Қағазбастылықтан арылып келеді

Цифрландыру

Облыста жүзеге асырылып жатқан цифрландыру саясатының басты мақсаты мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және халықтың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи цифрлық сервистерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Цифрлық трансформация Ақмола облысында жүйелі түрде  іске асырылуда.    Ал, білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан AI Mektep жобасы мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба бойынша білім ордаларына жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері енгізіледі. Мектептерді цифрландыру жүйесімен қамту шараларына байланысты және шалғай ауылдық елді мекендерде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін 16 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр.

– «Ауыл online» жобасы аясында 278 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделген. Сонымен қатар, денсаулық сақтауға қатысты да жобалар қолға алынуда. Ол – «Ascie» деп аталады. Бұл жүйе дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, науқастарға ем жүргізуге басымдық беруді көздейді,–дейді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшылығы.

Цифрландыру жүйесі мемлекеттік қызмет көрсету саласына да кеңінен енгізілуде. Бұл бағыттағы ең тиімді құралдың бірі – eGov Mobile мобильді қосымшасы. Аталмыш қосымша бүгінде тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде үйінен шықпай-ақ алуларына мүмкіндік беріп отыр.

– Цифрлық жүйенің енгізілуіндегі бір маңызды тұсы мемлекеттік қызметшілер тұрғындарға қажетті қызметті, небір ескертулерді алдын ала электронды түрде хабарлама арқылы жеткізе алады. Өткен жылдың өзінде ғана қазақстандықтарға құжаттардың жарамдылық мерзімі туралы ескертулер, балаларды мектепке қабылдау, жәрдемақы тағайындау, гранттар беру және өзге де құттықтаулар түрінде 336 миллионнан астам хабарлама жолданған. Біз eGov Mobile қосымшасын қарапайым әрі ыңғайлы етуге баса мән беріп отырмыз. Былтыр «Ұлттық қор – балаларға», «Стопкредит», «Көлік иесінің тарихы», «Құмар ойындардан өз еркімен бас тарту» сынды танымал сервистер іске қосылды. Мысалы, қазір жүргізуші куәлігін әп-сәтте, тез арада ауыстыруға болады. Бұл қызметті 7 мыңнан астам қазақстандық пайдаланып үлгерді, – дейді Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Нәдір Құрымбаев.

Аймақтағы цифрландыруды кешенді дамыту мемлекеттік басқарудың заманауи, ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұның әр жағында азаматтардың мүддесі, олардың қажетіне орай керекті қызметті ыңғайлы әрі қолайлы түрде алуына жағдай жасап жатқаны белгілі.

Ы.ШАМШИЕВА.

сурет: aqtobegazeti.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар