Біздің өлке-тарихқа бай өлке

Абылай ханның қара жолын жаңғырту мақсатында Қазақстанда тұңғыш рет «Абылай ханның қара жолы» экспедициясын ұйымдастырылды. Ақмола облысы әкімінің қолдауымен облыстық ішкі саясат және мәдениет басқармаларымен бірлесе, Қазақстан Республикасы Ш.Уәлиханов Тарих және Этнология институты, Мемлекет тарихы институты, Лев Гумилев атындағы ұлттық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, басқа да жетекші жоғары оқу орындарының филолог, тарихшы-ғалымдары мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлерін жұмылдыра отырып, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы «Абылай ханның қара жолын жаңғырту» (2018 ж.), «Бетпақдала; Абылай ханның қара жолы» (2020 ж.), «Абылай ханның жорық жолдары. Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» (2021 ж.), «Алтын Орда 750 жыл. Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл» (2022 ж.) Абылай ханның туғанына 310 жыл толуына орай «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» (2023 жыл) тақырыптары бойынша республикалық және халықаралық ғылыми-зерттеу эскпедицияларын ұйымдастырдық.

«Сөздің ең ұлысы – тарих»деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай тарихи-танымдық, ғылыми мақалалар және экспедиция деректерібойынша «Абылай ханның қара жолы» кітабының I және II томдығы(құрастырушы М.Ыдырысұлы) басылып, халыққа жол тартты. Осы жинақтар негізінде халықаралық, республикалық ғылыми-тәжрибелік конференциялар өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында Отан қорғаған бірнеше буын ұрпақтың күресін атаған.

Осындай шайқасқа қатысқан батыр бабалардың жорық жолдарын анықтау мақсатында Ақмола облысының Степногорск және Біржан сал аудандарының жерінде Абылай хан сарбаздарының жерленген «Батырлар қорымы» арнайы қаралды. Нәтижесінде Мамай ауылынан Біржан сал ауданына өтетін жолдың оң жағында Қожас тауының сілемдерінде «Батырлар қорымы» және Біржан сал ауданы, Сәуле ауылының оңтүстігінде кезінде Абылай ханның қара жолы өткен Жыланды төбе маңында «Батырлар қорымы» анықталды. Эскпедицияның ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.А.Еңсеновтың: «Олардың жерлену ғұрпы сол кезең XVIII ғасырға сәйкес келіп тұр. Сондай-ақ, ол жерлерде «Батырлар қорымы» бар екендігін бұрынғы қарияларда ұрпақтан-ұрпаққа айтып келген. Дәл осындай Абылай заманындағы «Батырлар қорымы» Шығыс Қазақстан жерінде «Шаған шайқасы», «Шорға шайқасы» өткен жерлерде де бар екенін көзбен көрдік.

 

Бұл жерде шамамен 1741 жылы Жоңғар хандығының қонтайшысы Қалдан Сереннің тапсырмасымен Орта жүз жеріне жорыққа аттанып келген Лама Доржы мен Септен ноянның 30 мың әскеріне қарсы тұрып, Отан қорғау шайқасында ерлікпен қаза болған батырлар жерленген».

Сондықтан, Ақмола облысының аумағындағы Мамай ауылының маңындағы «Батырлар қорымына» бару мүмкін болмаған соң (терең ор қазылып, тікенек сыммен қоршалған) сол шайқаста ерлікпен қаза тапқан Нұры батырдың ұрпағы Манарбек Бұрмағанов ескерткішті жолдың келесі бетіне орналастырды. Біржан сал ауданы, Сәуле ауылының Жыланды төбе маңындағы «Батырлар қорымын» шөп басып, жермен жексен болып кеткен. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары маңайын орлаған екен, бірақ ол да малға тосқауыл бола алмайды. Бабаларымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды», – деген. Аруақ сыйлаған халық болғандықтан сол жерді қоршап, ескерткіш белгі орнату қажет.

***

Қазақ халқының ХІХ ғасырда өткен ең даңқты перзенті Кенесары Қасымұлы 1802 жылы шіліңгір жазында, сұлу Көкшенің теріскей тұсындағы, Абылай атасының жаз жайлауы болғандықтан «Хан жайлауы» атанған жәннаттай жерде, «Хан көлінің» жағасында туып еді. Ат жалын тартып мінгеннен былайғы өмірі, айбыны ай жасқандырған атасы Абылай хан сияқты, ақырғы сағаты соққанға дейін алыс-жұлыспен, мекен тұрағынан қуылған ызалы жолбарыстай тынымсыз жортуыл-жорықпен өтті. («Кенесары Қасымұлының 190 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияның бағдарламасы». «Алашта ер жетпейтін Кене хан». М. Қозыбаев, Ж. Қасымбаев, т.б.  Көкшетау, 1992 ж. АОТӨМ қоры).

2021 жылы экспедиция Кенесары ханның мерт болған жері Кекілік Сеңгір тауының етегіндегі Майтөбеге Хан Кене елінің атынан ескерткіш тас қойған едік.Бурабайдан капсулаға топырақ салып апарып көмген едік.Әлем тарихында отаршылдыққа қарсы ірі соғыстардың бірі қазақтың ханы Кенесарымен тығыз  байланысты. Кенесары Қасымұлы 1802 жылы тарихи Көкшетауда дүниеге келген. Атақты Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлы – Кенесары бір ғасырға жуық Орта жүз қазақтарының саяси өмірінде жетекші рөл атқарған ақсүйектер отбасында өсті. XVIII ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі – Абылай ханның нақ осы Көкшетауда «Хан ордасы» орналасқан.Кезінде хан Абылай (1711-1781) шығыстағы экспансияға, қазақ-жоңғар соғысына қарсы күресу үшін бүкіл қазақ жасақтарын осында жинаса, бір ғасырдан кейін Көкшетаудан оның немересі Кенесары солтүстіктегі экспансияға, отаршылдыққа қарсы соғыс бастады. Болашақ хан Кене Көкшетау мен Ақмола өңірлерінде жаңа әскери бекіністердің салынуына қарсы болған. Ал, Кенесарының соғыс ұраны – аты аңызға айналған атасы –  хан Абылай есімімен аталған. («Кенесары тұсындағы Қазақ хандығы».  Б. Бейсенбайқызы. Көкшетау, 2023 жыл). Кенесарының туған топырағы Кенесары ауылының жанына ескерткіш белгі қою туралы ұсынысымды жеткіздім.

                                                     ***

Біржан салдың әншілігін Еуропа мәдениетін жетік білгенорыс жиһангез ғалымдары да жоғары бағалаған. Мәселен, Шоқанның досы Дуров 1856 жылы Көкшетау даласында, Сырымбет саласы, Бурабай баурайында болып дем алған. Шоқан болса, дімкәс жанына дауа іздеп, осы өңірлерді көп аралаған. Сонда Біржанды әдейі алдырып әнін тыңдаған Дуров ұлы әншінің орындаушылық шеберлігіне разы болып: «Неткен талант! Шіркін-ай бұл әнді Петербургте, Парижде, Римде тыңдаса ғой!» – дегендігі тарихи шындық. Сол себепті Бурабай көлімен Айнакөлдің арасындағы осы үш тұлға отырған жартасқа ескерткіш орнатса, туризм саласын дамытуға әсері мол болар еді.

***

Біржан ауданындағы Жөкей көлінің жағасында «Біржан салдың көк жартасы» деген биік жартас бар. Үстіне шыққан адам айналаға көз жіберсе 15-20 шақырымға дейінгі жер алақанға салғандай көрінеді. Біржан үстіне шығып ән салғанда, дауысы 10-12 шақырым жерге жетеді екен. Жергілікті жұрт ол жерді «Кирзуха»деп атап кеткен. Кезінде сол маңда Кирза деген орыс мұжығы шөп шабады екен. Бір күні оның өгізін аю жарып кетсе керек.Қазір де шоқының іргесіндегі демалыс орындары шоқыға қарата «Кирзуха» деп сілтеме қойыпты. Бұл саналы елге намыс емес пе? Бұл елге, ел алдында жүрген  азаматтарға сын деп білемін. Шоқының «Біржан салдың көк жартасы»тарихи атауын қайтару бізге міндет. Осыған орай ол жартастың үстіне ескерткіш орнату керек деп ойлаймын.

***

Көкшетау қаласында еліміздің өзге шаһарларында бар ашаршылық пен репрессия құрбандарын еске алатын орын жоқ. Мысалы, Шымкент қаласында «Қасірет Мемориалы» бар. Науан Хазірет Сәкен Сейфуллиннің Аян жерленген ескі қорымның қақпасының алдына осы монументті орнатып, халық жиналып, дұға оқитын, гүл шоқтарын қоятын орынға айналдырса жақсы болар еді.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі,
Біржан сал ауданының Құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар