Ақтаңдақтар ақиқаты
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың куәгерлері мен олардың ұрпақтары естеліктерінің топтамасын дайындау және басып шығару» жобасы аясында жүргізілген ғылыми-іздестіру жұмыстары барысында еліміздің әр өңірінде орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың ащы шындығы, халық басына түскен ауыр тағдырлар айқындала түсті.
XX ғасырдың 20-30-жылдары – қазақ халқының тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі. Кеңестік биліктің орнауымен басталған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәстүрлі өмір салтын түбірімен өзгертіп, қазақ қоғамының негізін құраған рулық-қауымдық құрылымды, бай-шонжарлар институтын күйретті. «Алыптың күйреуі – халықтың күйреуі» демекші, байлар мен ауқатты азаматтар жаңа билік тарапынан «тап жауы» ретінде танылып, қуғын-сүргінге ұшырады.
Солақай саясаттың салдарынан Көкшетау өңірінде де талай отбасы ауыр тағдырды бастан кешірді. Олардың арасында елге сыйлы, халыққа беделді, мал шаруашылығын өркендетіп, ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген ірі байлар да бар еді.
Солардың бірі ұлт қайраткері Шәймерден Қосшығұл. ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін қасіретті де күрделі кезең болды. Осы жылдар ішінде ұлт зиялылары ұлтты ояту жолында күресіп, кейін сталиндік репрессияның құрбанына айналды. Солардың бірі — менің арғы атам, ұлы қайраткер Шәймерден Қосшығұл (1874-1932) Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, діндар-ағартушы. Ол Көкшетау уезінің Қотыркөл болысында дүниеге келіп, алғашқы білімін мұсылманша алды. Кейін Көкшетаудағы Науан хазіреттің медресесінде, одан соң Бұқарада діни және зайырлы білім алды. Жасынан ел қамын ойлаған тұлға ретінде Науан хазіретпен бірге патша өкіметінің отаршылдық және шоқындыру саясатына қарсы күрес жүргізді.
1890 жылдары олар патша әкімшілігінің мұсылмандарға жасаған қысымына наразылық білдіріп, екі рет Абай Құнанбайұлына хат жазды. Бұл хаттардың салдары ауыр болды. Абайдың үйі тінтіліп, Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұл Сібірге жер аударылды. 1905 жылы Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов сынды қайраткерлердің араласуымен ол бостандыққа шықты.
Шәймерден Қосшығұлдың саяси белсенділігі ерекше болды. 1906 жылы ол Ресей Мемлекеттік Думасының І шақырылымына, кейін ІІ Думаға депутат болып сайланды. Осы кезеңде ол Ақмола облысына орыс шаруаларын жаппай көшіру саясатына қарсы шығып, тиісті орындарға жеделхаттар жолдады.
Сонымен бірге, Қосшығұл баспасөз саласында да із қалдырды. Петерборда жарық көрген татардың «Улфәт» газетіне қосымша ретінде шыққан «Серке» газетін шығаруға атсалысты. 1907 жылы Әлихан Бөкейханның кеңесімен Түркияға барып, осман үкіметінің өкілдерімен кездесіп, ІІ Николай патшаға түрік басылымдары арқылы үндеу жасады.
1918 жылы Қызылжар өңірінде Алаш комитетінің төрағасы ретінде қызмет атқарып, Алаш қозғалысының идеясын таратып, ұлттық автономия құру жолында күресті.
Алайда большевиктік билік орнаған соң Шәймерден Қосшығұл да қуғын-сүргінге ұшырады. 1930 жылдардың басында «халық жауы» деген жалған айып тағылып, ақыры 1932 жылы Омбы өңірі, Есілкөл ауданы, Ақсары ауылында өмірден өтті.
Бүгін біз өткенге көз жүгіртіп, Шәймерден Қосшығұл сынды ұлт арыстарының еңбегін еске алуымыз тарихи әділеттілік. Олар бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаған ардақтылар. Жазықсыз жапа шеккен Алаш қайраткерлерін ұмытпау ұлт алдындағы борышымыз.
Хасенов Жолдасқожа ерекше ірі мал иесі. Көкшетау ауданының №1 ауылында тұрған Хасенов Жолдасқожа тәркілеу науқанындағы мал саны жағынан ең ірі байлардың бірі. Архив құжаттарында көрсетілгеніндей, оның иелігінде: 820 жылқы, 26 ірі қара, 117 қой мен 23 ешкі болған.
Мал басы барлығы 869 ірі малға теңестірілген. Мұндай көрсеткіш тек қана байлықтың емес, үлкен шаруашылықты жүргізе білудің, жүйелі мал өсірудің, ұйымдастырушылық қабілеттің айғағы еді. Дегенмен бұл Жолдасқожаны тәркілеуден құтқара алмады. 1928 жылғы 22 қыркүйектегі Петропавл округтік атқару комитетінің №10 қаулысына сәйкес, ол 1-санатты бай ретінде бүкіл отбасымен округ шегінен тыс жерге жер аударылып, мүлкі толық тәркіленді.
Абылсанов Сейфолла – қарсы пікір мен саяси көзқарастың құрбаны. Абылсанов Сейфолла туралы архивтік құжаттарда туған жылы мен отбасы жайлы мәліметтер сақталмағанымен, оның кең көлемдегі шаруашылық жүргізгені белгілі. Революцияға дейін оның иелігінде: 130 жылқы, 19 бұқа, 14 сиыр, 252 қой болған. Сондай-ақ, егін еккен, 2 жалдамалы жұмысшы ұстаған.
Сейфолла бай ретінде ғана емес, кеңестік реформаларға қарсы белсенді пікір білдіруші ретінде де көзге түскен. Ол колхоздастыру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау жоспарларына қарсы шыққан, бұл оның кеңестік билікке «әлеуметтік қауіпті элемент» ретінде жақпауына себеп болды. Абылсанов Сейфолла хан-сұлтан ұрпағы, бұрынғы болыс, байлар қатарында болғандықтан, 1928 жылы дауыс беру құқығынан, біржолата мал-мүлкінен айырылып, қуғынға ұшырады. Құжатта оның нақты қайда жер аударылғаны көрсетілмесе де, «раскулаченный» деген белгі толық жойылу саясатын айғақтайды.
Омарқұлов Шәріп – шаруашылық иесі және қуғын-сүргін құрбаны. Еңбекшілдер ауданының №3 ауылында өмір сүрген Омарқұлов Шәріп 1928 жылғы тәркілеу кезінде келесі мүлкінен айырылды: 130 жылқы, 30 ірі қара, 165 қой, 1 шөп шабатын техника, 1 тырма, 1 сепаратор, Қыстау, ағаш үй және 2 киіз үй, 20 десятина жер егісі.
Шәріп бай ретінде екі тұрақты жалдамалы жұмысшыны ұстаған. Бұл оның шаруашылығы бір үйдің шеңберінен шығып, аймақтық деңгейде маңызы бар ірі құрылым болғанын көрсетеді.
1928 жылы 22 қыркүйек күні шыққан Петропавл округтік атқару комитетінің №10 қаулысы бойынша Омарқұлов отбасы мүшелерімен бірге Петропавл округінен тыс жерге жер аударылып, бар мүлкі тәркіленді.
Тек 1989 жылы 19 қыркүйекте ғана Көкшетау облыстық прокуратурасының шешімімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығына сәйкес толық ақталды.
Тәшенов Мұқылай – атамекенінен аластатылған тұлға. Көкшетау ауданының №3 ауылынан шыққан Тәшенов Мұқылай да кең көлемде шаруашылық жүргізген. Тәркіленген мүлік көлемі оның ауқатты бай болғанын дәлелдейді. 118 жылқы, 61 ірі қара, 5 түйе, 260 қой, 43 ешкісі болған.
Мал құрамы ірі қараға шаққанда – 227 бас. Бұл көрсеткіш Тәшеновті бірінші санатты бай ретінде сипаттауға толық негіз береді. Ол да 1928 жылғы атышулы қаулы негізінде отбасымен бірге округтен тыс жерге жер аударылды.
Тек 2000 жылы 4 қыркүйекте ғана Ақмола облыстық прокуратурасы Тәшенов Мұқылайды Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы негізінде ақтады.
Азнабаев Әбжан – мал иесі және қуғын-сүргін нысанасы. Көкшетау ауданының №1 ауылында тұрған Азнабаев Әбжан кеңестік билік тарапынан бірінші санатты бай ретінде танылды. 1928 жылғы тәркілеу науқанында оның мынадай мүлкі тәркіленді. 390 жылқы, 37 ірі қара, 240 қой, 48 ешкі, Жалпы ірі малға шаққанда – 475 бас. Бұл дерек Азнабаевтың шаруашылығы өз дәуіріндегі ірі ауыл шаруашылық субъектісі болғанын аңғартады. Кеңестік саясат үшін мұндай ауқымдағы шаруашылық тап жауы, яғни, ауылдағы кеңестік құрылымға қауіп төндіретін әлеуетті ықпал иесі ретінде бағаланды.
Петропавл округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 22 қыркүйектегі №10 қаулысы негізінде Әбжан Азнабаев отбасымен бірге туған өлкесінен қуылып, барлық мүлкі тәркіленді. Оның тағдыры – дәстүрлі көшпелі бай шаруашылығы мен оның иесінің толық жойылу көрінісі.
Байтіков Аббас – дәстүрлі байлық пен тәркілеу тізімінде жүр. Байтіков Аббас та Көкшетау ауданында ірі байлардың бірі болды. Тәркілеу құжаты бойынша оның мал-мүлкі мынадай көлемде болған. 127 жылқы, 59 жас жылқы, 8 бұқа, 19 сиыр, 60 қой, 13 ешкі, 3 түйе.
Барлығы – 231 бас мал. Бұл – көшпелі қазақ байының классикалық бейнесі. Байтіков те жоғарыда аталған қаулы негізінде отбасымен бірге жер аударылып, мүлкі толық тәркіленді. Кеңестік жүйе оны да «бай-атқамінер» ретінде тануға еш кідірместен шешім қабылдады.
Балғожин Абылай, 1878 жылы туған, ірі шаруа, техникалық жабдықталған бай. Балғожин Абылай – дәстүрлі мал шаруашылығымен ғана емес, сонымен қатар, техникалық құралдарды пайдалануымен ерекшеленген ірі бай. Оның мүлкі төмендегідей көлемде тәркіленген. 100 бас жылқы, 25 бас ірі қара, 73 десятина егістік жер, 40 десятина шабындық жер, Паровозды молотилка, «Фордзон» тракторы, ауыл шаруашылық машиналары.
Бұл мәліметтер оның шаруашылығы нарықтық-тауарлық сипатқа көшіп, техникалық жағынан дамығанын көрсетеді. Абылай 5 жалдамалы жұмысшы ұстаған. Ол тек бай ғана емес, заманына сай техникалық сауатты, ұйымдастыру қабілеті бар шаруа иесі болған.
Балғожин Сәдуақас, 1893 жылы туған, байлықты бөліскен ағайын. Абылайдың жақын туысы, мүмкін, ұлы не інісі Сәдуақас та дәл сондай көлемдегі мүлікке иелік еткен. Бұл олардың шаруашылығын бірлесіп жүргізгенін немесе әулеттік деңгейде біртұтас ірі бай шаруашылық құрғанын аңғартады. Сәдуақастың да иелігіндегі мүлік: 100 жылқы, 25 ірі қара, 73 десятина егістік, 40 десятина шабындық, Паровозды молотилка, трактор және басқа ауыл шаруашылық машиналары, 5 тұрақты жалдамалы жұмысшысы болған.
Батырбаев Табылды (Сүлеймен Табильдинов) – бай һәм алашшыл атқамінер. Батырбаев Табылды, кейбір құжаттарда Сүлеймен Табильдинов деп көрсетіледі, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Көкшетау өңіріндегі ықпалды, саяси белсенді атқамінерлердің бірі болған. Оның ата-бабасы, әсіресе, әкесі Табылды Батырбаев – өңірге танымал тұлға, Алаш партиясы мен Алаш Орда қозғалысының Көкшетау уездік комитетінің белсенді мүшесі болған. Кеңестік билік үшін мұндай әлеуметтік шығу тегі тәркілеу мен саяси қуғынға жеткілікті себеп болды.
Архивтік мәліметтер бойынша, Табылдының шаруашылығы өте ауқымды әрі ұйымдасқан түрде болған. Октябрь ауданының №1 ауылында орналасқан бұл шаруашылықта 15 адамнан тұратын отбасы мен 3 жалдамалы жұмысшы, соның ішінде 1 маусымдық жұмысшы еңбек еткен. Оның иелігінде 293 бас мал (115 жылқы, 62 ірі қара, 3 түйе, 131 қой мен ешкі), 800 пұт бидай, 200 пұт сұлы, 555 пұт шөп және жалпы құны 386 сомға бағаланған ауыл шаруашылық құралдары болған. Әкесінің өз мүлкін ұлының атына жазып беру әрекеті тәркілеуден құтқаруға тырысқан шара болғанымен, нәтиже бермеген. ОГПУ деректерінде Табылды «атқамінер» ретінде сипатталып, осы себеппен оның мүлкі тәркіленіп, өзі отбасымен бірге Петропавл округінен жер аударылды.
Бекмұхамедов Нығметжан – ірі бай, байлығымен көзге түскен тұлға. Кеңестік тәркілеу саясатының тағы бір нысанына айналған – Көкшетау ауданының ірі байы Бекмұхамедов Нығметжан. Оның шаруашылығының көлемі мен құрылымы тәркілеу науқанының тек экономикалық емес, сонымен қатар, саяси мақсат көздегенін дәлелдейді. Оның меншігіндегі мал саны 405 басқа жеткен, оның ішінде: 180 жылқы (соның 53-і 3-4 жастағы), 40 өгіз, 53 сиыр, 167 қой, 50 ешкі және 6 түйе болған. Кеңестік үкімет мұндай байлықты «әлеуметтік қауіптілік» деп танып, бай-феодал ретінде бағалап, Петропавл округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 22 қыркүйектегі №10 қаулысы негізінде Нығметжанды отбасымен бірге Петропавл округінен жер аударып, барлық мүлкін тәркілеген.
Жұманов Әлжан – орташа дәулетті, ұйымдасқан шаруашылық иесі. Жұманов Әлжан Еңбекшілдер ауданының №3 ауылында тұрған, 1928 жылғы тәркілеу науқаны кезінде «бай» ретінде танылып, 1-санаттағы кулак ретінде отбасымен бірге жер аударылған. Архивтік құжаттар бойынша Әлжанның шаруашылығы орта деңгейде ұйымдасқан деп көрсетілген, бірақ, тұрақты еңбек күшін ұстауы оны кеңестік билік үшін әлеуметтік қауіпті элемент ретінде бағалауға жеткілікті болған.
Шаруашылық құрамы мынадай: 155 жылқы (оның ішінде 109-ы ерекше санатқа жатқызылған), 20 ірі қара, 2 түйе, 85 қой мен ешкі, 1 шөп маясы, 1 тырма, 1 сепаратор, 25 десятина шөптік жер, 4 десятина егіндік алқап, сондай-ақ, ағаш үй мен 2 киіз үй. Ол тұрақты түрде 2 жалдамалы жұмысшыны пайдаланған. Бұл мәліметтер шаруашылықтың ауқымын ғана емес, оның кәсіби ұйымдастырылу деңгейін де көрсетеді. Жұманов отбасымен бірге Петропавл округінен тыс жерге жер аударылып, 1989 жылы 19 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 16.01.1989 жылғы Жарлығы негізінде Көкшетау облыстық прокуратурасының шешімімен ақталған.
Зақрияев Құрманқожа – ірі бай-феодал, мал және техника иесі. Көкшетау ауданының №8 ауылында тұрған Зақрияев Құрманқожа кеңестік тәркілеу науқанының шеңберінде бай-феодал ретінде ерекше көзге түскен тұлғалардың бірі. Оның шаруашылығы көлемі жағынан аса ауқымды болған және мұндай байлық кеңестік жүйе үшін саяси-әлеуметтік тұрғыда қауіпті деп танылды.
Архив деректері бойынша, Құрманқожа 451 жылқы, 62 ірі қара мал, 229 қой мен ешкі, сондай-ақ, күрделі ауыл шаруашылық техникаларын иеленген. Сонымен қатар, ол тұрақты түрде 12 батракты жалдап ұстаған, бұл оның шаруашылығының өндірістік сипатын және әлеуметтік мәртебесін айқындай түседі. Кеңестік билік оны 1-санаттағы бай ретінде барлық мүлкін тәркілеп, Петропавл округтік атқару комитетінің 22 қыркүйек 1928 жылғы №10 қаулысы бойынша отбасымен бірге Петропавл округінен тыс жерге жер аударған.
Кенжеғарин Шүкім – ірі бай, дәстүрлі мал шаруашылығының иесі. Кенжеғарин Шүкім 1928 жылғы тәркілеу науқаны кезінде Көкшетау ауданында ірі бай ретінде танылып, кең көлемдегі мал шаруашылығымен айналысқан тұлға. Архивтік құжаттарға сәйкес, оның иелігінде жалпы саны 370 басқа жететін мал болған, бұл оның дәулетінің ауқымдылығын және дәстүрлі көшпелі шаруашылық үлгісін жалғастырып отырғанын көрсетеді.
Тәркіленген мал құрамы төмендегідей. 160 жылқы, 13 өгіз, 39 сиыр, 175 қой, 22 ешкі және 10 түйе. Мұндай көлемдегі мал бай-феодал ретінде танылуға жеткілікті болған. Кеңестік билік оны «1-санаттағы бай» деп танып, Петропавл округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 22 қыркүйектегі №10 қаулысы бойынша бүкіл мүлкін тәркілеуге және отбасымен бірге Петропавл округінен тысқары жерге жер аударуға шешім шығарған. Бұл іс Шүкім Кенжеғариннің кеңестік мал-мүлік саясатынан зардап шеккен тұлғалардың бірі екенін дәлелдейді.
Баянов Ыбрай – күрделі тағдырлы кулак. Ыбрай Баянов 1865 жылы туған. Ол Көкшетау ауданының №17 ауылының тұрғыны болған және алты мүмкіндігі шектеулі адамнан, оның ішінде үш әйелден тұратын үлкен отбасының басшысы болған. Баянов партия мүшесі болмағанымен, оның шаруашылығы кулак деп танылған, өзіне сайлау құқығы берілмеген және бұрын 61-бап бойынша сотталған.
Мәліметтерге қарағанда, Баянов 2-3 жалдамалы батракқа жұмыс істеткен. 1931 жылы Көкшетау аудандық атқару комитетінің президиумы оны кулак деп танып, отбасымен бірге ауданнан шығару туралы шешім қабылдаған. Өзін өзі қорғау мақсатында Баянов қашып кеткен, ал, отбасы ауылда қалған. Оның тағдыры дәстүрлі өмір салтының күрделі кезеңіндегі көптеген адамдардың қайғы-қасіреті.
Бүркітбаев Қасен – ірі бай және отбасының басшысы. Қасен Бүркітбаев 1887 жылы туған деп есептеледі. Оның 1930 жылдар басында кең көлемде мал-мүлкі, ал, 1917 жылға дейін 200-300 жылқысы, 50-60 ірі қарасы, 100 қой мен ешкісі болған. Бүркітбаевтың отбасы мүшелері – әйелі Бадеп пен баласы Қызат.
Қамауға алынғанға дейін ол Желтау ауылдық кеңесінде, «Игілік» колхозында №13 ауылда тұрған. Ол 5-6 батракқа жұмыс істеткен, бұл оның шаруашылығы жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Бүркітбаевтың оқиғасы кеңестік Қазақстандағы көптеген бай-шонжарлардың тағдырының айғағы, олардың шаруашылығы тәркіленіп, отбасылары жер аударылған.
