Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от…

1986 жылдың 16 желтоқсаны қазақ халқы үшін қасіретті, әрі қасиетті күн!  Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларында болған бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан  күн болды.

Қазір қазақтың тарихы ұлттық көзқараста жаңаша жазылуы керек деген талап қойылып, ұлттық тұрғыдан бағалау қолға алынып жатқанда, Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өткізіп, біз естіген, олар куә болған оқиғаның мұраты мен мәні жайлы салихалы сұхбат өрбітудің, өскелең ұрпаққа берер ғибраты мол.

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.

Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп.

…Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы,
Даңқын ешкім, бүркей алмас. Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы, –

деп кезінде көрнекті ақынымыз Мұхтар Шаханов жырлағанындай, біздің рухани ордамызда Желтоқсан оқиғасына қатысқан ағаларымыз Қайрат Өтегенұлы Базкенов, Сайранбек Ағзамұлы Қарабатыровпен кездесу кеш ұйымдастырылды.

Шараға Краснояр ауылының жалпы білім беретін мектептерінің шәкірттері, ұстаздары, кітапхана оқырмандары қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Желтоқсан оқиғасы жайлы жазылған еңбектермен танысты.

Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшенді?! –

деп ақын Қалқаман Сарин жырлағанындай, Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын-қыстау, қилы жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз!

Гүлжанар Бодаубай,
Краснояр қалалық үлгілі  кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар