Қазақстан Республикасында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілді.
Өткен жылдың 21 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Осы Заңға сәйкес, арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындау еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдар 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі кемінде 7 жыл (немесе 84 ай) болған жағдайда қарастырылады.
– Арнаулы әлеуметтік төлемдерді беру зиянды жағдайлардағы жұмысқа байланысты төрт қаржыландыру көзінен, атап айтқанда, республикалық бюджеттен ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде (2х43407 теңге = 86814 теңге), Үкіметтің Қаулысымен бекітілген тәртіппен, қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ), ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде өмірді сақтандыру компанияларынан (43407 теңге), ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде (43407 теңге) жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады, – деп атап өтті Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Нәзипа Салингреева. Төлем мөлшері аталған төрт көзден де алынған жағдайда орта есеппен 200 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, 55 жасқа толған еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспайтын, бірақ, жеті жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтары (МКЗЖ) аударылған адамдар арнаулы әлеуметтік төлемді екі көзден: республикалық бюджеттен және БЖЗҚ-дан алуға құқылы. Бүгінгі күні облыс бойынша арнаулы әлеуметтік төлем 339 адамға тағайындалған. Оның ішінде 147 адам көрсетілген төрт қаржыландыру көзінен және 192 адам екі көзден алады.
–Арнаулы әлеуметтік төлемдер алу үшін зиянды еңбек жағдайында қызмет еткен адамдар еңбек қызметін тоқтату немесе зиянды факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауысу жөнінде жұмыс берушімен шартты бұзуға өтініш жазуы тиіс. Осыдан кейін жұмыс беруші ақпараттық жүйесіне жұмысшының еңбек қызметін тоқтату немесе зиянды факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауысу туралы мәліметтер енгізеді және өмірді сақтандыру компаниясымен келісім жасайды. Сақтандыру компаниясымен келісім жасағаннан кейін республикалық бюджет есебінен жәрдемақы тағайындау туралы шешім бекітіледі. Ал, қалған үш қаржыландыру көзінен шешім автоматты түрде жүзеге асырылады, – дейді Нәзипа Ербатырқызы аталмыш әлеуметтік төлемнің алу жолдарын түсіндіріп.
Сонымен бірге, әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлемдер тоқтатылады. Арнаулы әлеуметтік төлем проактивті түрде, яғни, жұмыскерлердің өтінішінсіз тағайындалады. Сондықтан, жұмысшының телефон нөмірі мобильді азаматтардың мәліметтер базасында міндетті түрде тіркелген болуы керек. Жұмыс берушінің жұмысшыға 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударғаны туралы мәліметті халыққа қызмет көрсету орталығында немесе еңбек ресурстары порталындағы жеке кабинеттен тексеруге болады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.