Қайта құрылып, қарқынды арттыруда

Заман талабына сай бейімделу, өнім түрлерін көбейту, материалдық-техникалық базаны жақсарту «Целингормаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екінші тынысын ашып отыр.

Степногорск қаласының іргесінде бірнеше өндіріс ошақтары шоғырланған. Сол өндіріс ошақтарының бірі «Целингормаштың» заманауи цехтары 7,3 гектар жерді алып жатыр. Кәсіпорынның негізгі қызметі – машина жасау. Ең бастысы, кәсіпорын тапсырыс берушілердің тілегіне орай да жұмыс істейді. Бұл басты бағыт. Анықтап айтқанда, экономиканың әрқилы саласында пайдаланатын арнайы техникаларға қажетті әртүрлі бөлшектерді, қалыптан тыс құрылғыларды дайындайды. Бұл мүмкіндік кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуге септігін тигізіп тұр.

Кәсіпорын 1966 жылдан бері жұмыс істеп келеді, өзіндік еңбек дәстүрі қалыптасқан, тәжірибесі толыққан кәнігі мамандары бар іргелі ұжым. Бұрынғы жөндеу-механикалық зауытының тікелей мұрагері. Негізгі бағыт өңірдегі байыту фабрикаларының техникаларына жөндеу жұмыстарын жасап, қалтқысыз қызмет көрсету. 2001 жылы кәсіпорын «Целингормаш» серіктестігі болып жаңа атауға ие болды. 2022 жылдан Алексей Ерофеенко иелік етуде. Компанияға 6 миллиард теңге инвестиция құйылған. Осы қаражаттың есебінен жаңа цехтар салынды, заманауи құрылғылар сатып алынды. Жаңғыру зауыттың қуатын арттыра түсті. Зауыт директоры Алексей Ерофеенконың айтуына қарағанда, өндірістің бұрынғы тынысы, қызмет ету саласы, негізгі бағыты сақталған. Тек өнім сапалы әрі мол болуы үшін жаңа құрылғылар алынған. Кәсіпорын өнімі сұранысқа ие. Негізінен, кен өндіру, байыту бағытындағы өндіріске қызмет еткендіктен сұраныс мол. Мұнда темір жолға қажетті құрылғыларға да тапсырыс беріледі. Вагондар мен локомотивтердің де қосалқы бөлшектері өндіріледі.

Кемеліне келіп тұрған шағында кәсіпорында 250 адам жұмыс істепті. Бүгінде еңбек адамдарының саны 90. Алдағы уақытта тағы да жаңа цехтар салып, өндірісті жаңғырту көзделіп отыр. Осыдан бірер жыл бұрын кәсіпорын қызметі екі бағытқа бөлінген. Біріншісі, бұрынғыша машина жасау бағытында стандартқа сай емес құрылғыларды даярлау болса, екіншісі жаңа қосымша жабдықтарды өндіру. Соңғы екі жылда тапсырыс берушілер саны өсе түскен. Бүгінгі күні үлкен нарық әлеміне шығып отыр. Бір айта кетерлігі, қажетті металдың дені Ресейден жеткізіледі. Отандық өндіріс дайындайтын металл барлық қажеттілікті жаба алмай отыр.

Кәсіпорын жоғары қысымды қазандықтар мен радиоактивті материалдардың контейнерлерін де дайындайды. Жұмыс учаскесінде 230 түрлі станок тұр. Ол станоктарда жоғары білікті 40 адам еңбек етуде. Білікті мамандардың дені осы кәсіпорынға жап-жас кезінде келіп, еңбек жолын бастағандар. Көптеген өндіріс ошақтарындағы тәрізді бұл жерде де кадр жетіспейді. Әсіресе, токарь, фрезеровщик тәрізді мамандық иелері қасқалдақтың қанындай қат. Тығырықтан шығар жол қайсы? Кәсіпорын директорының айтуына қарағанда, бесаспап мамандарды бір жұмыс орнынан қажет кезінде екінші жұмыс орнына ауыстыру арқылы қиындықтан шығуда. Басқа амал жоқ. Жастар жағы темірмен алысып, тегеуірінді жұмыс істеуге құлықсыз. Орташа еңбекақы 480 мың теңге. Шағын қала тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс. Нақты дерекке жүгінетін болсақ, өңірдегі машина жасау саласындағы жоғары көрсеткіш. Міне, осы арада болашақтың қамын ойлап, өндіріс  саласының мамандарын даярлау мәселесі өткір күйінде екенін екпін түсіріп айта кетуге болады. Кәсіпорынның білікті мамандары кәсіби техникалық колледж түлектерін өздері үйретіп алмақ. Оқу орындарымен де байланыс жасап, келешектің қамын жеп отыр. Компания өз өнімдерін сапалы шығару үшін үздіксіз ізденіс үстінде. Айына 800 тоннаға жуық металл құрылғылары екі ауысымда дайындалады. Егер тапсырыс берушіге шұғыл қажет болса, қосымша күш жұмылдырылады екен.

Әрине, кәсіпорын тынысын ашу үшін инвестиция құйылу қажет екені белгілі. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш үздіксіз өсіп келеді. Соның арқасында еуропалық жетекші кәсіпорындардың құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорындағы үш цехтың жаңғыруы жайында бөле-жара айта кетуге болады. Мысалы, бірінші кәсіпорын немістің құрылғыларымен толық жабдықталған. Дәнекерлеу желісі адам күшін көп қажет етпейтін құрылғылар арқылы жұмыс істейді. Үйреншікті дәнекерлеуші бір жұмыс ауқымын тәулік бойы істейтін болса, робот 22 минутта тап-тұйнақтай етіп мүлтіксіз дәнекерлеп шығады. Металды кесу, өңдеу ісі де жаңа құрылғылар арқылы атқарылады.

Кәсіпорынға тапсырыс берушілердің негізгілері – «Алтын алмас» акционерлік қоғамы, «RG Gold», «Норд Минералс Казахстан», «АИ Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Тағы бір жаңа цехта пластикалық терезелер де өндіріледі. Бұл бұйымдарға да сұраныс көп екен.

Осыдан екі жарым ай бұрын кәсіпорын тағы бір жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісіпті. Алтын өндіретін фабрикалардың сұранысына орай шағын тұрғын үйлер дайындай бастаған. Шетелдік инвесторлардың тапсырысы бойынша еліміздің оңтүстігінде қажетті осындай үйлер дайындала бастапты. Шағын үйде тұрмысқа қажетті барлық жағдай қарастырылған. Уақытша жай болғанымен, кез-келген маусымда пайдалануға әбден болады. Ең басты ерекшелігі, бір орыннан екінші орынға көшіру оңай.

Кәсіпорын жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да көңіл бөлуде. 27 жыл бойы жұмыс істемеген асхана жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне жаратылған. Кәсіпорын жұмысшылары тегін тамақтанады.

Мұнда ашық үлгідегі кеден қоймасы бар. Өндірген бұйымдар осы жерде сақталады. Бір айта кетерлігі, бұл өңірдегі ең үлкен қойма санатында.

Өнім түрлерінің көбейіп, нарық айдыны мейлінше кеңеюінің басты сыры инвестицияның игілігі. Заманауи жаңа жабдықтармен толық қамтамасыз етілген кәсіпорын алдағы  уақытта тұтынушының тілегіне сай стандартты емес құрал-жабдықтарды шығаруды молайта бермек. Өндіріс өрге басқан сайын ел экономикасы да нығайып, тіршілік тынысы кеңейе береді емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар