Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Есіл ауданына жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарымен және цифрландырылған алқаптардағы диқандармен кездесіп, орақ науқанының аралық қорытындыларын талқылады және Ақсай ауылында дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты.
– Өткен жылы егіс науқаны мен егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтау үшін «Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы аясында сіздердің барлық өтініштеріңізді ескеріп, алдын ала қажетті қаражатты бөлдік. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 118 миллиард теңге несие берілсе, оның 12 миллиарды тыңайтқыш сатып алуға бағытталды, облыста 47 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, сұраныс бойынша қолжетімді дизель отыны берілді. Нәтижесі жақсы, 5,5 миллион гектар алқапқа егін егіп, 4 миллион гектардан астам алқапта негізінен жоғары сапалы астық бастырылды, элиталық астықтың алғашқы сатылымы іске асырылды, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы атап өткеніндей, біздің өңір өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша барлық мемлекеттік міндеттемелерді орындап, саланы дамытуға 243 миллиард теңге қаржы алған республикадағы жалғыз облыс.
– Жақында жаңа Digital Aqmola орталығы фермаларыңызды цифрландыруға және жасанды интеллектің барлық мүмкіндіктерін пайдалануға көмектесу үшін ашылды, – деді облыс әкімі.
Мысал ретінде облыс әкімі жасанды интеллектіні сәтті енгізіп, биыл шаруа қожалығының өнімділігін айтарлықтай арттырған «Дихан плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атады.
– Біз Еуропаға есік аштық. Италия мен Бельгияға 151 мың тонна жоғары сапалы бидай сатылды. Ал, қол қойылған меморандум бойынша ақмолалық диқандар астықты Балтық порттарына тасымалдау үшін тоннасына 30 мың теңге субсидия алады. Біз жоғары сапалы астықты бәсекеге қабілетті бағамен сатуды, сақтауды және өңдеуді жалғастырамыз, – деді Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары бүгінде орақ науқаны қызып жатқан «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын да аралап көрді. Айтуларынша, бұл өңірдегі егістік алқаптарын цифрландыруды қолға алған алғашқы компаниялардың бірі.
Өз алқаптарын аграрлық өндіріске алғашқылардың бірі болып цифрландырған кәсіпорын – Есіл ауданындағы осы «Заречное» ЖШС. Мұнда облыс әкімі Марат Ахметжанов диқандармен кездесіп, цифрландырылған алқаптардың жоғары өнімділіктері мен жаңа мүмкіндіктеріне куә болып, орақ науқанының аралық қорытындыларын талқылады.
Шаруашылық 45 мың гектардан астам жерді игеруде, оның 42 мыңнан астамы егістікке бөлінген. Серіктестік басшысы Уәлихан Әріповтің айтуынша, 42 416 гектар егіс алқабына 25 848 гектар бидай, 2 770 гектар арпа, 405 гектар сұлы, 408 гектар жасымық, біржылдық 721 гектарға және 140 гектарға көпжылдық дақылдар егілді. Диқандар «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды белсенді пайдалануда, бұл егін өнімділігін арттырды, ал, серіктестіктің астық жинаумен айналысатын комбайншылары қазір салыстырмалы түрде күніне 120 000 теңге жоғары жалақы алады. Цифрландыруды енгізу алқаптардың жағдайын дәлірек бақылауға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Биыл гектарына 15-16 центнерден өнім алған жұмысшылар бастырылған астықтың әрбір тоннасына 1200 теңгеден табыс тауып отыр. Ауылда мыңға жуық адам тұрады. Орақ науқаны тәулік бойы жүргізілуде, ал, механизаторлардың еңбегі жоғары бағаланады. Жергілікті тұрғындар – тракторшылар, комбайншылар, жүргізушілер, қырманшылар жұмысты жауапкершілікпен атқаруда. Олар осы жұмыстан ләззат алады, олардың ешқайсысы ауылдан кеткісі келмейді.
Знаменка ауылында орналасқан «Органико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері биылғы маусымдағы жаңа жұмыс тәжірибесі туралы айтып берді.
– Біздің шаруашылық 1996 жылдан бері өсімдік шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысып келеді. Ал, биылғы жылы кәсіпті әртараптандыруды жөн көрдік. Ашық жерлерде 100 гектардан астам картоп пен 80 гектар сәбіз өсірдік. Бізде де нарық бар, біз супермаркеттер желісімен келісімге келіп, қысқы 500 тонна картоп сақтап қойдық. Сонымен қатар, біз бірінші рет жылыжайда қияр өсіріп, оны жергілікті базарларға шығарып, Қостанайға жөнелтіп жатырмыз. Біз мемлекеттік қолдаудың арқасында өсіп жатырмыз. Дер кезінде қаржы алып, техника мен тыңайтқыштар сатып алдық, – дейді ЖШС директоры Дамир Болданов.
Өңір басшысы биылғы өнім көлемі былтырғыдан жоғары екенін және ақмолалық өнімге сұраныс зор екенін айтты.
– Биыл астық түсімі жақсы. Біз табысты шаруашылықтарды қолдаймыз. Қазірдің өзінде жасанды интеллект негізінде егістіктерді цифрландыру бағдарламасы әзірленді. Ол алқаптардың жағдайын талдап, ұсыныстар беруге мүмкіндік береді. Бұл бизнес тиімділігін және табыстылығын айтарлықтай арттырады. Қазан айында ірі супермаркет ашылады, онда ақмолалық өнімнің кең ассортименті ұсынылады. «Органиконың» онымен әріптестік орнатуға мүмкіндігі бар, – деді Марат Ахметжанов. – Сіздер әрқашан себу науқанына дейін қажетті несие қаражатын беруді сұрайсыздар. Биыл тыңайтқыштарға біз 12 миллиард теңге субсидия бөлдік, соның 60 пайызы уақытылы жеткізілді. Барлық өтінімдер бойынша дизель отыны толық қамтамасыз етілді. Облыс 47 миллиард теңгеге жаңа ауыл шаруашылығы техникасын – бір жарым мың комбайн мен басқа да машиналарды сатып алды. Бұл сіздерге өз өнімдеріңізді сапалы әрі тиімді жинап алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні біз 4 миллион тонна астық бастырып үлгердік, – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысы «Органико» кәсіпорнының жүзеге асырып жатқан әртараптандыру стратегиясы аясында егістік алқаптарын аралап көрді. Монодақылдан бас тартқан кәсіпорын майлы дақылдар мен көкөніс шаруашылығына басымдық беріп отыр. Қысқы уақытта қияр, маусым кезінде көшет пен тұқым өсірілетін Жылыжай кешені де бар. Шаруашылық басшысының айтуынша, цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, техника сатып алуға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде мемлекеттік қолдау алған. Бүгінде «Органикода» шамамен 100 адам жұмыс істейді, барлық өнім экологиялық талаптарға сай өндіріледі. Сапар көкөніс сақтау қоймасын аралаумен аяқталды. Мұнда сыйымдылығы 2000 тонна болатын көкөніс пен картопты сұрыптау және сақтау жұмыстары жүргізіледі.
Мәдениет үйінде ашық диалог форматында өткен Есіл ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Марат Ахметжанов келесі жылдан бастап барлық кірістер ауданда қалатынын, сондықтан, инвестиция тартуға қазірден бастап дұрыс қадамдар жасап, қаржы ресурстарын тиімді бөлуді қарастыру керектігін баса айтты.
Өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, басты басымдық ауыл шаруашылығы екенін атап өтті. Аудандағы егіс алқабы 486,6 мың гектарды құрайды, бұл облыс бойынша үшінші көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл майлы дақылдардың көлемі 25 мың гектардан 45 мың гектарға дейін екі есеге жуық артты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері. Биыл біз астықтың шамамен 7 миллион тонна рекордтық өнімін, күтіп отырмыз. Өңір шаруашылықтарына бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Бүгінгі басты міндет орақты дер кезінде жүргізіп, астықты сақтау, өңдеу және өткізу болып табылады, – деді облыс әкімі.
Марат Ахметжанов инвестиция тарту мәселелеріне де тоқталды.
– Президент инвесторлармен жұмысты қайта құруды тапсырды. Оның ішінде шағын және орта бизнесті белсендірек қолдау, жаңа преференциялар беру, ұзақ мерзімді инвестицияларға жағдай жасау бар. Келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттерде қаржы көбірек қалады. Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы сіздердің бюджеттеріңізге бағытталады. Бұл – ауданның дамуының негізгі көзі әрі әкімдік жұмысының нәтижесін айқындайтын көрсеткіш, – деп атап өтті өңір басшысы.
Қазіргі уақытта Есіл ауданында жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан инвестор ауданға құрама жем зауытын, майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын және сыйымдылығы 100 мың тонна болатын астық элеваторын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кездесуде сондай-ақ, инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы мәселелері қаралды. Облыс әкімі аудан әкімдігіне ескі үйлерді жаңғырту бағдарламасын іске асыруды және Игілік, Знаменка мен Красивое ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Кездесуде мал шаруашылығы мәселелері де қаралды. Аграршылардың айтуынша, цифрлық технологияларды енгізу тәуекелдерді азайтуға көмектеседі, ал, мемлекеттік қолдау өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы жоспарларда жаңа қоймалар салу және мал шаруашылығы базасын дамыту бар.
Бұл күні Ақсай ауылында Ақсай, Орловка және Бұзылық елді мекендерінің 1266 тұрғынына медициналық қызмет көрсететін жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Жалпы тәжірибе дәрігері Адас Бекзаттың айтуынша, мұнда физиотерапиялық процедуралар, емдік дене шынықтыру (ЛФК), күндізгі стационар, дәріхана пункті және шұғыл медициналық көмек көрсету сынды кең ауқымды қызмет түрлері қарастырылған.
– Ауылдық елді мекендерде медицина сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс. Мұндай нысандар қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайтады. Жаңа амбулатория заманауи талаптарға сай жабдықталып, барлық қажетті стандарттарға жауап береді, – деді Марат Ахметжанов.
– Біз осы ауылда отбасымызбен 15 жылдан астам уақыт тұрамыз. Бұрынғы амбулатория салқын, кабинеттер тар болатын. Енді ауылда біз үшін барлық жағдай жасалды деп білеміз, – деген өз ойымен бөлісті ауыл тұрғыны Молдарахым Мақсұт.
Аксайдағы амбулатория Есіл ауданында мемлекеттік «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген екінші нысан. Бұған дейін ауыл тұрғындары 1960 жылы салынған ескі ғимаратта медициналық көмек алып келген. Жалпы Ақмола облысында осы бағдарлама аясында 32 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, тағы 6 нысанның жұмысы аяқталу кезеңіңде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Есіл ауданы.
![]()

