Биылғы жылғы бекітілген «Наурызнама» онкүндігінінің бір бөлімі – Қайрымдылық күні болатын. Аталмыш күн қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналған.
Наурызнаманы мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, қадірін арттыру аса маңызды. Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктіреді. Осыған орай, 15 наурыз – Қайырымдылық күнінде жұмысымен айналысатын облыстық «Жастар-ресурстық орталығы» қаламыздың тазалығымен айналысып жүрген жандарға ыстық шай мен бауырсақ таратып, бойларын жылытып, көңілдерін көтерді.
– Шынында, күннің суығына,ауарайының қолайсыздығына қарамастан,қаламыздың тазалығы үшін жасап жатқан ерең еңбектері елеулі деп білемін. Сол себептен де бүгінгі Қайырымдылық күні аясында дәл осы жандарға осындай игі іс жасағанымыз дұрыс деп санаймын, – дейді өз сөзінде «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің маманыДидар Хамзин.
Таңмен таласа тұрып, күн шығып, қалада тіршілік басталғанша көшелер мен жолдарды тазалайтын жандарға қолдау көрсетіп, осылай ыстық ықылас пен ілтипат білдіру – құптарлық іс. Халқымыз әуел бастан ұрпақты қайырымды, мейірімді, рақымды болу сияқты адами қасиеттерге баулып өсіруі ертеңге күнге сенімді болуымен ұштасады.
Ізгілікті іске қатысқан жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қайырымдылық жасау – әр азаматтың міндеті деп санайды. Бірақ, ол қайырымдылықты кім қалай жасайтыны әркімнің өз еркінде. Қамкөңіл адамға мейірімді болу – ерікті іс дейді олар.
Осы тәріздес мерекелік акциялар мен челлендждернаурыз айының 22-іне дейін жалғасын табатын болады. Қаламыздың волонтерлері мен белсенді жастары белгіленген мерекелік шаралардан тыс қалмай, оған ат салысу үшін барын салуда.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.