Дария кеуде, тау мүсін, еңбегі көп ел үшін

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің келгеніне тура 80 жыл толып отыр. Соған орай еңбек және қоғам ардагері Қимаш Сыздықовтың айтқан тарихи әңгімесі ойыма оралады.

Қимаш аға жас күнінде Батыс өлкенің Орал қаласында білім алып, алғашқы еңбек жолын да сол жерде бастаған. Сондықтан, Ұлы Отан соғысында батыр атанған екі қазақ қызы Мәншүк пен Әлия туралы әңгімеге қанық болатын. Әрі соғыс жылдары Мәншүк Мәметованың туған жері Орда ауданында болып, қаһарман қыз туралы көп мағлұматтар жинастырған.

1952 жылы өзінің туған өлкесі Ақмолаға келіп, қызмет атқара бастайды. Бұл тың игеру шараларының ойластырыла бастаған кезі еді. Сырттан келген тың игерушілер өздері ғана келіп қоймай, өскен жерлерінің атауларын да Қазақстанға көшіре бастады. Қимаш аға іштей бұған наразы болып, батыр санатына енген азаматтарды ойға алды.

1954 жылы бүгінгі «Мәншүк» кеңшарының құрылысы басталады. Осы кезде Қимаш Сыздықов облыста отырған басшылардың алдында сөз сөйлеп, батыр қыздың ерлігін еске алып, оның Ресейде болған ұрыста ерлікпен қаза тапқанын, сол үшін батыр атағын алғанын егжей-тегжейлі баяндап шығады.

Сол кездегі Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы Мәжікен Бутин, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Журин бұл ұсынысты толық қолдайды.

– Тыңда көтерілген шаруашылықтың жұмысшыларының бәрі қазақ азаматтары.  Олар біздің ұсынысымызды қуана-қуана құптайды, – деп толықтырады өз сөзін Қимаш Сыздықов.

– Малы, егіні бірдей өрістейтін жерде мұндай шаруашылықтың маңызы зор болады, – деп қостайды бірінші хатшы Николай Журин. – Ел қолдаған жерде, жұмыс та алға басатыны сөзсіз.

Бүгінде тарихы 70 жылдан асқан бұл шаруашылық өзінің мақсат-мүддесінен бірде-бір ауытқыған емес. Алғашқы жылдардың өзінде кеңшар ұжымы Отан қамбасына 10 мың тонна  астық жөнелткен. Бұл сол кезде үлкен жетістік еді.

Қазақстанда орыстандыру саясаты белсенді жүргізіліп жатқан сол тұста Қимаш Сыздықовтың жоғарыдағы ұсынысы  ерлікпен пара-пар. Өйткені, сол тың және тыңайған жерлерді игеру басталысымен жер-су аттары өзгертіліп, жергілікті халық тоғыз отырған жерлердің өзінде Волгодоновка, Киевка, Херсоновка, Красный флаг сияқты ұлтқа жат атаулар көбейіп кетіп еді. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу, өмірдің ыстық-суығын бірдей көрген Қимаш аға іштей сезініп қана қойған жоқ, сонымен қатар, байырғы жер-су атауларының неғұрлым сақталып қалуына да барынша мән берді.

«Мәншүк» атауы да осындай арда туған асылдарымыздың арқасында ұзақ жасап келеді. Тап қазіргі кезде «Мәншүк Мәметова» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өркендеу үстінде дер едім. Мұнда егін егумен қатар, сүт өнімдерін өндіретін ірі ферма бой түзеді.

Шаруашылықты білімді менеджер, ірі инвестор Тимур Пшенов қолға алғаннан бері кәсіпорынның бағы жанды деуге боларлықтай. Астаналық ауданның ілкімді, ірі шаруашылығына айналғаны көпшілікті қуантады. Жұмысшылардың бәрі дерлік өз ісінің майталмандары. Жақсы іс-тәжірибеден өткен шеберлер десек, артық айтпағандығымыз болар.

Қимаш Сыздықовтың білімі мен тәжірибесі одан кейін де Ақмола облысын өркендетуге зор ықпалын тигізді. Қимаш аға Қорғалжын ауданында бірінші хатшы, ал, Балқашин ауданында атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Қорғалжында қызмет ақтарып жүргенде атақты Қорғалжын мемлекеттік қорығын ашуға күш жұмсаған бірден-бір азамат. Бұл қорықтың игілігін осы күні ел көріп отыр. Ақмола өңірінің қазіргі кездегі балығы тулаған белгілі өзен-сулары, сирек кездесетін қоқи қаздары, ақбөкендері осы қорықта да мол.

Целиноград ауданында «Алва» су қоры Қимаш Сыздықовтың атсалысуымен дүниеге келгенін біреу білер, біреу білмес. Оның игілігін жергілікті тұрғындар молынан көрді. Шабындыққа оңтайлы жерлерде табиғи шөп өсіп, малға қажетті жемшөпке жол ашылды. Соңғы кездері осы «Алва» қараусыз қалып, өзендерге құйылатын ағын сулар тұрғындарға қауіп төндіргені белгілі. Дегенмен, қазір бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты.

Арқалы азамат қартайған күннің өзінде білімін, өмірлік бай тәжірибесін жастармен, сондай-ақ, ізбасар бауырларымен бөлісіп отырды. Ардагермен болған түрлі кездесулер өте қызықты өтетін.

Айта берсек, қазыналы қарияның басынан өткендері көп. Жасында білімге құштар болған жанның қартайғанда кітапқұмар болғаны бізді таңқалдыратын. Ол кісінің қолынан «Сілеті өзені», «Өмір жолыма саяхат» сияқты бірнеше туындылары дүниеге келді. Онда абзал қарт өмір дариясынан сүзген деректерін, олжаларын ортаға салады.

Біздің өмірде көрген, әңгімесіне құлақ түрген қариямыз Қимаш аға көңілі шалқар, білімі ұшан-теңіз қайсар жан еді. Қандай қиындықтар қарсы тұрса да ол, кісілердің алмайтын қамалы, шықпайтын белесі жоқ сияқты көрінетін. Дария кеуде, тау мүсін деп осындай бітімі бөлек адамдарды айтқан шығар, сірә.

Рауза ҚАДІРЖАНҚЫЗЫ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар