Ақмола облысының 589 елді мекенінің 237-сі «4G» байланысымен қамтылған. Осылайша, өңірлердің 47 пайызы жоғары сапалы интернетке қолжетімді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Рапиков мәлімдеді. Сондай-ақ, мүлде интернет қосылмаған және желілік сапасы өте төмен 138 елді мекен анықталған. Ал, орташа жылдамдықтағы «2G» желісі 451, «3G» желісі 206 елді мекенге қолжетімді болып отыр.
– Бізде интернет байланысының екі түрлі технологиясы қолданылатын. Мыс сымдары арқылы бөлінетін технологиялық желімен 311 елді мекен, талшықты оптикамен байланыс жасайтын желілік технологиямен 257 өңір қосылған. Айта кету керек, 50 немесе 100 тұрғыны бар шағын әрі шалғай ауылдарға талшықты оптикалық желіні тарту, орнату қымбат болады. Соған сай, тұрғындарға берілетін интернеттің ай сайынғы абоненттік төлемі де қымбат болып кетеді. Сол себепті, қазіргі таңда «Қазақтелеком» ол ауылдарға заманауи старлинк, спутник қатарлы технологиялық интернет байланысын қосу үшін жұмыс істеп жатыр. Ондай елді мекендердің саны бүкіл елді мекендер санының 15 пайызын құрайды, – деп түсіндірді басқарма басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, брифинг барысында өңірдегі байланыс және интернет желісінің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Онда, ағымдағы жылдың аяғына дейін пилоттық жоба шеңберінде шалғай елді мекендердегі 270 мектепке, орташа жылдамдығы секундына 150-200 мегабитт болатын «Старлинк» интернет желісін қосу жоспарланған.
– Қазір бұл жоба мақұлдау үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қаралып жатыр, заң қабылданса, орнату жұмыстары екінші тоқсанда басталады. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы 30мыңдай оқушының онлайн білім алу платформаларына, ютуб желісіне, тағы басқа да мүмкіндіктерге қолжетімділігі артатын болады, – деп сенім білдірді Бауыржан Серікбайұлы.
Сонымен бірге, аталған көлемді жобалардың бірі Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2023 жылы 27 қазанда қол қойылып, Үкімет Қаулысымен бекітілген «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы. Жоба аясында әр облыста Жол карталары дайындалып, оны жүзеге асыру барысында 230 ауылдық елдімекенге талшықты оптикалық интернет желісін орнату жоспарланып отыр. Мұнымен биыл 33 елді мекенді, келесі жылы 98 елді мекенді қамту көзделген. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде секундына 100 мегабитт болатын кең жолақты интернетпен қамту болып табылады. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға Үкіметтен 1,5 триллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.