Жақыпов Кәрім мал-мүлкінен, құқығынан айрылған Көкшетау ауданы №6 ауылдың тумасы. Жақыпов Кәрім 1932 жылы 65 жаста болған. Малға бай, үш-төрт жалдамалы жұмысшысы бар ол 1917 жылға дейін 50 жылқы, 35 сиыр, 100 қой-ешкі ұстаған. Кеңестік билік орнағаннан кейін оның мүлкі күрт қысқарып, 1931 жылы астық дайындау науқаны кезінде «30 пұт бидай жоспарын орындамады» деген желеумен тұтқындалып, бір ай абақтыда отырып шығады.
Ал, 1931 жылы «бай-кулак» деп танылып, мүлкі мен малы тәркіленіп, саяси құқығынан айырылған. Жазасын өтегеннен кейін де сайлау құқығынан айырылып, қоғамдық өмірден шеттетілді. Әйелі Дәмен, келіні Бәдигүлмен бірге өмір сүрген.
Досымов Қали ата-бабасы бай, өзі ел басқарған. №3 ауылы тумасы Досымов Қали бай әулеттен шыққан адам. 1932 жылы 64 жаста болған Қалидің атасы 1000 жылқы ұстаған ауқатты кісі болған. Қалидің өзінде 40 жылқы, 27 сиыр, 82 қой-ешкі және 16 пар өгіз болған. Сонымен қатар, ол ауылдық басқарушы болып қызмет атқарған және 4-5 жалдамалы жұмысшысы болған.
1932 жылы 31 тамызда тұтқындалған ол 1932 жылғы 25 ақпандағы Көкшетау аудандық атқару комитетінің қаулысымен «кулак» деп танылып, дауыс беру құқығынан айырылып, жаппай ұжымдастыру мен кулактарды жою аясында аудан мен облыс аумағынан тыс жерге жер аударылған. Отбасында Трофимовка ауылында тұратын әйелі және екі кәмелетке толмаған баласы болған.
Калиев Сыздық – ұрпақтан ұрпаққа байлық сақтаған, бірақ, соңы зұлматқа ұрынған. 1932 жылы 59 жаста болған Калиев Сыздық Көкшетау ауданындағы №3 ауылда, «Уялы» колхозы маңында тұрған. Ол бай әулеттен шыққан, ауқатты, еңбекпен мал өсірген, бірақ, кеңестік жүйе оны «эксплуататор» және «лишенец» деп атады.
1931 жылы оның иелігінде 8 жылқы мен 17 бас ірі және ұсақ мал болған. Кеңестік жоспарлы міндеттемелерді толық орындамағаны үшін ол сотталған. Отбасында әйелі Сапан (аты анық емес), 45 жаста және ұлы Ғалымжан, 23 жаста болған.
Сыздықтың тағдыры – тек жеке адамның ғана емес, тұтас бір әлеуметтік топтың жойылу тарихы.
Кенжеболатов Зиятден – ірі бай, еңбекпен өскен, еріксіз жер аударылған. Кенжеболатов Зиятден – кеңестік жүйе құрбандарының бірі. Ол да бай-батырлардың ұрпағы болған. 1917 жылға дейінгі мал мүлкі – 350 жылқы, 100 сиыр және 300 қой-ешкі оның ауқаттылығын, ел ішіндегі ықпалын көрсетеді. Сонымен бірге, 4-5 тұрақты жалдамалы жұмысшы ұстаған.
1932 жылы 14 сәуірде ол «ірі бай-эксплуататор» деп танылып, 5 жылға сотталған. Бұл үкім отбасын да зардапқа ұшыратты. Ұлы Қазыпан (аты анық емес), 22 жаста, келіні Лемке – 20 жаста. Жалпы, оның асырауында бес жан болған, оның екеуі 16 жасқа дейінгі балалар.
Құдайбергенов Әбіл қарт бай, бірақ, «қауіпті элемент» деп танылған. 1932 жылы 83 жасқа келген Құдайбергенов Әбіл Көкшетау ауданының №9 ауылында тұрған, өмірін мал шаруашылығына арнаған еңбекқор жан. 1929 жылғы дерек бойынша, оның иелігінде 26 жылқы, 8 сиыр, 23 қой болған, сондай-ақ, Байканов есімді батрак пен тағы басқа жалдамалыларды ұстаған.
Ол ешқандай партияға мүше болмаған. Алайда 1932 жылдың 14 ақпанында «жалдамалы еңбек күшін пайдаланған», «кедейлерге әсерін тигізіп, кеңестік билікке қарсы көңіл-күй таратқан» деген желеумен тұтқындалып, Қылмыстық кодекстің 61-бабы бойынша жауапқа тартылып, дауыс беру құқығынан айырылды. Оның асырауында 3 адам болған, соның екеуі 16 жасқа толмаған балалар.
Күшеков Жүсіпкен – кедей ортадан шыққан, бірақ, ауқатты болғаны үшін жер аударылған. Күшеков Жүсіпкен, 1890 жылы туған, Көкшетау ауданының №13 ауылында өмірге келген. Әкесі ерте қайтыс болған, анасы төрт баласын жалғыз өсіріп, олар мал бағу арқылы күн көрген. Жүсіпкен де ағаларымен бірге адал еңбек етіп, мал санын көбейтіп, өз шаруашылығын дөңгелеткен.
1929 жылға дейін оның қолында 30-40 жылқы, 20-30 сиыр, 100 қой, бірнеше түйе болған. Қол астында тұрақты жалдамалы жұмысшылар істеген. Әйелі 1900 жылы туған Күлсім. Ол да ешқандай саяси ұйымға кірмеген.
1931 жылы 16 сәуірде аудандық билік оны «нағыз кулак» деп танып, дауыс беру құқығынан айырып, отбасымен бірге аудан аумағынан тыс жерге жер аударуға және мал-мүлкін тәркілеуге шешім қабылдады.
Мақыжанов Жаманбала – саудагер, кәсіпкер, бірақ, «халық жауы».
Мақыжанов Жаманбала өмірбаяны толық сақталмағанымен, оның кеңестік саясаттың тікелей құрбаны болғаны анық. Ол ауқатты, іскер адам болған. Революцияға дейін оның иелігінде 200-300 жылқы, 40-50 сиыр, 100-200 қой-ешкі, 7 түйе болған. Сонымен қатар, 20-30 гектарға егін салған, мануфактура және басқа да тауарлармен сауда жасап, өзінің жеке дүкені мен бұйрықшысы (приказчигі) болған. Жеке үйі ағаштан салынған үй мен киіз үй. Бұл оның көшпелі мен отырықшы шаруашылықты қатар жүргізгендігін көрсетеді. Жұбайы – Майра, кәмелетке толмаған 3 баласы болған. Саяси ұйымдарға қатысы болмаған. Бірақ, кеңестік билік оны «совет үкіметіне қарсы» деп танып, тапсырмаларды орындамағаны үшін айыптап, кулак-эксплуататор деп атаған.
Мақышев Кәйкел – жас бай, бірақ, болашағына балта шабылған. Мақышев Кәйкел, 1932 жылы 37 жаста, Көкшетау ауданының №7 ауылында туған. Жас кезінен байлыққа жеткен. 1917 жылға дейін 160 жылқы, 55 сиыр, 200 қой-ешкі, 7 гектар егістік жер, 3 бөлмелі үйі, 4-5 жалдамалы жұмысшысы болған. Жұбайы – Маден, 36 жаста, бір жас бала тәрбиелеп отырған. Ол да ешқандай саяси қозғалысқа қатыспаған. Алайда, 1932 жылдың 7 мамырында «ірі бай-эксплуататор» деп танылып, дауыс беру құқығынан айырылған, қуғынға ұшыраған.
Манапов Дәулетша – татар саудагерінің тағдыры. Манапов Дәулетша, 1866 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген, ұлты – татар. Кеңес үкіметіне дейін ол мануфактуралық тауарлармен сауда жасаған, әрі ауыл шаруашылығымен де айналысқан.
Қолында 2 пар өгіз, 3 жылқы, ауыл шаруашылық құралдары болған. 1925-1926 жылдары 10 десятина жерге егін еккен, сондай-ақ, жалдамалы жұмысшылар ұстаған. Оның отбасы да толыққанды болған: жұбайы – 50 жаста, қызы Мариям – 23 жаста, екінші қызы Зәйнәп – 18 жаста, денсаулығы нашар. Алайда, бай-саудагер, кулак ретінде танылып, 1930 жылы белгіленген астық тапсырмасын орындамағаны үшін жауапқа тартылып, барлық мүлкі тәркіленіп, 1931 жылы 16 сәуірде тұтқындалды. Кеңес өкіметіне қарсы көзқарасы бар деп айыпталып, сайлау құқығынан айырылды.
Миметжанов Мерғазы – мыңғырған мал иесі, бірақ, «тап жауы».
Миметжанов Мерғазы 1896 жылы туған. Оның әулеті – дорбасы мол бай отбасы болған. Әкесі революцияға дейін мыңдаған бас мал ұстаған. 1000 жылқы, 1000 ірі қара, тіпті жылына 400-500 мал сойып, ет саудасымен айналысқан. Үйінде ондаған жалдамалы жұмысшылар болған. Кеңестік билік орнағаннан кейін, әкесі тәркіленіп, отбасылық кәсіп жойылған.
Өзі Көкшетау қаласындағы Карл Маркс көшесі, 56-үйде тұрған. Отбасында жұбайы – 30 жаста, апасы Рабиға – 22-де, анасы – 75 жаста және кәмелетке толмаған 2 баласы бар. 1932 жылдың 15 қаңтарында Миметжанов Қылмыстық кодекстің 61-бабы бойынша сотталды, «бай тұқымы», «эксплуататор» ретінде қудалауға ұшырады.
Миметжанов Рахиметжан – Ташкенттен Көкшетауға дейінгі сауда жолы. Миметжанов Рахиметжан 1886 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Кеңестік билік орнағанға дейін ірі саудамен айналысқан, жалдамалы жұмысшылар ұстаған. Ол кәсібін Көкшетау өңірінде жалғастырған. Саясатпен айналыспаған, партия мүшесі болмаған. Алайда, 1929 жылы, ауыл шаруашылығы қорына астық тапсырмағаны үшін 1500 сом айыппұл салынды. Бұл айыппұлды төлеу мақсатында мүлкі тәркіленді. Бұған қоса, Колчак армиясына малмен және қаржылай көмек көрсетті деген айып тағылып, 1931 жылдың 11 желтоқсанында Қылмыстық кодекстің 61-бабы бойынша сотталды. Нәтижесінде сайлау құқығынан айырылып, «тап жауы» қатарына қосылды.
Мырзалин Баяли (Чубеков) – ел басқарған болыстың тағдыры. Баялы Мырзалин 1857 жылы дүниеге келген, Көкшетау уезінің №22 ауылы, қазіргі Октябрь ауданының тұрғыны. Кеңес үкіметіне дейін 4,5 жыл болыстық қызмет атқарған, жергілікті шонжарлармен байланысы болған, баласы дворян шенінде, екі мәрте құрмет шапанын алған.
Революциядан кейін де оның мал шаруашылығы жақсы дамыды. 300 бас жылқы, 200 ірі қара, 200 қой ұстаған. 10 жалдамалы жұмысшысы болған. Бірақ, бұл байлық кеңестік идеологиямен үйлеспейтін. Оны 1930 жылы контрольдік тапсырманы орындамағаны және шаруашылығын әдейі қысқартқаны үшін айыптап, мүлкін тәркілеген.
1927 жылдан бастап сайлау құқығынан айырылған, ал, 1932 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалып, кейін округ шегінен тыс жерге жер аударылған. Айыптың ішінде отбасылық-рулық ықпал жүргізді, кеңес билігіне қарсы ұйымдастырылған әрекеттерге қатысы бар деген тармақтар бар.
Мұхаметов Абдрахман – болыстықтан жазаға дейін
1863 жылы дүниеге келген Мұхаметов Абдрахман патша өкіметі кезінде 3 жыл бойы ауыл басшысы қызметін атқарған. Бұл кезеңдегі беделі мен абыройы кеңестік билік тарапынан күдікпен қабылданды. Кеңестік құжаттарда ол «кеңес үкіметіне қарсы көзқараста» болғаны үшін айыпталған.
1931 жылдың 9 наурызында тұтқындалып, Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 61-бабы бойынша сотталған. Нәтижесінде сайлау құқығынан айырылып, қуғын-сүргін тізіміне енген. Оның ұрпақтары 16 жастан асқан төрт баласы әкесінің тағдырын басынан өткеріп, қуғындалған болуы мүмкін.
Мұхаметов Ахметжан – бай мен саудагер ретінде айыпталған. Мұхаметов Ахметжан – белгілі бай әулетінің ұрпағы. Архив деректеріне қарағанда, революцияға дейін-ақ 50 жылқы, 35 сиыр және 60 бас ұсақ мал, жалдамалы жұмысшылар ұстаған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де 40 жылқы мен 60 ірі қараны, 20 ұсақ малды иеленген. Сонымен қатар, саудамен де айналысқан, яғни, ірі саудагер ретінде сипатталады.
Отбасы құрамында жұбайы Қанапия (35 жаста), анасы Ақмай (85 жаста) және екі баласы (16 жасқа толмаған) болған. Кеңестік жүйе оны «потомственный бай және бай-эксплуататор» ретінде айыптап, 2 жыл бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге жер аудару жазасын тағайындаған.
Омаров Қайырбек – атадан бай, «кеңес өкіметіне жау». 38 жастағы Омаров Қайырбек Көкшетау уезі, №11 ауылдың тұрғыны. Әкесі Өмір алты жыл бойы ауыл басшысы болған, яғни, әулеті дәулетті әрі елге сөзі өтімді болған. Қайырбектің өзі де 1917 жылға дейін 50 жылқы, 30-35 сиыр, 50 қой-ешкі ұстаған. Кеңес билігі оны «потомственный бай» ретінде айыптап, сайлау құқығынан айырды, шаруашылығын тартып алды.
Райымбеков Тәкен – колхозға қарсы шыққандардың бірі
1877 жылы туған Райымбеков Тәкен де дәулетті отбасыдан шыққан. Отбасында жұбайы (45 жаста), ұлы Қодаш (17 жаста) және 16 жасқа дейінгі екі бала болған. Кеңестік билік оны колхоздастыруға қарсы болғаны, үгіт жүргізгені үшін жауапқа тартып, колхоздан шығарып, сайлау құқығынан айырған. Онымен бірге айыпталған тағы бір азамат Инябеков Бекен, 55 жаста, ұлы Қауыш 17 жаста. Оның да мал-мүлкі мол болған. 60 жылқы, 40 сиыр, 150 қой мен ешкі, сондай-ақ, 4-5 жалдамалы жұмысшысы бар болған. Бұл да кеңестік билік үшін «қылмыс» саналды. 1931 жылдың 16 сәуірінде екі азамат та ұсталып, қоғамға қарсы элементтер ретінде танылды.
