Ойланарлық жай.
ейде Ақмола облысы көлемінде, соның ішінде Көкшетау қаласында электр энергиясының апаттық өшірілуі әртүрлі себептерге байланысты орын алуы мүмкін. Оған қолайсыз ауа райы, атап айтқанда, нөсер жаңбыр, найзағай, қатты жел, қыста сымдардың мұзға орануы, құстардың электр желілеріне түсуі, сондай-ақ, қанша жылдан бері сөз болып келе жатқан желілердің тозуы сияқты факторлардың әсер етері сөзсіз.
Алайда, көбінесе мұндай басты апаттың себебі – адам, нақты айтқанда, қауіпсіздік техникасын сақтамау және электр желілерінің қорғау аймақтарында рұқсатсыз жұмыс жүргізу болып жатады. Мұндай жағдай мәселен, 28 мамыр күні Көкшетау қаласында орын алған болатын.
Сол күні түс ауа, сағат 14.33-те «Центральный», «Көктем», «Васильковка», «Сарыарқа» шағын аудандарын 110 кВ электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Көкше – Астра-1» әуе желісінің апаттық өшірілуі салдарынан шамамен 25 000 қала тұрғыны жарықсыз қалды.
Оқиғадан кейін «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің еңбекті және сенімділікті қорғау қызметі ішкі тексеріс жүргізді. Белгілі болғанындай, апатқа «Voltman» ЖШС-інің Сүлейменов көшесі, 45Б мекенжайында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бетон құю автокөлігі құбырының 110 кВ әуе желісінің сымдарына қауіпті түрде жақындауы себеп болған. Компания 110 кВ әуе желісінің қорғау аймағында жұмысты мемлекеттік органдармен және электр қуатын жеткізу ұйымымен келісімсіз жүргізген. Солай қысқа тұйықталу салдарынан екі жұмысшы электр тоғынан жарақат алды.
«Көкшетау Энерго» ЖШС-інің еңбекті және сенімділікті қорғау қызметінің басшысы Владимир Поповтың айтуынша, құрылыс нысанының иесі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі №330 бұйрығымен бекітілген «Электр желісі объектілерінің қорғау аймақтарын белгілеу және олардың шегіндегі жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттары қағидаларының» 2-тармағының 20-тармақшасы талаптарын бұзған. Аталған талаптарға сәйкес, әуе желілерінің қорғау аймақтарында кез келген құрылыс, монтаж, жер қазу, тиеу-түсіру, іздестіру және басқа да жұмыстарды тек желі иесімен келісіп қана жүргізуге рұқсат етіледі.
–Қазіргі уақытта болған оқиғаға қарамастан, құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұл кез келген сәтте адам өлімімен аяқталатын оқыс оқиғаларға немесе электр жабдықтарының қатты зақымдалуына және Көкшетау қаласы, тіпті, Ақмола облысының тұтас тұтынушылары үшін ұзақ уақытқа электр энергиясын өшіруге әкеліп соғуы мүмкін, – дейді Владимир Попов.
Сондықтан, осы жағдайға байланысты «Көкшетау Энерго» ЖШС басшылығы Көкшетау қаласының әкімдігіне, Ақмола облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне, Ақмола облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаментіне, сондай-ақ, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 110 кВ «Көкше – Астра» әуе желісінің қорғау аймағында құрылыс жұмыстарының заңдылығын тексеріп, заң бұзушыларға қатаң шара қолдану туралы хаттар жолдады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаментіне электр желілерінде азаматтардың электр тоғына түсу жағдайлары туралы «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің орталық диспетчерлік қызметін шұғыл түрде хабардар ету қажеттілігі жөнінде хаттар жіберілді.
«Көкшетау Энерго» ЖШС-інің еңбекті және сенімділікті қорғау қызметі электр желілерінің қорғау аймақтарында рұқсатсыз жұмыстар жүргізу қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін екендігін ескертеді. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық меншік нысандарындағы кәсіпорындар мен жеке тұлғалар өз әрекеттерін электр энергиясын жеткізуші ұйыммен міндетті түрде келісуі қажет.
«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз қызметі.
![]()

