Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауы

Құрметті спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлері!

Қымбатты спорт сүйер қауым!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Дене шынықтыру мен спорт бүгінде ұлт саулығының, ұрпақтың жігері мен ел рухының жарқын көрінісіне айналды. Салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту және жоғары жетістіктер бүгінгі таңда мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі.

Ақмола облысында спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде облыс халқының 41,8 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл аймақ тұрғындарының белсенді өмір салтына бет бұрғанының айқын көрсеткіші.

Өңірімізде 1100-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді, жыл сайын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт мектептері мен алаңдар салынуда. Көкшетау қаласында заманауи көпфункционалды спорт кешені бой көтеруде, Щучинск пен Степногорск қалаларында да дене шынықтыру және спорт сарайлары салынып жатыр.

Облыс спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда көк байрағымызды желбіретіп, ел намысын қорғап келеді. Биыл ақмолалықтар 668 медаль жеңіп алды. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда, Универсиада мен Азия ойындарында да ел абыройын асқақтатқан спортшыларымызды баршамыз мақтан етеміз.

Бүгінде ұлттық құрамалар сапында аймағымыздан 563 спортшы бақ сынауда. Бұл – жаттықтырушылар мен спорт мектептерінің, ата-аналар мен барлық спорт ұйымдарының жүйелі жұмысының жемісі.

Сіздерге зор денсаулық, қажырлы еңбек, жаңа белестер мен толағай табыс тілеймін. Еліміздің спорт саласының дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

***

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!

Депутаттық корпус атынан сіздерді кәсіби мереке – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – денсаулық пен сергектікті, ерік-жігер мен табандылықты дәріптейтін айтулы күн. Спорт тек физикалық дамудың кепілі ғана емес, ол қоғамды біріктіретін, ұлттың әлеуетін арттыратын маңызды күш.

Ақмола облысы – бай спорттық дәстүрлерімен танымал өңір. Ел мақтанышына айналған біздің жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда өңіріміздің ғана емес, еліміздің де атын асқақтатып келеді.

Спорттағы үлкен жетістіктер мектеп аулаларынан, балалар спорт алаңдары мен үйірмелерінен басталады. Сол себепті бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады.

Өңірімізде жыл сайын спорттық инфрақұрылым нығайып, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен заманауи спорт алаңдары пайдалануға берілуде. Бұл – салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылған әрбір азаматқа жасалған нақты қолдау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде халыққа спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасау қажет екенін атап өткен болатын. Жуырда ғана зерлі Зерендіде бой көтерген заманауи спорт кешені осының бір айғағы.

Барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, дене шынықтыру қозғалысының белсенділерін, спорт мектептерінің тәрбиеленушілерін және жанкүйер қауымды шын жүректен Спорт мерекесімен құттықтаймын!

Сіздерге зор денсаулық, жаңа жетістіктер, отбасы бақыты мен амандық тілеймін!

Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар