Оқтай түзу қабырғадан біле бер…

Еңбегімен еңселі

Иә, тас қалаушылар шеберлігін осыдан-ақ білуге болады екен. Звено жетекшісі Ерғожа Бегалинмен «Ademi холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс алаңында жолықтық.

Қауырт жұмыс. Бейсауат адамдардың алаңға келгенін көрсе де, көңіл аударар емес. Атқан оқтай қабырғаға кірпіш тоқтаусыз қалануда. Машықты қолдар жаңылысар емес. Жіпке тізген маржандай. Звено жетекшісі әріптестерінің әр қимылын жіті көзбен бақылауда.

Құрылысшының туған жері бүгінде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Ақсораң таудың етегіндегі Әлжан ауылы. Табиғаты тамылжыған өңір.

–Біздің ауылда он саусағынан өнер таматын шебер адамдар өте көп болды, – дейді кейіпкеріміз, – бала кезімізден сол ағаларымыз бен аталарымыздың жасаған бұйымдарын көзімізбен көріп, көңілімізге тоқып өстік. Сақина соғатын, білезік безендіретін, қамшының неше атасын жасайтын, ағаш шеберлері де не сән. Жалпы, өнерлі ауылдың баласы жастайынан еңбекқор болып өсетін шығар. Біз де сол алдыңғы буынның жолын қудық. Көз жауын алатын әшекейлі бұйымдар жасау жаратқанның сыйы. Біздікі адал еңбек ету.

1987 жылы облыс орталығындағы тұрғын үй құрылысы комбинатына жұмысқа орналасыпты. Ұста. Жалғыз өзі емес, сол жылдары облыс орталығындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепті бітірген жастар түгелге жуық. Ынтымақты, жігерлі ұжым. Жылдар өте келе, Көкшетау қаласындағы бой көтерген қаншама құрылысқа ат салысқан. Бүгінгі күні ойға шомғанда, сол кездегі нәтижелі істерінің арттарында қалған ізі екендігін бағамдар еді. Жігерлі жастардың алдынан жұмыс үркіп тұратын. Қайнаған жұмыс ортасы болғандықтан, құрылысқа қатысты шаруаның бәрін үйренуге тырысқан.

– Адамға алдымен ынта керек, – дейді құрыш қолды құрылысшы, – зейін қойып ұмтылса бәрін де үйренуге болады. Негізі адал еңбектің бәрі ардақты ғой. Өз басыма құрылысшы мамандығы қатты ұнайды. Біз өз еңбегіміз арқылы туған қаламыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына ат салысамыз. Сәл ғана әсірелеп айтқанда, төбесі көк тіреген, өз қолымызбен салған ғимараттардың жанынан өткен кезде кеудемізді қуаныш кернейді.

Құрылысшы Ерғожа құрдаспен аз-кем  әңгіме барысында түйгеніміз, ойға алған мақсат-мұраты орындалған. Өзінің кәтепті қара нардай еңбегінің нәтижесіне қарап сүйсінетіндігін ұқтық. Мамандығын мақтаныш тұту бір ғанибет. Қас қағым сәтте өрнекті өмір жолы туралы сәл ғана ширатып айтуға шамасы келді. Одан арғыға уақыт жоқ. Сәт санап көтеріліп бара жатқан қабырғаға кірпіштер қалануда. Бұл  Ерғожалар болашақты қалап жатқандай көрінді маған.

Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

 Суретті түсірген Нұрболат Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар