Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағы да жолдар туралы - АРҚА АЖАРЫ

Тағы да жолдар туралы

Өкінішке орай, бізде жоғары сапалы автомобиль жолдары әлі де аз. Олардың жалпы ұзындығы жақсы жағдайда соңғы төрт жылда еліміз бойынша әрі кеткенде үш мың шақырымға, оның өзінде негізінен, республикалық трассалар есебінен ғана өсті.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

 Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында ел Президенті барлық бағыттар бойынша, оның ішінде жол саласын дамыту бойынша таяу болашақтағы өзекті міндеттерді белгіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

–Осы саладағы барлық жұмыс процестері бір мақсатқа бағынуға тиіс. Қазақстандық жолдар, республикалық немесе жергілікті маңызы бар болсын, сапалы болуға тиіс. Әзірге бұл байқалмайды, – деп атап көрсетті.

Әсіресе, ауыл тұрғындары халықпен кездесулерде біздің жолдарымыздың сапасына үнемі шағымданады. Сондықтан, Ақмола облысының бірқатар аудандарының тұрғындары мен мәслихат депутаттарының бірнеше рет жасаған өтініштері Қазақстан Республикасының Үкіметіне депутаттық сауал салуға себеп болды.

Менің ойымша, ешкімді сапалы және заманауи автожолдардың біздің еліміз үшін орасан зор, стратегиялық маңызы бар екеніне сендірудің қажеті жоқ. Олар инвестицияларды тартуға және экспортты ұлғайтуға ықпал етеді, іргелес аумақтардың әлеуетін ашуға көмектеседі, бүкіл ұлттық экономикаға және адамдардың өмір сүру сапасына оң әсер ететіні мәлім.

Бүгінгі таңда нормативтік талаптарға толық сәйкес келетін республикалық жолдар 92 пайызды құрайды. Айта кету керек, мысалы,
2018 жылы олар әлдеқайда аз, 80 пайыздан сәл астам ғана болды. Яғни, атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу және күтіп ұстау бойынша біз жақсы, елеулі динамиканы байқаймыз. Сонымен қатар, жекелеген өңірлердегі облыстық маңызы бар жолдардың үлесі бұрынғысынша, өкінішке орай, тіпті 60 пайызға жетпейді.

Жасыратыны жоқ, отандық үлкен проблемалардың бірі бұл конкурстық рәсімдер шеңберінде жол жұмыстарының бағасын анықтау тәртібі. Бұл кейіннен автомобиль жолдарын салу мен жөндеу құнының дұрыстығына тікелей әсер етеді. Шетелдік мердігерлер битум, асфальт, асфальтбетон, қиыршық тас және басқа материалдардың бағасын әдейі төмендетіп, конкурсқа жиі шығады. Содан кейін отандық компаниялар мұндай мердігерлерден бас тартуға немесе «демпингке», яғни қызметтердің бағасын жасанды түрде төмендетуге мәжбүр. Осының салдарынан жолдарды жөндеудің төмен сапасы және жоспарланған жол құрылыстарының орындалу кестесінің бұзылуы орын алады.

Осыған байланысты салалық және мүдделі ведомстволардың қалыптасқан диспозициясына тағы да назар аударғым келеді. Олар қазірдің өзінде осы саладағы барлық проблемалық мәселелерді қолға алуы тиіс.

Сонымен қатар, бұл жағдай жаңа емес, өзекті мәселе ретінде бірнеше рет және әртүрлі деңгейлерде қаралып, соның ішінде менің әріптестерім депутаттармен де көтерілуі жалғаса түсуде.

Өздеріңіз білетіндей, жол қозғалысы қауіпсіздігі көбінесе жолдардың сапалы орналасуына, аялдамалардың, жаяу жүргіншілер өткелдерінің болуына байланысты. Оның ішінде маңызды компонент – автомобиль жолдарын жарықтандыру.

