4 тамыз – Көлік қызметкерлері күні
Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісін қазақстандық теміржолшылар ерекше күтеді. Себебі, бұл күн дәстүр бойынша Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі саналады. Бұл мерекенің ежелден тілге жатық атауы – Теміржолшылар күні.
Ол темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларды біріктіретін айтулы мереке. Бүгінде теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақтарды қалыптастырудың драйвері десе болады, әрі темір жол – экономиканың басты күре тамыры.
Биыл Қазақстан темір жолы 120 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазақстанда темір жол көлігінің құрылуы 1904 жылдан басталады. Бұл Ресейді Орталық Азиямен байланыстырған және Өзбек, Қазақ, Қырғыз және Тәжік КСР аумағы арқылы өткен Орынбор – Ташкент темір жолының құрылысы басталған кез болатын. Бірінші болат магистраль аймақтың сауда, өнеркәсіп, әлеуметтік саласының дамуына ықпал етті.
Ақмола облысының аумағынан өтетін Петропавл-Көкшетау учаскесі 1920-1922 жылдары салынған, ол Кеңес Одағы кезеңіндегі алғашқы темір жол саналады. Содан кейін бұл шойын жол Бурабай курорты және Ақмола (Астана) станциясы арқылы Қарағандыға дейін жалғасын тапты.
Темір жол тарихынан және бірер деректер. Биыл тұңғыш қазақтан шыққан теміржол инженері, Алаш арысы, Түркістан автономиясының премьер-министрі Мұхамеджан Тынышпаевтың туғанына 145 жыл толады. Қазақстан аумағындағы алғашқы теміржол пойыздарының қозғалысы ертерек – 1894 жылдың қарашасында ашылыпты. Пойыз Покровская Слобода (Қазіргі Энгельс) пен Орал қаласына қатынап, Мәскеу – Рязань – Саратов желісінің жалғасы болды. Батыс Қазақстан облысының ТасқаласындағыШипово станциясының вокзалы ҚТЖ желісіндегі ең көне станциялардың бірі болып саналады. Ғимарат 1897 жылы салынған.
Осы ретте, Қазақстандағы алғашқы әйел машинист Зылиха Теміршиеваның Орал-Илецк учаскесінде паровоз жүргізгенін де атап өтуге болады. Түркістан-Сібір магистралінің (Түрксіб) құрылысы КСРО бірінші бесжылдығының маңызды құрылыстарының біріне айналды. Теміржол Сібір мен Орталық Азияны байланыстырды. Магистраль 1927-1930 жылдары салынды және осы аймақтағы республикалардың экономикасы мен мәдениетінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті.
1958 жылдың 1 шілдесінде КСРО-да ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын ең ірі Қазақ темір жолы құрылды. Ол 15 бөлімшеден тұрды және Қазақстанды Сібір, Орал, Еділ, Қырғызстан және Орта Азиямен байланыстырды. Сол жылы теміржолмен алғашқы тепловоздар жүре бастады.
Тәуелсіздік жылдарында 2 500 шақырымнан астам жаңа жол салынды.2022 жылдан бастап Қазақстан темір жолында үлкен құрылыстардың жаңа кезеңі бастау алды. Қазақстанда темір жол жолаушылар тасымалының дербес қызметі 1998 жылғы 14 шілдеде «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрылымында «Жолаушылар тасымалы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнын құрудан басталды.2002 жылы мемлекеттік кәсіпорын негізінде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы құрылды.
2004 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына Ұлттық тасымалдаушы мәртебесі меншіктелді.Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының құрылымына 4 филиал кіреді. Олар – «Оңтүстік», «Батыс», «Солтүстік» және «Экспресс», сондай-ақ, 2 еншілес компания – «Қала маңы тасымалы» және «Вагонсервис»акционерлік қоғамдары.
Жыл сайын Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен орта есеппен 13,5 миллион жолаушы қатынайды. Жолаушылар арасында ең көп сұранысқа ие бағыттар: Астана–Алматы, Астана–Шымкент, Алматы–Шымкент, Астана–Семей жәнеАлматы–Семей.
Жалпы, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы Қазақстан бойынша 138 бағыттың 97-сіне қызмет көрсетеді. Ұлттық тасымалдаушының жылжымалы құрам паркі 2157 вагонды құрайды, оның ішінде 1317-сі стандартты, 732-сі Тальго, 108-і электр-дизельді пойыздар вагондары.
