Ауыл – ел бесігі
1949 жыл. Амангелді ауылы ұжымшар болып құрылғанына 20 жыл толды. Маған, он жастағы балаға 60 шақты түтінін түтетіп отырған шағын ауылда жұмыс қайнап жатқандай көрінетін. Ауылда бұрынғы басқарма Құлмағамбетов Бәуке салғызып кеткен сол кездің өлшемімен зәулім ағаш үй басқару орталығы болатын.
Бас бөлмеде ұжымшар басқарушысы Зейнолла Оразбаев отырса, басқа бөлмелерде ауылдық Кеңестің төрағасы Қапай Оспанов, бас есепші Көпен Мадияров, тағы басқалары ұжымшардың жұмысын жүргізіп отырды. Бұл ғимаратта кітaпхана, клуб, кейін жеті жылдық мектеп ашылды. Ауылда онымен қоса, жаңа типтік дүкен болды. Ұмытпасам, дүкенші Бибіжан Әшімқызы. Шатырлы бастауыш мектеп жұмыс істеп тұрды. Онда мектеп меңгерушісі Ермағамбетов Мақым, менің алғашқы ұстазым Қапаш Сыздықов, соғыс мүгедегі, бір қолын майданда қалдырып келген Тәуекел Шортанбаев еңбек eтті.
Мектептің ғимараты туралы бір мәлімет. Осы Астана қаласында бұдан үш-төрт жыл бұрын орта жастағы бір азаматпен кездестім. Автобуста әңгімелесіп келе жатып, мен Амангелді ауылының тумасы екенімді айтып қалдым. Ол кісі ертеректе сіздің ауылға барып, Паң Нұрмағамбеттен қалаған бір ғимаратты бұзып әкеліп салған мектепті көргім келді. Барсам, бұрынғы мектеп мал қора болып кeтiптi. Мектеп директоры бұл ғимараттың тарихын білмеймін деп ақталды деді.
Оны мақаланы жазып отырған мен де білмейтінмін. Осындай тарихи мәселелерді білмеудің салдарынан кішкене болса да тарихи ғимарат ескерусіз қалып, мал қораға айналыпты.
Ауылдың әрбір үйінде бір-екі сиыр, төрт-бес қой, ешкі, кейбіреулерінде бір-екі жылқы болды. Негізінен тамақты, ұннан басқасын, ешқайдан сатып алмайтын, малдан өндірілген өнімдермен күн көретін. Біз, балалар әлімізше сол малдарды күтіп бағуға көмектесетінбіз. Мен шамасы 3-4 сыныпта оқимын. Ауылда электр жарығы жоқ, май шам. Суды аналарымыз өзеннен әкелген мұзды ерітiп дайындайтын. Үй шаруашылығының бәрі аналарымыздың мойнында болатын. Таңның атысынан түннің бір уағына дейін шешелеріміз дамыл таппайтын. Онымен қоса, балабақша жоқ, балалар тәрбиесі де аналарымыздың мойнында. Оған қоса, соғыс кезінде, одан кейін де шаруашылықта қара жұмыстар атқарып жүрді.
Міне, сол кезде әйелдер қауымы осылардың бәрін қалай атқарып жүрді деп ойлайсың. Нағыз батыр аналар сол кісілер. Ол кезде бәрі қолмен істeлiп, ешқандай техника көмегінің жоқ кезі.
Мақаламның басында айтқанымдай, ауылда ғана емес, ұжымшардың төңірегінде де еңбек майданы болып жатқандай көрінетін. Ұжымшардың аумағында халық қойған жер аттары болды. Ауылдың батысында, екі-үш шақырым жерде, орманның қойнауында Әбдірахман базы деген жер болды. Онда етке беретін мал өсірілетін. Сол жерде Әбдірахман Мұздыбаев деген ақсақал отбасымен тұрды. Малшылар қысы-жазы осында келіп еңбек ететін. Сол баздан жоғары, екі-үш шақырымдай жерде Аққайың деген егін өсіретін алқап болды. Сол алқаптың төңірегінде орылған астықты сақтайтын орын болды. Ол жерде үй болған жоқ. Күздің қара суығында механизаторлар тоңбасын деп колхоз басқармасы шым үй салғыза бастайды, ол құрылыс баяу жүріп, Бәуке Құлмағамбетов құрылысшыларға қаттырақ ұрысса керек, содан саяси астар іздеп, көре алмайтындар басқарманы ұзақ уақытқа соттатып жібереді. Содан Аққайың алқабы кішігірім тарихи орын болып қалды.
Ауылдың батыс жағында Талқара өзенінің арғы бетінде үш-төрт шақырым жерде қой фермасы болды. Ферманы ауылдың беделді ақсақалы Өмірзақ Қарғабайұлы басқарды. Жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты өзінің тоқсаннан асқан әкесі Қарғабайды күзетші етiп қойды. Жанынан ағып жатқан өзенді картада Талқара деп атапты, ферманы Талқора дейтін, өйткені, ол жерде қойларға арнап талдан қора салды. Талқорадан жоғары қарай төрт-бес шақырым жерде Өрбай деген жерде егін салып, шөп дайындайтын. Өрбайдан оңтүстікке қарай бес-алты шақырымдағы Жыланды деген жерде егістік жер болды. Жыландыдан әрі қарай Өкінішік деген тұста үлкен қара мал фермасы болды. Мұнда онға тарта үй болып, Хуснутдинов, Биданов, тағы басқа неміс отбасылары тұрып еңбек етті. Бүгінде марқұм, құрметті тау-кен инженері Батден Хуснутдинов осы жерде бұзау баққандығын еске алатын. Осы жерден шығысқа қарай, табиғаты әдемі жер Бесағаш деген болды, әрі қарай Алатай дейтін. Бұл өңірлер астық өндіретін егістіктер болатын. Бұл жерлерде менің әкем Дәуеш механизатор, трактор бригадасының бригадирі Шаяхмет Рахымжанов, механизаторлар Жұмабек Балабеков, тағы басқалары еңбек етті. Солтүстікке қарай ауылға жақын Сақөзен деген жерде сауын сиырлар фермасы болды. Есінде қалғаны, Халел деген кісі брынза жасайтын. Біз балалар жаяу барып, аналарымызға еріп сол брынзадан жеп жүретінбіз.
Ұжымшардың жерін үшке бөліп, үш дала бригадасы болатын. Біріншісін Ахметжан Мұхамедин басқарса, екіншісін Қали Жұмажанов, үшіншісін есімде жоқ тағы бір кісі басқарды. Осы кісілер тұрғындарды жұмысқа шығарып, шаруашылықты жүргiзiп жататын. Ауылдың жанында өзеннің арғы бетінде көкөніс бақшасы болды. Оны татар Талып Богманов, одан кейін ингуш Осман Потнев басқарды.
Өзеннің арғы бетінде атын ұмытып қалдым, қолмен шөп шабатын алқап тұратын. Сол жерде ұжымшар басшылары қол шалғылары барларды ұйымдастырып, бір күн сенбілік өткізетін. Одан да қысқа мал азығы жиналып қалатын. Ол кездегі техника бір-екі трактор, тырнауыш, сеялка сияқты азын-аулақ қана техникалар болатын.
Осы жазып отырған кезең сұрапыл соғыстан кейінгі төртінші жыл. Соғыстан қажып шыққан ел еңбек өнімділігін төмендеткен жоқ. Осылардың бәрі жетпіс жылдан артық уақыт өтсе де көз алдыма елестейді.
Қазір сол туған ауылыма барамын, елу шақты үй бар, қайнап жатқан жұмысты көрмеймін. Жалғыз мектеп, медпункт, кішкентай ғана жекеменшік дүкеншік, шағын мешіт, басқа ештеңе жоқ. Үйлер орнында, халық бар, жұмыс қайда кетті деген сұрақ туады. Меніңше бұдан отыз жыл бұрын ауыл шаруашылығын түгелдей құлаттық. Ауыл халқы нарықтық жағдайға бейімделмеген. Естуімше жаздың басында қаздың балапандарын апарыпты, оны бір кәсіпкер ғана алыпты дейді. Жерлер сатылып кеткен, жайылым өте аз. Жастар кетіп жатыр, екі қабатты мектепте небары отыз шақты бала, мектеп жабылса, ауыл да жабылады. Бұл біздің ауылда ғана емес, еліміздің солтүстік өңірлерінде бірін-бірі қуалаған «жұқпалы ауруға» ұқсап кетті. «Ауыл – ел бесігі» дейміз. Құр сөзбен отырмай, ауылдарымызды жаңғыртайық. Жақсы жағына қарай аз-мұз өзгеріс болып жатыр. Елдегі осы өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсетіндігімізге кәміл сенемін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер.
Астана қаласы.