Сыздық Усманов – қаланың ірі саудагері. 1931 жылы 62 жаста болған Усманов Сыздық Көкшетау қаласының танымал саудагері. Ол Урицкий көшесіндегі №32 үйді жалдап тұрса да, өз меншігіндегі Қызыл көшесіндегі №53 үйі болған. 1917 жылға дейін Сыздық ірі қара мал саудасымен айналысып, жалдамалы жұмысшылар (батрактар) ұстаған. Сонымен қатар, оның иелігінде екі қабатты үйі, моншасы, 10-12 гектар егістік алқабы, 5 жылқы, 3 сиыр, 5 өгіз және 10 қой болған. 1921-1925 жылдары Сыздық саудасын жалғастырып, егін егіп, монша ұстаған. Алайда, Кеңес үкіметі оны бай-эксплуататор деп танып, сайлау құқығынан айырды, айыппұл салып, мүлкін тәркіледі. 1931 жылы ол қала аумағынан жер аударылып, белгісіз бағытқа ізім-қайым жоғалған.
Үстеміров Ахметбек – бидің ұрпағы, молда һәм бай. 63 жастағы Үстеміров Ахметбек Көкшетау уезі, №13 ауылдың тұрғыны. Отбасында жұбайы Жанатайжан (49 жаста), ұлы Тойшыбек (12 жаста), қыздары Көккүз (8 жаста) бен Іңкәр (10 жаста) болған. Оның әкесі Үстемір кезінде 500 жылқы, 200 қой-ешкі ұстаған, 6-7 жалдамалы жұмысшысы болған, ал, өзі патша заманында 9 жыл бойы би қызметін атқарған.
Ахметбектің өзі де дін иесі – молда болған. Кеңестік билік оны әлеуметтік қауіпті тұлға деп танып, «бай-эксплуататор, молда» ретінде айыптап, қуғын-сүргінге ұшыратқан. Мал-мүлкі тәркіленіп, өзі елден аластатылған.
Өтегенов Жәзит – Көкшетау ауданындағы бай-қожайынның тағдыры. Өтегенов Жәзит 1932 жылы 60 жаста болған, шамамен 1872 жылы дүниеге келген. Ол Көкшетау ауданының 11-ауылында тұрып, ауыл шаруашылығымен айналысқан бай-қожайындардың бірі еді. Оның малының саны көп – 50 жылқы, 30 ірі қара, 10 жұп жұмысшы бұқа, 70 қой мен ешкі және 10 гектар егістік жері болған. 3-4 жалдамалы жұмысшыны ұстап, мал шаруашылығын дамытып отырған.
Отбасы да үлкен әрі мықты болды. Әйелі Бибі 45 жаста, ұлдары Шамшит (24 жаста), Күкеш (19 жаста) және Шаймырза (16 жаста) болды. Бұл отбасы сол кезде ауылдағы беделді, ықпалды отбасылардың қатарында саналды. 1927 жылы Өтегенов Жәзиттің байлығы тәркіленіп, оның мүлкі конфискацияланды. Ол «бай-кулак, саудагер және бандит» ретінде айыпталып, 1930 жылы сайлау құқығынан айырылды. Бұл оқиғалар сол кездегі саяси жағдай мен әлеуметтік трансформациялардың айқын көрінісі еді. Үтегеновтің тағдыры қазақ даласындағы бай-қожайындардың күйреуінің және кеңес өкіметінің жаңа саясатының салдары екенін айқын көрсетеді. Оның өмірі мен отбасының жағдайы сол кезеңнің ауыртпалықтарының, елдегі қоғамдық өзгерістердің нақты мысалдарының айғағы.
Шарапиев Қабдылсәләм саудагердің қиын тағдыры. Шарапиев Қабдылсәләм 1908 жылы туып, Көкшетау ауданының 10-ауылында тұрған. Оның отбасы бұрыннан мал шаруашылығымен айналысқан. 1917 жылға дейін 700 жылқы, 95 ірі қара, 10 түйе, 350 қой және 125 ешкісі болды. Сонымен қатар, тұрақты 4-5 жұмысшысы болған, бұл осы отбасының байлығын және ауылдағы ықпалын көрсетеді. 1927 жылдан бастап Қабдылсәләм саудамен айналысып, ауыл шаруашылығынан бөлек те кәсіпкерлікпен айналысты. Ақтар кезінде ол 40 жылқыны ер-тоқымымен беріп, осы үшін колхоздан шығарылып, ауданнан қуылды. Бұл жағдай оның өміріне үлкен сынақ болды. Отбасы мүшелері – әйелі Балқаш, әкесі Шарапи және анасы Балсары. 1932 жылдың 14 сәуірінде оған қарсы айып тағылған, нақты айыптар туралы ақпарат толық емес. Қабдылсәләмнің тағдыры кеңес өкіметі саясатының ауылдағы байлар мен кәсіпкерлерге деген қысымы мен әділетсіздігін көрсетеді. Оның өмірі ауылдағы өзгерістер мен әлеуметтік шиеленістердің көрінісі болып табылады.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
жас ғалым, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу институтының директоры.
сурет: aqtobegazeti.kz
![]()

