Аудан тойы
Өткен сенбі күні Жарқайың ауданының тұрғындары мен қонақтары осы ауданның құрылғанына 70 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралардың куәсі болды. Мерейтойлық бұл шараларға аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бұл той туған елге деген құрмет пен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Мереке аудан ипподромында өткен ұлттық спорт жарыстарымен басталды. Жарыстар көкпар, тай жарыс, аламан бәйге түрлері бойынша өтті. Бұл жарыстарға Солтүстік Қазақстан облысынан, өз облысымыздың Жақсы және Атбасар аудандарынан келген шабандоздар мен спортшылар қатысты.
Аламан бәйге нәтижесі бойынша бірінші орын жарқайыңдық Ерқанат Әкімжановқа бұйырды. Ол бір миллион теңге ақшалай сыйлықты және кубок пен медальді иеленді. Екінші орынның жүлдесі, яғни, 500 мың теңге ақшалай сыйлық Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауылынан келген Рахман Әлдібекке және үшінші орын 300 мың теңге ақшалай сыйлығымен Жақсы ауданынан Мұрат Нұрасылға бұйырды.
Тай жарыс нәтижелері бойынша бірінші орынды Державинск қаласынан Нұролла Әбілмансұр, екінші орынды Гостелло ауылынан Ризат Ибрагимов, үшінші орынды тағы да Жақсы ауданынан Мұрат Нұрасыл, төртінші орынды Шойындыкөл ауылынан Айбек Әділбекұлы, бесінші орынды Атбасар қаласынан Асқар Бастанбек иеленді. Оларға 500 мың теңгеден 100 000 теңгеге дейін ақшалай сыйлық табыс етілді.
Көкпар жарысында бас жүлдені, атап айтқанда, 500 мың теңге мен кубокты Нахимовка-1 командасы жеңіп алды. Екінші орын 300 мың теңге сыйлығымен Нахимовка-1 және үшінші орын 100 мың теңге сыйлығымен Державинск командаларына бұйырды.
Сонымен қатар, Державинск қаласының орталық алаңында күні бойы қазақша күрес, қол күрес, гір көтеру, асық ату және қой көтеруден қазақтың ұлттық ойындары мен жарыстары ұйымдастырылды.
Ең бір қызық тартысты бәсекелер боз кілем үстінде өрбіді. Мұнда Астана, Қарағанды, Арқалық қалалары мен Қостанай облысының Амангелді ауданынан және Торғай ауылынан келген 20 балуан өзара ең мықтыны анықтады. Бірінші орын 600 мың теңге ақшалай сыйлығымен Қарағанды қаласынан келген Олжас Шымқаевтың еншісіне тиді. Ал, екінші және үшінші орын, соған орай 300 және 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарды Торғай ауылынан Ернұр Сәлімов пен Ерқанат Ырыздық иеленді.
Басқа ұлттық ойындар мен жарыстардың жеңімпаздары да жүлдесіз қалған жоқ. Оларға да ақшалай және заттай сыйлықтармен бірге, медальдар, сондай-ақ, грамоталар тапсырылды. Осы орталық алаңда тігілген киіз үйлерде тойға келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, көпшілік кең дастарханнан дәм татты.
Кешкілік орталық алаңда ауданның құрылғанына 70 жыл толуына байланысты салтанатты шара өтті. Онда аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков барша жиналғандарды өңірдің 70 жылдық мерейтойымен қызу құттықтап, ауданның одан әрі дамып, өркендеуіне өздерінің лайықты үлестерін қосқан ардагерлерге, еңбек адамдары мен басқа да белді азаматтарға алғысын білдірді.
–Бүгін біз Жарқайың ауданының құрылғанына 70 жыл толуын салтанатты түрде атап өтудеміз. Бұл тарихы терең, тағылымы мол туған өлкеміздің өткені мен бүгініне тағзым ету күні. Өңіріміздің дамуы мен алға басуы бірнеше ұрпақтардың еншісіне тиген жасампаз еңбек дәстүрімен тығыз байланысты болып келеді. Жарқайың жұрты әрдайым өздерінің ұйымшылдығы, еңбекқорлығы және аға ұрпақ дәстүріне адалдығымен ерекшеленеді. Бүгінгі мерекелік жоғары көңіл-күй мен кейінгі жылдары қол жеткен белгілі бір жетістіктер шоғыры осы бір ұмтылыспен біте қайнаса түседі. Алдағы уақытта да туған еліміз көркейіп, ауданымыздың әлеуеті артып, жаңа биіктерден көріне берейік, – деген аудан әкімінің сөзін көпшілік те қызу қолдап, ізгі ниеттерін білдіре түсті.
Мерекелік іс-шарада ауданның бұрынғы басшыларына, осы елде үлкен өмір жолдары қалыптасқан құрметті азаматтарға мерейтойлық естелік медальдар, ал, озат ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен қоғам белсенділеріне салалық кәсіподақ ұйымының «Елеулі еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Кешке қарай алаңға жиналған халыққа арналған гала-концертте Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Құрмаш Махан, Маржан Арапбаева, «Бәйтерек» тобы, Қобыланды Болат, Auka, Бекзат пен Аиша дуэті және «Грэмми» тобы өнер көрсетті. Мерейтойға арнайы шақырылған өнер өкілдерінің ән шашуынан кейін жастар үшін мерекелік би кеші ұйымдастырылып, оның соңы отшашуға ұласты.
–Бүгінгі мерекелік шара тек көзіміз көрген ойын-сауық, ән-күйдің легі емес, сонымен бірге, ұрпақтар сабақтастығының, елдік пен бірліктің көрінісі. Жетпіс жыл ішінде Жарқайың ауданы көптеген белестерді бағындырды. Бұл – осында тұрған және тұрып жатқан бүкіл халықтың еңбегі, – деді өз сөзінде билер алқасының төрағасы Төлеген Ибраев.
Расында да, бұл аудан тойы ел тарихын ұлықтаған, ұлттық ауызбіршілікті бекемдеген рухани-мәдени мазмұны терең, айтулы оқиғалардың бірі ретінде көпшілік есінде қалды. Ел аман, жұртымыз тыныш осы бір мамыражай заманда Жарқайың өңірінің жарқын істерге толы жасампаздық шежіресі әлі де өз жалғасын таба беретініне сенім мол.
Қ.КӘКЕНОВ.
Жарқайың ауданы.
![]()

