Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына35 жыл толып отыр. 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталған Ауған соғысы 9 жыл 10 айға созылып, мыңдаған адамның өмірін қиып, қаншама қайғы-қасірет әкелгені белгілі.
Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлер мен боздақтардың ерлігі әлі күнге дейін ел жадынан өшкен емес. Өшпейді де. Кеңес Одағы басшылығының«интерноционалдық борышын өтеу керек» деген ұранының салдарынан енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жеріне жол тартты. Жастарымыз атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді. Ауған соғысының еліміз үшін орны толмас қайғы-қасірет әкелгені,қанша отбасын қайғылы хабармен есеңгіретіп, қанша сарбаздың жүрегінде мәңгілік жара болып қалғаны белгілі. Қаншама жанның хабарсыз кеткені жайлы әлі де айтылар аңыз бен ақиқат жетерлік. Ал, туған елге қайтқан азаматтардың шамамен үштен бірі мүгедек болып, контузиямен оралды. Отқа оранған он жыл тарих бетінде осындай қайғылы күндерменжазылған еді.
Уақыт өтсе де ерлік ескірмей, оларға тағзым ету біздердің, болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс болып қалып отыр. Ауған жеріндегі жауынгерлердің ерен ерлігін еске алу мақсатында Бірлік үлгілі кітапханасы «Ауған тауларының жаңғырығы» атты тарихи сағат өткізді. Бұл іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері, подполковник Жанатай Қожахметұлы Құсайынов, Гүлнәр Дәуренбекқызы Мақышева және №22 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қатысты. Оқушылар ардагерлерге арнап әсем ән шырқап, тәтті күй тартып, көңілдерін көтерді. Ардагерлер әсерлі әңгімелерімен адам жанын тебірентіп, сонау жылдардағы отты майданнан құнды мәліметтер келтірді. Ағалардың әңгімелері оқушылардың санасына патриоттық сезім ұялатып, бейбіт өмірдің бағасын ұғындырып, Отан тыныштығын қорғау әр азаматтың парызы екенін ұқтырды.Осындай патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі. Жылдар өткенімен, жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Бүгінде біздер, бейбіт елдің азаматтары еліміздің сол соғысқа қатысқан жауынгерлерін құрмет тұтуға міндеттіміз. Ерлік соны айғақтайды.
Өрік ҚҰДАЙДЕРГЕНОВА,
Бірлік үлгілі кітапханасының кітапханашысы.
Көкшетау қаласы.