Соңғы он жыл ішінде компания 1,5 мыңға жуық қазіргі заманға сай вагон сатып алды. Оның ішінде вагон паркі 2023 жылы және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 150-ден астам жаңа вагонмен толықтырылды. Жаңа вагондар Алматы–Маңғыстау, Алматы–Атырау, Атырау–Астана, Атырау–Маңғыстау, Астана–Шымкент, Астана–Семей, Қызылорда–Семей,Алматы–Жезқазған, Павлодар–Алматы, Павлодар–Түркістан және Атырау–Ақтөбе бағыттары бойынша қатынап жүр. 2030 жылға дейін 700-ден астам вагон жеткізілуі күтілуде, оның ішінде 537 вагон«Штадлер Қазақстан» өндірісінен алынбақшы. Айта кетейік, теміржол көлігінің жылжымалы құрамын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмасымен бекітілген.
Ақмолаоблысы туристік аймақ саналады. Бұл аумаққа қатынайтын «Көкшетау – Қызылорда», «Қарағанды–Самара», «Қарағанды–Омбы», «Павлодар–Түркістан» «Павлодар–Пресногорьковск», «Астана–Достық», «Астана–Семей», «Астана–Петропавл», «Астана–Түркістан», «Астана–Сарыағаш», «Астана–Жітіқара», «Астана–Шымкент», «Астана–Алматы» бағыттарындағы пойыздар күн сайын және аптасына белгілі бір күндері ғана жүріп, көрікті аумаққа тынығуға, қыдыруға келетін жолаушыларды тасымалдайды. Әсіресе, жазғы уақытта бұл бағыттағы пойыздарға деген сұраныс арта түседі. Мәселен, жазғы маусым басталғалы Бурабай курортына пойызбен саяхаттау туристер мен жергілікті тұрғындар арасында бұрынғыдан да танымал бола түскен. Бурабайға маусым айында Ұлттық тасымалдаушының электр пойыздарымен 49 мыңнан астам адам тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға жоғары. Өткен жылы темір жол қызметін бұл бағытта 34 мың жолаушы пайдаланған.
Жолаушыларға ыңғайлы жағдай туғызу үшін биыл Ұлттық тасымалдаушы «Қарағанды-Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жоғары жылдамдықты №6811/6812 «Астана-Бурабай курорты» учаскесіндегі электр пойызының жүру уақытын 2,5 сағатқа дейін қысқартты. Электр пойызы аптасына бес ретжүреді.Сонымен қатар, жазғы кезеңде «Павлодар-Астана» жоғары жылдамдықты электр пойызының бағыты Көкшетау мен Бурабай курортына дейін ұзартылды.
Бұл шаралар Бурабай курортына жолаушылар ағымының артуына ықпал етті. Биыл Бурабайға теміржол көлігімен 125 мың жолаушы тасымалдау жоспарлануда.
Кадр мәселесіне ойыссақ, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамында 11 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде пойыз бригадаларының қызметкерлерінің саны 4 мыңнан асады, олардың 4 пайызы немесе 183-і жолаушылар пойыздарының бастықтары.Солтүстік филиал бойынша тоқталсам, штаттық қызметкерлер саны 1479 адамды құрайды. Компанияда 22 пойыз бригадасы жұмыс істейді, оның 547-сі жолсерік, 32-сі пойыз бастығы. Сонымен қатар, 54 билет кассасында 144 кассир еңбек етуде.
2024 жылдың бірінші тоқсанында 17 мыңнанастам жолаушы «Күту парағы» арқылы пойызбилеттерін сатып алған. Bilet.railways.kz сайтындағы «Күту парағы» қызметіжолаушылар арасында танымал болып келеді. Бұл қызметбасқа жолаушылар сапардан бас тартқан жағдайда билеттікезекпен сатып алуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 170 мыңнанастам жолаушы билеттерді «Күту парағы» арқылы сатыпалыпты. Ал, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының кассаларындабилеттер комиссиясыз сатылады.
Көлік тасымалының ішінде халық сенімінен шығып отырған бірден-бір тасымал саласы темір жол көлігі десек қателеспеспіз. Тәулігіне мыңдаған жолаушыға қызмет көрсетіп отырған жолсеріктердің, жалпы, темір жол саласының жұмысын халық бағалайды.
Кәсіби мереке қарсаңында барша теміржолшыларды – Көлік қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!
Сұлтан ШАБИДИНОВ,
«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының
«Солтүстік» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының директоры.