Алайда, республикалық маңызы бар қалалардан, облыс орталықтарынан тыс көптеген жол учаскелерінде жол жарығы жоқ. Бұл жерде тек дамымаған инфрақұрылым ғана емес, бюджет тапшылығы өзінің теріс рөлін атқаруда. Мәселен, электр энергиясының тарифі жоғары. Белгілі бір дәрежеде мәжбүрлі түрде қаражат үнемдеу салдарынан жолдарда апаттар мен қайғылы жағдайлар жиі орын алады.

Жыл сайын туристердің, оның ішінде шетелдік туристердің ағыны артып келе жатқан Ақмола облысының тұрғындарынан бізге жол бойындағы сервиске немесе оның болмауына үнемі шағымдар келіп түседі. Осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажеттілігі туралы ұзақ және көп айтылып келеді. Бірақ, өкінішке орай, мұнда да оң прогресс байқалмайды.

Шешуді қажет ететін тағы бір үлкен мәселе – ауыр көліктердің өтуін тиімді реттеуді жолға қою. Бұл машиналардың жүру көзделмеген, әдетте, жүктерді тасымалдау нормаларын бұзатын жолдарға қандай зиян келтіретіні белгілі. Көп тонналық көліктердің жүруі еліміздегі жолдардың қирауының негізгі себептерінің бірі. Ал, бұзылған трассаларда жол-көлік апаттарының да әдеттегіден көп болары сөзсіз.

Қазір Қазақстанда осьқа 10 тоннаға дейін рұқсат етілген жүктеме бар. Бізде жүк көтергіштігі 25-тен 40 тоннаға дейін жететін қытайлық самосвалдар одан да жоғары жүктемемен жүреді, яғни, олардың иелері, бұл негізінен жер қойнауын пайдаланушылар, 40 тоннаға дейін немесе одан да көп жүк тиейді. Егер 80 тоннаға дейін қиыршық тас, құм және тағы басқа жүк тасымалдайтын автопоездар үнемі солай жүре беретін болса, жөндеуге орасан зор бюджет қаражаты жұмсалатын жолдарымыз жағдайы не болады? Мұндай жүкті асфальтталған жолдарда емес, тек рельстерде тасымалдау керек. Мысалы, батыс елдерінде мұндай мансаптық самосвалдар карьерлерден тыс жерлерде жүрмейді. Ал, бізде көп тонналық көліктер асфальтталған жолдарда жүре береді. Өкінішке орай, олардың жүргізушілеріне қолданылатын айыппұлдар әрдайым тиімді бола бермейді. Бір сөзбен айтқанда, әй дейтін әже, қой дейтін қожа аз.

Азаматтардың әділ шағымдары мен орынды өкпе-реніштерін тудыратын мұндай жағдай әлі шешілмеген күйінде қалып отырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, Ақмола облысында Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының жолдары ауыр жүктердің зиянды әсеріне жиі ұшырайды. Тек Целиноград ауданында ғана кең таралған пайдалы қазбаларды игеру үшін жер қойнауын пайдалануға арналған 60 келісім-шарт бар екен. Дәл осындай жағдай жоғарыда аталған аудандарда да қалыптасқан.

Жалпы, ауыр көлікпен жолдарды бұзу мәселесі республиканың барлық өңірлерінде өткір тұр. Сондықтан, осыған бақылауды күшейту немесе еліміздің жолдарындағы осьқа жүктемені сақтамайтын ауыр жүк машиналарының жүруін шектеу қажет.

Жол құрылысы саласында жинақталып қалған осы және басқа да міндеттерді шешу тұтастай ел экономикасын арттыру, соның ішінде елдің автотрассалары арқылы қауіпсіз әрі үздіксіз жүру жағдайын жақсартуға айтарлықтай оң ықпалын тигізер еді. Бұл үшін менің ойымша, шынымен пәрменді шаралар қабылдайтын кез жетті. Осы саладағы жобаларды іске асыруға отандық компанияларды жиі тарту қажет. Жолдардың сапалы болуы, және өн бойының дұрыс жабдықталуы, соның ішінде жарықтандырылуы, әсіресе ауылдық елді мекендер мен қала маңындағы қашық жол бойларындағы сервистің жақсартылуы жылда назарда болып, күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналса құба-құп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар