Еріктілер жүрек қалауымен көмекке келеді

Игі бір іс

Еріктілер – ерен еңбегімен ел ырысын еселейтін әрі қарымына бір тиын да ақы сұрамайтын патриот азаматтар. Олардың үніне билік құлақ түріп, жұмысын қолдаса, халық та атқарар ісін бағалайды. Әрине, басым көпшілігі – оң баға.

Себебі, волонтерлар ешбір ақымен құнын қайтаруға, орнын толтыруға келмейтін ең  қымбат құндылықты, адамға көмекті іске асырады. Бүгінде БҰҰ деректері бойынша әлемде еріктілер саны 1 миллиардтқа жуықтайды. Бұл дегеніміз, ғаламшарда әрбір сегізінші азамат – қоршаған ортаға, айналасына бейжай қарамайтын, адамзат атын үнсіз ғана биікке көтеріп жүрген жандар.  Ерікті болудың маңызы мен мәнін түсіндірмес бұрын, әуелі өңіріміздегі осы сала қозғаласының жағымды жаңалықтарына тоқтала кетейін.

Аймақтағы жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Еріктілер қозғалысын дамыту» жобасы сәтті іске асып келеді. Ақмоладағы еріктілер қозғалысының даму қарқынына келсек, аймақтың еріктілер қозғалысы республикадағы белсенділердің бірінен саналады. Бүгінде облыста тіркелген 100-ге жуық волонтерлік ұйымда 4 мыңға тарта жас белсенді түрде еңбек етуде.

Өңірде «Qazmed Jastary», «Қазақстанның Қызыл жарты айы», «Көкшетау студенттер Альянсы», «Workout Center Akmola», «Жас Ұлан», «Жастар рухы» және өзге де ұйымдар түрлі бағытта жұмыс істейді. Олардың бастамалары мәдени, спорттық, білім беру, әлеуметтік және экологиялық жобаларды қамтиды. Волонтерлер қызметі тоғыз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Сонымен қатар, авто және зоо-волонтерлік сияқты жаңа бағыттар да белсенді дамып келеді.

Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесі еріктілерді біріктіріп, түрлі бастамаларды жүзеге асыруда. Тек соңғы есепті кезеңнің өзінде 1500-ге жуық іс-шара өткен. Ұйымдастырылған ауқымды жұмыстар қатарында қарттарға көмек, экологиялық акциялар, донорлық қан тапсыру, балалар үйіне қажетті құрал-жабдық жеткізу, тағы сол сияқтылар бар.

Тамыздың 20-21 күндері Сандықтаудағы балалар сауықтыру орталығында екі күндік «Ақмола облысының еріктілер лагері» іс-шарасы өтті. Іс-шараға өңірдің еріктілері, жастар ұйымдарының өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты.

Алғашқы күні ұйымдастырушылар қатысушыларды салтанатты ашылу рәсімімен қарсы алды. Әуезді әнмен басталған басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының басшылығы еріктілерді құттықтап, қоғамға жанашыр болудың маңыздылығын атап өтті. Ал «Жастар-ресурстық орталығы» жанындағы волонтерлерді қолдау орталығының жетекшісі Дидар Хамзин жас буынға шабыт пен сенім тіледі.

Күннің екінші жартысында еріктілер үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылды. «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының өкілдері Татьяна Миронюк пен Айбек Досымбетов, сондай-ақ, өңірлік белсенділер пайдалы тәжірибелерімен бөлісіп, волонтерлікті дамытудың қосымша жолдарын ұсынды. Семинар арасында көңілді ойындар, шығармашылық нөмірлер мен ән-күй кеші шараға ерекше реңк берді.

Екінші күн жастардың «TAZA AQMOLA» экологиялық акциясына қатысып, белгіленген аумақтарда қоқыс жинап, табиғатты қорғауға қосқан үлесімен ерекшеленді. «Таза жер – таза ой» ұранымен өткен акция қоршаған ортаға жанашырлық танытудың нақты мысалына айналды.

Лагерьдегі шара қонақтарының бірі – Айша есімді бикешпен тілдесіп, сұхбат құрған едік. Волонтердің сөзінше, мақсатшыл қыз өз уақытын жай демалыс, жұмыспен ғана өткізіп қоймай, келешекте өзі түсетін оқу орнына деп портфолиосын дайындап қойып жатыр екен.

– Қазір мен еріктілер қатарында жұмыс істеймін. Сонымен қатар, UNICEF курстарында оқып жатырмын. Жақында біз оқуымызды аяқтаймыз да, әрі қарай бейнежазбалар түсіре береміз. Жалпы, лагерьден алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен волонтерлер лагеріне облысымыздағы еріктілер қатарына қосылып, жаңа достар табуға келдім. Біз оған қол жеткіздік. Жаңа құрбыларымызбен таныстық, өзара телефон алмастық. Осы екі күнге созылған шарада есімде ерекше сақталар дүние – ең алдымен, спикерлердің лекциялары. Әсіресе, «Ұлттық волонтерлік желінің» басшысы Татьяна Маринюктің дәрісінде айтылған мәліметтері қызықты һәм пайдалы болды. Жалпы, мен өзім өте риза болдым, өйткені, осында оқу үшін келгенмін және қалағанымды алдым. Мүмкін, принципті түрде жаңа ештеңе үйренген жоқ шығармын. Бірақ, өзімнің көшбасшылық, бастамашылдық, белсенділік сияқты дағдыларымды жетілдірдім. Бұл қасиеттердің келешегімізге маңызы өте зор. Менің ойымша, ерікті болу осы қасиеттерді толық ашуға көмектеседі. Ең бастысы, біз барлығымыз бірге бас қостық. Ал бұл жиналуымыз, белсенді жастардың пайда болуы үлкен қадам. Жалпы, еріктілер – жұмысын шын жүректен, игі ниетпен істейтін жандар. «Волонтер бол!» деп ешкім сені мәжбүрлемейді. Өзім еріктілер қатарына жақында қосылдым, бұл бұрынғы тәлімгерлік тәжірибемнен кейін пайда болды. Мен тәлімгерлікпен үшінші жыл айналысып келемін. Сол жерде біз қосымша қамқорлықты қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейміз. Ондағы алған тәжірибемнен кейін «Неге ерікті болмасқа?» деп ойладым да, кейіннен волонтер боламын деп шештім. Бұл лагерьде өзімді көшбасшылық қырымнан таныта алдым. Бұл маған өте ұнайды. Бала кезімнен-ақ жеңіске ұмтылғышпын. Жалпы, біз секілді ұйымдардың жұмысы Ақмола өңірінің қарапайым мектептерінен бастап жоғарғы оқу орындарына дейін насихатталуы тиіс деп санаймын. Себебі, қазір еріктіліктің эко-еріктіліктен бастап медиа-еріктілікке дейін түрлі бағыттары бар. Ерікті болу үшін өзіңді мәжбүрлемеу керек. Бұл шын жүректен болуы тиіс. Егер адамдарға көмектескің келсе, бұл жол – алғашқы қадам. Ал, енді психологиялық тұрғыдан тигізетін әсеріне келетін болсам, біз бір-бірімізге эмоционалды түрде бауыр басып қаламыз. Сол себепті осындай игі бастамалар келешекте де қарым-қатынасымыздың одан әрі нығая түсуіне мүмкіндік береді. Біз әрі қарай да бір-бірімізбен қарым-қатынас жасап, бірлескен жобалар бойынша жұмыс істейміз, – дейді кейіпкеріміз, волонтер Айша Алтынбек.

Ал, енді одан әрі қарай осы жолғы шараға тоқталсақ, лагерьдегі тәжірибелі тұлғалардың дәрісінде еріктілер жұмысының негізгі бағыттары түсіндірілді. Татьяна Маринюк өз сөзінде волонтерліктің жалпы үш құндылыққа негізделе отырып құрылатынын жеткізді. Атап  айтқанда, ерікті, қайтарымсыз және қоғамға пайдалы болу. Осы үш құраушы бөлік толық әрі жарасымды үйлесім тапқанда ғана жұмыс жемісті болмақ. Атап өтерлік тағы бір дүние, Қазақстанда волонтерлердің құқығы қорғалған. Олар ақшалай түрде ақы алмағанымен, қай жұмыстың басы-қасында жүрсе, сол жердегі жауаптылар уақытылы ыстық тамақ, жолақысын қамтуға тиісті. «Көп жағдайда осы тұста құқық бұзушылықтар туындап жатады»  дейді сала көшбасшысы. Ал пайдалы жағы, ерікті болып тіркелген күннен бастап жауапты ұйымдармен келісім-шартқа отырған абзал. Себебі, бұл алдағы уақытта жаңа жұмыс орнына барғанда пайдасын беріп қана қоймай, зейнетке шыққанда зейнетақы сомасына да есептеледі-мыс.

Жастарды ерікті болуға бес себеп құлшындыруы тиіс. Біріншіден, волонтер болу – денсаулыққа пайдалы. Неге десеңіз, адамның адам баласына, жан-жануарға, жалпы, тірі табиғатпен үндесіп, оның дамуына көмек көрсетуі кез келген жасқа ерекше көңіл-күй сыйлайды. Сондай-ақ, еріктілік кәсіби және жеке дағдыларды қоғамдық маңызды жобаларда қолдануға мүмкіндік береді. Бұл әкімшілік жұмыстар, IT-қолдау, дизайн, маркетинг, фотография, шараларды ұйымдастыру сияқты әртүрлі салаларды қамтуы мүмкін. Еріктілер командасында жұмыс істеу, коммуникация және проблемаларды шешу сияқты кәсіби қабілеттерді дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар, оқу немесе жұмыс барысында алған білімді практикада қолдануға және кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.  Еріктілік – тек өзгелерге көмек қана емес, сонымен қатар, жеке өсуге, дағдыларды дамытуға пайдалы тәжірибе алуға қолайлы мүмкіндік.

Төртіншіден, еріктілік жаңа білім мен дағдыларды алуға жол ашады, көбіне бұрын таныс болмаған салаларда білім мен тәжірибеге қанықтырады. Ал, бұл түрлі ұйымдардың жұмысын түсінуге, көзқарасты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бесіншіден, жаңа достық қарым-қатынас орнатуға, яғни, бұрын білмеген  жандардың арасын жақындатып, бір арнада тоғыстырып, берік байланыс орнатуға жағдай жасайды. Міне, лагерь жұмысынан, ондағы еріктілердің қарым-қатынасы, ой-толғамдарынан көңілге түйген бір пікіріміз осы.

Шара соңында марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, өңірде волонтерлікті дамытуға үлес қосқан ұйымдар мен топтар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, медицина және донорлық бағыттағы белсенділігі үшін; білім беру, ағарту саласындағы еңбегі үшін, аға буынның жас буынға тәжірибе беру ісіне үлесі үшін, әлеуметтік қолдау жобалары үшін, экологиялық бастамалары үшін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетудегі белсенділігі үшін және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы жобалары үшін таңдаулылар тиісті марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, корпоративтік волонтерлікті тиімді ұйымдастырған ұжымдар да алғыс арқалады.

«Еңбегі жанғанды елі сүйген» дегендей, марапат иелері осы шарада қоғамға сіңірген еңбектерімен өзгелерге үлгі болды. Қатысушылар шара соңында естелік суретке түсіп, ізгілік пен қайырымдылықтың жолында алдағы уақытта да бірге еңбек етуге ниет білдірді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар