саяси бөлім бойынша орынбасары сияқты түрлі басшылық қызметтерді атқарған ол, 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына ат­та­нып, совет әскері қатарында сұрапыл со­ғыстың да дәмін татты. Бір әулеттің ор­­­таншы ұлы Кәкім туралы жылы есте­лік­тер өте көп. Қарапайым, еңбекқор, әділ, шын­шыл азаматты айналасы да ерекше қа­дір тұтты.

Кәкім аға одан кейін де талай жауапты жұмыстарды атқарды. Өз ісін терең меңгерген жігіт Қарағаш, Тапшыл секілді ауылдардың негізін қалады. Елдегі ағайын да Кәкім Бекеновті құрметтеп, өздеріне дос, сенімді серік санаған.

Жүністің ең кенже ұлы Кәрім Бекенов те қара жаяу болмаған. Ол 1898 жылы дү­ниеге келіпті. Көкшетауда мектеп бітіріп, Ал­матыдағы педагогика институтын тә­ма­м­даған. Қазақ педагогикалық инсти­ту­тында аспирантурада оқи жүріп, Қазақ ме­­­дицина институтында қазақ тілінен дә­ріс оқиды. «Қазақ тіліндегі сөзжасамның анық­тамалық категориясы мен синтак­сис­тік тәсілі» атты диссертация тақырыбын бе­кітеді. Диссертациясын Ленинградта (Санкт-Петерборда) қорғаған. Оның тұр­ған үйі де белгілі: Добролюбов даңғылы, 6/2 үй, 142 пәтерде тұрды. 1937 жылы дис­сер­тациясын сәтті қорғап, филология ғы­лымдарының кандидаты аталады.

Кәрім Бекенов Мұхамеджан Қаратай, Хамза Есенжанов, Ағыбай Ордабаевпен жақ­сы жолдас болған. Ағыбай мен Кәрім Ле­нинградта бірге оқыған. Сол кездері оқу-ағарту саласында қызмет істеген қа­зақ­тың көрнекті мемлекет, қоғам қайрат­кер­лері Сейтқали Меңдешов, Темірбек Жүр­генов, қазақ тілінің теориялық негізін салу­шы профессор Құдайберген Жұба­нов­тың назарына іліккен бір топ талантты қа­зақ жастары Ленинград қаласындағы университет аспирантурасына жіберіледі. Олардың қатарында: Тайыр Жароков, жазу­шы Хамза Есенжанов, академик Мұ­ха­меджан Қаратаев, профессор Мәулен Балақаев пен Белгібай Шалабаев, Кәрім Бе­кенов пен Ордабай Ағыбаев та болған. Кәрім мен Ордабай 1937 жылы аспи­ран­тураны үздік бітіріп, сол жылы канди­дат­тық диссертациясын қорғайды. Кәрімнің ғы­лыми жетекшісі Александр Константи­но­вич Боровков болған. Ол 1904 жылдың 16 наурызында Ташкентте дүниеге келген. Тіл білімін терең меңгерген ұстаздан дәріс ал­ған шәкірт диссертациясын да сәтті қор­ғап шығады.

Кезінде Ленинград университеті Кәрім Бе­кенов, Ордабай Ағыбаев пен М.Бала­қаев­­тың жұмысына қатысты мынадай пі­­кір берген екен. «Осы жылдар ішінде олар­­дың білім алуға деген құлшыныстары ар­тып, көкжиектері кеңейген. Ағыбаев пен Бекеновтің дайындығы жаман емес. Жыл соңында, жалпы тіл білімі мен жалпы фонетикадан курс алып, тілге қатысты сауалдарды жіктеп, жіліктей алатын бол­ды. Қазақ тіліне қатысты зерттеу тақы­рып­тарын да өздері таңдап, терминологияны да меңгеріп шықты. Әлі де болса орыс тілін мең­геру үшін көп жұмыс істеу қажет» дей оты­рып, олардың жұмысына 4 деген баға қой­ғанын айтады. Кәрім Жүнісұлының дис­сертация жұмысының көшірмесі, мінез­деме, шолу, пікірлердің дені Санкт-Пе­тербор Мемлекеттік университетінің ар­хивінде сақталған. Ол құжаттардың кө­шірмесі ғана қолға тиді. Ал негізгі жазбалар сон­да қалып қойған.

Қуғын-сүргін басталған 1937 жылдың дүр­белеңі Кәрім Бекеновтен айналып өт­педі. Сол жылдың 17 сәуірінде Ленинградта тұт­қындалады. НКВД-нің үштігінің қау­лы­сы бойынша тұтқынға алынып, атылып кет­ті. Айып – «Алашордашылардың бел­сен­ді тобының басшысы» болғаны…

Дереккөздерге сүйенсек, Ленинград қа­ласы мен өңірлерінде тұрған, 1937-1940 жылдары репрессияға ұшыра­ған тұлғалардың дені Ленинградтағы Лева­шов поселкесінде жерленген деседі.

Жалпы, зұлмат жылдардың, әсіресе реп­рессия іс-әрекеттерін айғақтайтын құ­жаттарға көптің қолы әлі жеткен жоқ. Бұл туралы қанша жазылып, айтылып жат­са да, толық зерттеліп-зерделенбеді. Ақ­таңдақтарды ашуға ешкім асығып отыр­маған секілді. Тарихи құжаттар толық елге оралған жоқ. Бекеновтің бірі Ленинградта, бірі Көкшетау өңірінде атылса, енді бірінің қайда қуғындалғаны белгісіз. Ешқандай дерек жоқ.

Атаусыз кеткен аталарының жоқтау­шысы болып жүрген бір жан бар: ол – се­натор Талғат Жүнісов. Бекеновтер әулеті ту­ралы деректер мен дәйектерді іздеп, ар­хив құжаттарын ақтарып жүрген де жал­ғыз өзі. «Тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деген осы шығар. Талғат Тұрлыбекұлы – қазір Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жә­не ғылым комитетінің мүшесі.  Әділетті Қа­зақстан қоғамын құруға белсене атса­лысып келе жатқан азамат.

Талғат Тұрлыбекұлы 1963 жылдың 3 шіл­десінде қазіргі Солтүстік Қазақстан об­­лысы Тайынша ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Көкшетау Ауыл шаруашылығы институтын инженер-ме­ханик, «Фемида» заң академиясын заңгер ма­мандығы бойынша бітірген. Техника ғы­лымдарының докторы, академик. Шо­қан Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­ле­кеттік университетінде ассистент, доцент, ауыл шаруашылығы институты ди­ректорының орынбасары, сырттай оқытатын бөлімшенің деканы, проректор лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен. Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарған. 2002-2008 жылдар ара­лығында Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің про­ректоры, 2008-2012 жылдары Рудный ин­дустриалдық институтының ректоры, 2012-2014 жылдары Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры болып қызмет атқарды. «Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орта­лы­ғы» ҰАО Басқарма төрағасының орын­ба­сары болды. Ақмола облыстық білім бас­қар­масының басшысы, Ақмола облыстық мәслихат төрағасы болып еңбек еткен.

Кезінде тоталитарлық билік жүр­гіз­ген зор­лық-зомбылық науқандары мен саяси қуғын-сүргіндер қасіреті бұл әу­лет­ті айналып өтпеген. Көптеген құжат мем­лекеттік архивтерде қатталып жатқаны бар­шамызға мәлім. Сол архивтерді жаңа­дан парақтап, құпия сандықтарды ақтару қажет-ақ. Бір ғана Бекеновтер әулеті ғана емес, сондай-ақ жазықсыз сотталып, «ит­жек­кенге» айдалған, қылмысы дәлелден­бе­се де, «халық жауына» айналып, атылған, оқ­қа ұшқан талай азаматтың қасіретті тағ­дыры туралы деректерді тауып, тарихи әділ­дікті қалпына келтіргенді жөн деп біле­міз.

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

(«Айқын» газеті, 18 қараша 2023 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар