Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Малдың жаз жайылымы жайлы болмаған соң... - АРҚА АЖАРЫ

Малдың жаз жайылымы жайлы болмаған соң…

Елге пайдасы тиетін кез-келген кәсіп құрметке ие. Жаздың аптабына күйіп, қыстың суығына тоңып, ақ қар, көк мұзда Қамбар атаның соңынан құтты құрығын сүйретіп жүретін жылқышының еңбегі тіпті ересен.

Қабырғалары ырсиған, жамбас сүйегі шодырайған құла жабағының шашасынан қан сорғалап тұр. Жіліншігінің жұқа терісі көк мұзды қаусатып, тебіндеген соң жыртылып кеткен тәрізді. Әдетте жылқы малы желге маңдайын төсеп оттайды. Жілігінің майы қашқан құла жабағы ыққа бет бұрыпты. Сіңірлі, бойы жатаған болғанымен, қайыңның безіндей мықты құла айғыр үй орнындай жерді болат тұяқтарымен боршалап аршып тастады. Күзгі өліқаудың қарсақтың құйрығындай бұлаңдаған сұлбасы көрінген. Құла айғыр жабағыны омырауымен ықтырып, отқа ұмсындыра жылжытқандай көрінді. Әлгі суретті көргенде, жүрегімнің елжіреп кеткені. Әншейінде біз түйсіксіз санайтын мал екеш мал да бір-біріне қамқор, жанашыр екен ғой. Ал, адамдар ше?!

Жылқышы Темірбек Ғалымов төртінші сыныпта оқып жүргенінде-ақ ат жалын тартып мінген. Неге екенін өзі де айта алмайды. Әйтеуір, ішкі бір сезімнің төрт түлік малға үйір қылып қойғаны. Жамбыл ауылы шоқ жұлдыздай ғана шағын елді мекен. Бала Темірбек төртінші сыныптан бастап бұзау бақты. Кәдімгідей табыс табады. Өз айтуына қарағанда, әкесі Жасұлан механизатор болып еңбек етіп 75 рубль алса, бала Темірбектің табысы 120-ға жеткен. Сегізінші сыныптан бастап еркін күреспен айналысқан ол аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысыпты. Күрес өнері қарағайдың қарсы біткен бұтағындай шынықтырып, шыңдай түсті. Облыс орталығында да жұмыс істеп көрген. Әуелі құрылыста, сосын жүргізуші. Көкірегіндегі ауылға деген сарытап сағыныш ауық-ауық бас көтеріп, жүрегі май ішкендей кілкитін. Бірде қара жолдың бойында құлындап қалған биеге кезікті. Шаранасы кеппеген құлыншақты құшақтап алып, қауіпсіздеу жерге апарған. Түр-тұлғасы бөтен адамнан құлынын қызғанған қарагер бие оқырана жер тарпиды. Кішкентай құлыншақты иіскеген кезде мың сан гүл, көкорай шалғын көмкерген ғажайып даланың өзіне ғана тән хош иісі мұрнын жарып жібергендей болды. Қаланың кілкіген шаңы бітеген көкірегі шайдай  ашылғандай. Келесі күні күркілдек көлігін тапсырып, ауылға жол тартқан. Содан бері әлденеше жыл қолына құрық ілген жылқышы.

– Биылғы қыстың беті қорқынышты. Әдетте қазақ бөрінің атын айтпай, қандыауыз дейді емес пе? Жұт деген сөзді айтсам жамандық шақырғандай боламын, – дейді Темірбек Жасұланұлы, – ел ырыздығын айырып отырған жылқыға нәубет төнген жыл болып тұр.

Айтса айтқандай, ала жаздай аспаннан нәр тамбады. Шөп көтерілмей қалды. Қоңыр күзде, қыстың басында жауыннан көз ашпадық. Қазір жайылымның бәрі көк мұз. Жылқы жүдеу. Құлын тастағандары, жабағысы көтерем болғандары санап тауысқысыз. Қонысбай ауылында екі табын жылқы бар. Бірінші табында 400 басқа жуық болса, үш жүзге дейін мал иелері ұстап, қораларына қамап алған. Амалсыздан.  Мал азығы жоқтары алдымен Аллаға, сосын жылқышыға тапсырып қарап отыр. Іргедегі Дөңгілағаш ауылында 600-ге жуық жылқы бар. Краснояр селосында 400-ге жуық жылқы өреді. Тәмам жылқы бағылатын жайылым тоқымдай ғана. Оған бірнеше ауылдың сиыры мен қойын қоссаңыз, жайылымның неліктен тозып кеткенін түсінер едіңіз. Осы ауылдардың төңірегінде егін егетін серіктестіктер елдің төрт түлік малымен күн көріп отырғанын ескермей, табалдырыққа дейін жыртып тастаған.

Жылқышы Темірбектің алдындағы 350-ге жуық жылқы әзірге реңді. Осы арада қиын-қыстаудан алып шығатын жылқышының тәжірибесі, мал жайын жақсы білетін зеректігі екендігін көңілге бір түйіп қойдық. Біздің өңірдегі жылқышылар әр басқа 4-5 мың теңгеден ақы алады. Халықтың жем-шөпсіз отырғанын көрген кейбіреулер бағу ақысын алты мыңға көтеріпті. Азығы болмаған соң малыңды үйіңе әкеліп баға алмайсың. Амалсыздан жылқышыға жалынады. Ал,ол болса ұнатпасаңдар өздерің бағып алыңдар деп кергиді. Темірбектің бағасы иманжүзді. Әр басына үш мың теңге ғана. Оның өзін жаңа жылдан кейін көтерген. Әйтпесе, осы уақытқа дейін 2500 теңгеге бағып келіпті.

– Жер тозып кетті, – дейді жылқышы Темірбек, – екпе шөп егу керек. Жайылым жаңартатын жер жоқ. Ілкідегі қазақ бәрін күн ілгері есептеп, таразы басына тартып отырған ғой. Жазғы жайлауы, қысқы қыстауы, күздігі дегендей. Абай атамыз «…ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» демей ме. Бізде қазір ол жағдай жоқ. Қысы-жазы ат арқасындай жерде иіріп баға береміз. Шабындық жер де тапшы. Қазір шөпті ит арқасы қияндағы Солтүстік Қазақстан облысынан тасып жатырмыз. Сабанды да. Кешегі кеңес заманында алқапта аткөпір болып шашылып жататын сабанның үш келілік бумасы бес мың теңге тұрады. Менің бір түсінбейтінім, біздің өңірдегі егістік алқаптардың бәрі жып-жылмағай. Ал, көрші облыстардың алқаптарында сабан сіресіп тұр. Шөптің шамамен жүз келілік бумасы 16 мың теңге. Тасымалдау құнын қоссаңыз, 18 мың теңгеге шығады. Оның өзінде де су тиіп қарайған шөп. Қазір таңдайтын шама жоқ, қолға тигенін аламыз. Жергілікті әкімдік көлікпен көмектесеміз деп еді. Ол да болмай тұр. Әйтеуір, 700 литр дизель отынын берді. Оған да тәубе.

Жылқының күйін кетіріп тұрған бір жай, қамап бағу. Өңірдегі бар жылқышы осындай әдіске көшкен. Түнде жайып, күндіз қамап тастайды. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта, тар шарбақтың ішінде әлдісі әлсізін теуіп, тілін тістеп қаңтарылып тұрған соң күй жинай алмайды. Егін орағы аяқталған соң ғана шідері шешілмек. Ол уақытта қыс түсіп кетеді. Жілігіне май жинамаған түлік қысты көтере алмайды. Әсіресе, тай-жабағы.

– Жылқы түлігін асылдандыру керек. Өзіміздің табиғатымызға етене жақын қазақы жылқыға жететін мал жоқ, – дейді жылқышы, – төңіректегі ауылдар Орловтың  ұзын сирақ желісті жылқысын, орыстың ауыр жүк тартатын ет жеңді малын әкеліп жатыр. Тіпті, башқұрттың жылқысын да жеткізді. Бірі де көңілімнен шықпады. Шоқтығы биік, алғаш көргенде еңселі, бойы көз тартатын бұл жылқылар қытымыр қыста тебіндеп шыға алмайды.

Өзі жыл аралатып айғыр жаңартып отырады екен. Тәжірибелі жылқышы әлдебір ауылда айғыр сатылады деп естісе, ішер асын жерге қойып, жеткенше асығады. Бірақ, бірден ала салмайды. Қорада қамаулы тұрған айғырдың қасиетін қайдан білесің. Бауырынан өрбіген жабағысын көреді, тайының тісіне үңіледі. Айғырдың да айғыры бар. Заты жылқы болғанымен, үйір ұстамайтындары да кезігуі мүмкін. Бұл жерде де жылқының тілін білетін қабілет болуы шарт. Айғырды жылқышының өзі барып таңдайды екен. Төрт айғыр алыпты. Әрбір бес жыл сайын ауыстырып отырады. Төлі жап-жақсы.

– Жылқымен бірге өріп, бірге жусаған соң мінез-құлқын жақсы білеміз. Түнгі он екінің шамасында қалың жылқы жусайды. Таңғы төртке дейін тырп етпейді. Міне, сол кезде көз шырымын алып аламын. Қалған уақытта боран-шашын ба, аяз ба, табыннан көз жазып қалуға болмайды. Біздің ел Көкшетау-Петропавл бағытындағы күре жолдың бойында. Жүргізушілер тым қатты жүреді. Бүгін де көрші табынның бір биесін соғып кетті. Әрине, мал қараусыз болмауы керек. Бірақ, аяқты малдың бармайтын жері жоқ. Әсіресе, биылғы жылы қуаңшылық болған соң жол жиегіндегі ойпаңға өскен шөпке құмар.

Қысы-жазы жылқыны қамамай, еркін баққандықтан, шығын жоқ. Мал жайын бір кісідей білеміз деген бізге де тосын жайларды айтып, таңырқатты. Айталық, тәмам жылқыны терлетпеу керек екен. Жылқышылар алпыс-жетпіс шақырымнан қалың жылқыны қотанға қуып әкеледі. Қазіргінің жылқышысы атқа емес, моторлы көлікке, шанаға мінеді. Жер танабын қуырып ақ қар, көк мұзда танаулап жеткен тәмам жылқы қара терге түседі. Жылқының жүдейтіні де, желіндеген биенің құлын тастауы да көп ретте содан. Алдындағы малға абай. Сақау шыққанын, ұры тістің пайда болғандығын бірден біледі. Өзі емдейді. Құдірет жетпейтін тағы бір ауру бар, ол белгісіз дерт. Ауыл төңірегінде қиыршық тас өндіретін төрт-бес өндіріс орны күні-түні ғасырлар бойы мызғымай тұрған қатпар-қатпар жартасты жарылғыш затпен қопарып жатыр. Өндіріс орындарының қалдық суы көктемгі қызыл сумен ағып келіп, Шағалалы өзеніне құйылады. Мал содан су ішеді. Қалдық судың құрамында қандай індеттің қалқып жүргені бір жаратқанға ғана аян. Кейде жылқының іші кеуіп, теңселіп тұрып, зәрін шығара алмай қиналып құлайды екен. Мұндай оқиға талай рет орын алса да, мал дәрігерлері жабулы қазанды жабулы күйінде ұстап отыр.

Биыл күзде нөсер жауыннан кейін қылқиып көк шығыпты. Ел қуанған. Көк шөп жеген жылқы күйлі болады дескен. Табиғаттың ау-жайын болжап отыратын Хайдар ағасы Темірбекке қуанбай-ақ қой депті. Бұл жақсылықтың белгісі емес. Шынында да шөптің шығып, көктің көтерілетін өз уақыты бар ғой. Ырғағынан жаңылған ырық бермейді-ау. Жылқыға деген махаббаты қолына құрық ұстатқан, өз міндетіне темірдей берік Темірбек алдындағы малын жүдетпей, ел алғысына бөленіп жүр. Маған осыдан артық құрметтің керегі жоқ дейді өзі.

Екіндінің кезінде теріскейден жел соғып, боран көтеріле бастаған. Ақ түтек қардың ішінде қарына құрық ілген жылқышы кетіп барады. Алдында бір қауым елдің ырысы, қызыл қарын жас баланың несібесі.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар