16 қазан — Нан күні
Өткен ғасырдың сонау жетпісінші, сексенінші жылдары даңғайыр даланың дарабоз диқаны болған, Социалистік Еңбек Ері жоғары атағын алып, алтын жұлдызды кеудесіне таққан Есілбай Қадыралин ағамыздың да ас атасы – нан туралы айтары бар.
Ақық дән тербеткен біздің өңірде еңбекқорлығымен, ісіне адалдығымен жұлдызы жанған асыл азамат Есілбай Тәлкейұлы маңдай терін төгіп, өз дәуірінде алтын астықпен құт қамбаларды толтырып, елді ырыздық-несібеге бөлеген. Бір кездері оны сол уақыттың қалам ұстаған майталмандары «жұлдызды жігіт» деп атап та кеткен.
Бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданы, Чапаев селосында дүниеге келген ағамыз сауатын Мортық ауылындағы сегіз жылдық мектепте ашқан. Әкесі Тәлкей Алданғорұлы малсақ адам болса, анасы Рақила Кәрібайқызы бал бармақты сауыншылар қатарынан еді. Әкеден ерте айырылған Есілбай Тәлкейұлы ағасы Қазыбекпен бірге бала жасынан қойшы да, малшы, табыншы болып, еңбекке ерте араласады. Сөйтіп, еңбекпен есейген буынның өкілі елден жырақ жүріп, мал баққанша, ел ішінде ауыл шаруашылығы саласында бір кәдеге жарап, жұртпен аралас-құралас болайын деп бел буып, жүргізушілік мамандыққа талпынады, Көкшетаудағы әскери комиссариаттан жүргізуші куәлігін алып, іске кіріседі, одан әрі механизатор да болады. Он жылдай алқап даласында комбайнның тұтқасын ұстап, ел ырыздығын жинап алуға бар күш-жігерін салады. Бес жылдық жоспарды екі жарым жыл ішінде орындап, ерлейді.
– Комбайнның құлағын ұстаған мен жұмысқа кіріскенімнің екінші жылы-ақ жастар арасында астық жинаудан чемпион болып шыға келдім. Он жыл бойы астық жинайтын комбайнмен жүріп, күн-түн деместен дала төсінде зырылдаған техникалардың арасында еңбек етіппін. Сондықтан, диқаншының маңдай терімен, еселі еңбегімен, күш-жігерімен келетін нанның қадір-қасиетін біздер жақсы түсінеміз, білеміз. Әрі, соғыстан кейінгі жылдары туған менің замандастарым нанды төгіп-шашпай, қадірлеп, қастерледі. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдары еліміздің экономикасын көтеру тұрмақ, нан тауып жеу қиын еді. Біртіндеп, ол да ел болып еңсерілді, тың және тыңайған жерлер игеріліп, алғашқы нанның иісі аңқығанда бала-шаға былай тұрсын, кәрі-құртаңға дейін балаша қуанды, – дейді нанның қадірін білетін Есілбай Тәлкейұлы.
Адал еңбек қай кезде болсын, адамды бақытқа бөлейді, мерейін елден ерекше үстем етеді. Еңбегімен көзге түскен Есілбай ағамыз 23 жасында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болады. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында небары 32 жасында, 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болады. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. 2 мәрте Ленин, Октябрь Революциясы орден-медальдарымен марапатталады.
Өмірлік серігі Мастура Хасенқызымен бас қосып, Айман, Айнаш, Амангелді есімді үш ұл-қызды дүниеге әкеліп, ел қатарлы оларды оқытып-тоқытып, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырады.
Өзі жоғары оқу орнын бітірсе де, ешқашан қызмет сатысымен көтерілуге ұмтылмаған ағамыз бақытын жоғарыда айтпақшы, еңбектен тапқанын мақтанышпен айтып, жастарға үлгі болсын дейді.
–Адамды адам еткен еңбек. Тек еңбекпен ғана бар жұмыс өнбек демекші, жұмыс істеуді жас кезімізден алдыңғы толқын аға-апалардан үйрендік. Сол кісілердің жолын жалғастырдық. Солардың ішіндегі алдынан жұмыс үркіп отыратын, шаршап-шалдығуды білмейтін жансебіл адамдарды ауылдың ақсақалдары, аяулы әжелеріміз бізге мысал қылып, құрметтеп отырушы еді. Біз де сондай құрметке ие болсақ деген көкірегімізде ниет, жас жүрегімізде балауса арман болды. Сол арман алға жетелеп, кезінде ауылдың ғана емес, бүкіл елдің құрметіне бөлендік. Ілкіден қалыптасқан осындай игі дәстүр бүгін де де жарқырап жалғасын тапса ғой,–дейді Есілбай аға.
«Бір уыс бидайды талғажау етіп күн кешкен» деген тіркес әдеби шығармаларда жиі кездеседі. Ұлы Отан соғысы кезінде кәрі-құртаңнан бастап, аналардың көбі егіс алқаптарында бел жазбай еңбек етті. Үйдегі шиеттей бала бір таба нанды бөліп жеп, ер жетті. Сондықтан, қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген ата-бабамыз өскелең ұрпаққа ас атасын қадірлеуді өсиет еткені белгілі. Ал, қазір ше?!. Қазір, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Бір үзім нанға зар болған уақыт ұмытылды. Дүкен сөрелерінде қара, ақ, қоңыр, тіпті нанның туралған түрлеріне дейін самсап тұр. Көше бойындағы қоқыс жәшіктерінен қалай болса солай тасталған, жерде жатқан тағамдарды, нан қалдығын көргенде жаның ауырады.
Даңғайыр диқаншының өмірден көрген-түйгендері жөнінде сұхбаттаса отырып, Нан күніне орай, ас атасы туралы ой-пікірлерін де сұрап көрдік.
– Біздер жастық шағымызда «нан бар жерде – ән бар», «дәнді шашпа, нанды баспа», «нанның ұнтағын жесең, бай боласың» деген сөздерді көп еститінбіз. Оның әр жағында үлкен тарих жатқанын біздер жақсы білеміз. Ашаршылық жылдары адамдар аш құрсағына талғажау таба алмай қырылды. Ал, қазір замандастарымыз ас та төкке масайрап, қолда бардың қадірін білмей жатады, нанның қасиетіне жете бермейді. Тіпті, адам киелі Құранның өзін басып, нанға қол жеткізген деген аңыздар да халық арасында айтылады. Бұл мысалдың өзі нанның адамға тіршілік нәрі екенін ұғындырып тұрған жоқ па? Нанның қадір-қасиетін оны өсіріп, баптаған, түнмен таласа жүріп жинаған диқаншылар, жоқшылықтың азабын тартқандар ғана түсінеді. Мен балаларыма да, немерелеріме де нанды қоқысқа лақтырмақ түгілі, оның қиқымын шашуға, қоқымын басуға рұқсат етпей өсірдім. Олар нан қадірін түсініп те, түйсініп те өсті деп ойлаймын. Ал, қазіргі қоқыстардың қасында төгіліп жатқан ырыс-берекені көріп жаным ауырады. Біздің қазақта «дастарханыңнан нан үзілмесін» деп бір-бірімізге ақ тілек арнайтынымыз бар. Сол дастарханнан ауысқан нанды қоқысқа тастай салу – ырысты ортайтатын, обалды ұмыттыратын әдет екенін де біліп жүргеніміз абзал, – дейді ақсақал сөзінің соңында көпке қарата.
Иә, нан қадірін бір білсе, еліміздің құт қамбасын алтын дәнге толтырамын деп күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимеген осы Есілбай ағалар білсе керек-ті. Сол үшін де қолы құрыш, маңдайы тер диқан қауымға мың тағзым!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

