Жаңа ферма сүт бұлағын молайтады

Даму бағыты

Еленовка ауылында «Agro Milk Project» ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Бүгінгі таңда нысанның дайындық деңгейі шамамен 90 пайыз, ал, пайдалануға беру алдағы қараша айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 1,3 миллиард теңге, алдағы уақытта бұл инвестиция көлемі 2 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылмақ.

Фермада 400 бас ірі қара мал ұстау жоспарлануда. Алғашқы бұзау алу мен сауын процесінің басталуы 2025 жылдың желтоқсан – 2026 жылдың қаңтар айларында күтілуде.

Кәсіпорынның мәліметінше, ферманың тәуліктік сүт өндірісі шамамен 8 мың литрді құрайтын болады. Өндірілген сүт толығымен «Milk Project» ЖШС-нің сүт зауытына жеткізіліп, өнім өңдеу үшін сапалы шикізаттың тұрақты жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Ал, бұл өңірдің сүт өндірісін айтарлықтай дамытуға ықпал етпекші.

Кешен іске қосылғаннан кейін 25–30 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруға және жергілікті экономиканы нығайтуға маңызды үлес болып қосылары сөзсіз.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан осы заманғы тауарлы-сүт фермасы жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, – дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Асхат Ахмедьянов.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар