Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңір тарихы әрі қарай бойлауды қажет етеді - АРҚА АЖАРЫ

Өңір тарихы әрі қарай бойлауды қажет етеді

Достық үйінде Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйтқы болуының арқасында  ұлт, тіл, тарих жанашырлары, ғалымдар мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Көкшетау өңірінің тарихы: негізгі кезеңдері және тұлғалары» атты республикалық конференция өткізілді. Шара барысында қатысушылар киелі туған өлкеміздің тарихына байланысты тың деректер мен зерттеу, еңбектердің куәсі болып, мол рухани азық алды.

Алқалы жиынды тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев модераторлық етіп, алғы сөзімен ашты. Әрі қарай, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сөз алып, өңір басшысы Марат Ахметжановтың құттықтау лебізін жеткізіп, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, конференция барысында танымдық тың деректермен қамтылған көптеген баяндамалар жасалды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акамдемиясының академигі, алаштанушы Дихан Қамзабекұлының құттықтау сөзінде өңірдің жалпы тарихы мен жиырмасыншы ғасырдағы Алаш орда үкіметінің құрылуына атсалысқан интелегенция өкілдерінің қатарында өңірімізден шыққан Смағұл Сәдуақасов, Айдархан Тұрлыбаев, тағы басқа да алашордашылар аталып, мәліметтер берілді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақовтың «Көкшетау және Ботай мәдениетінің мұрасы – заманның рухани байланысы» атты баяндамасында, осыдан 5 мың жыл бұрын алғаш жылқыны қолға үйреткен Ботай мәдениеті туралы тарихи деректер зерделенді.

Оған қоса, Қазақ білім академиясының академигі, профессор Бүркітбай Аяған өзінің «Топонимдер мен гидронимдер. Солтүстік Қазақстан: тарихы, қайнар көздері және зерттеу принциптері» атты баяндамасында өңірлік географиялық атаулардың хронологиясына тоқталып, ономастикалық дәлелдемелер негізінде өңірдің көне, тарихи атауларының тізімдерін атап өтті.  Және де модератор Жамбыл Артықбаев «Көкше өңірінің ортағасырлық тарихы: саяси-экономикалық дамуы, хан ордалары мен сауда жолдары» атты баяндамасында Сақ, Ғұн, Түрік, дешті Қыпшақ, Моңғол империясы мен ұлық ұлыс – Алтын Орда, кейінгі төрт ғасыр билік құрған Қазақ хандығының тұсындағы Көкше өңіріндегі маңызды орындармен сауда-қатынас жолдары болған тарихи мекендердің географиялық орындарын карта арқылы көрсетіп, жұртшылыққа қызықты әрі тың деректерді  жеткізсе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов «Солтүстік Қазақстан және Абылай хан тың деректер негізінде» және Ақмола облысы тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері, тарихшы-ғалым Бибігүл Бейсенбайқызы «Хан ордасы – Көкшетау»  атты баяндамаларында қазақ хандарының бірегей тұлғасы, үш жүздің басын қосқан Абылай кезеңіндегі хан ордасы болған Көкшетау өңірінің хатталып сақталған деректері мен тарихи тағылымдарын жиналғандар назарына ұсынды. Соңғы болып баяндама жасаған мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Жасұлан Үкеев «Көкше өңірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеу тарихынан» тақырыбында зерттелген, зерттеуді қажет ететін неше ғасырлардың айғағы болатын ескерткіштердің облысымызда көп екенін археологиялық зерттеу барысындағы нәтижелері арқылы делелдеп берді. Жасалған баяндамалардан түйетініміз, Көкшетау қаласының тарихын жаңа тұрғыдан зерттеп, мың жылдық тарих аясында қарастыру қажет. Себебі, оған дәлел өңіріміздегі тарихи ескерткіш, балбал тас, кесене, қорым, қамал, ескі хан ордалары мен көне жәдігерлер, киелі орындар. Сонау заманды қазбай-ақ, 18-ғасырда хан Абылайдың орда тіккенін есептесек те, үш жүз жылға жуықтайды. Сондықтан да, Көкшетау туралы жазба деректердің негізінде 1000 жылдықтан астам тарихы бар деп айта аламыз.

Сонымен бірге, республикалық конференция төңірегінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта атап өтілетін қаламыздың 200 жылдығында Көкше өңірінің терең тарихын халқымызға жеткізуіміз, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек деген пікірлерін білдірді. Конференцияны қорытындылай келе, Түркістан – Қазақстанның киелі орталығы, рухани жүрегі болса, Көкше өңірі де  Абылай хан тұрғанда маңызды шешімдер қабылданып, ата-бабамыздың саяси біріккен орнына айналған деп нық сеніммен айта аламыз. Біз жай ғана ел емеспіз. Біз мәңгілік тарихқа, мәдениетке, өркениетке аяқ басқан мемлекетпіз. Тәуелсіздік біз үшін қымбат ұғым. Бұл жолда сан мыңдаған ата-баларымыз жанын берген.

Аталған жиынның мақсаты да өңір тарихының 200 жылмен шектеліп қалмайтынын, одан бұрын да бұл өңірде қазақ атты ұлы елдің хандық құрып, төрткүл дүниемен байланыс орнатқанын, көптеген мәдениет пен өркениеттің бастауы болғанын шегелеп көрсету болған еді. Кез келген ұлттың ұлт болып сақталып қалуы тілі мен тарихына тікелей байланысты. Кеңестік идеологияның салдарынан тарихи даталарымыз 200-300 жылдан аспай келеді. Тәңірдің берген бақыты Тәуелсіздік таңында сол өткен олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік ашылды. Бүгінгі жиын арқылы ұлттық идеологияны жүзеге асыратын Ішкі саясат басқармасы танымал ғалымдардың басын қосып, үлкен жұмысты бастап отырғаны белгілі. Бұл жайлы өз сөзінде Алмас Аянұлы тілге тиек етіп өтті. Тереңде жатқан тарихымызды ғалымдар, тарихшылар, күллі ел болып түгендеуге, зерттеулермен бос беттерінің орнын толтыруға ат салысуымыз керек.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар