Көне тарих күмбездері

Жолжазба

Жалаулы жасыл дүниеде жалпақ жұрт тылсым сырына үңіле қарап, тереңінен мол мағлұмат алатын қасиетті жерлер, әрқилы діни ғимараттар, төрткүл дүниеге тегіс белгілі тарлан  тарихтан ойып тұрып орын алған ұлы адамдардың ізі қалған сырлы соқпақтар, жер-су атаулары аз емес.  

Міне, осындай алыс-жақын елдердегі айрықша маңызға ие киелі санатындағы ескерткіштер жайлы сыр шерту артық болмас еді. Көк теңіздің ар жағындағы көне тарихтың күмбездеріне адам аяғы сирек түседі. Ал, білген жан, білмекке құмар адамға қамырдан қыл суырғандай етіп суыртпақтап сыр шертсе, таным көкжиегі кеңейе түсер еді. Әлемге белгілі жазушы, саяхатшы Кристофер Энгельстің «1000 священных мест планеты» деген кітабында дәл осындай қасиетті жерлер туралы кеңінен толғап жазғаны белгілі. Бір өкініштісі, жалпақ әлемді қамтыған кітапқа қазақ топырағының қасиетті жерлері енбей қалыпты. Ал, Алтайдан Атырауға дейінгі құстың қанатын талдыратын, тұлпардың тұяғын тоздыратын атырапта киелі жерлер аз емес. Әлемге белгілі Қожахмет Яссауи кесенесі, Бекет ата мешіті, киелі Мәшһүр Жүсіп туралы шынайы да қызғылықты деректер ешкімнің тақиясына тар келіп тұрған жоқ қой. Адамда әртүрлі қызығушылық болады. Өз басым кең-байтақ қазақ елінің қасиетті жерлерін түгелге жуық аралап шықтым. Өзге елдерге барған кезімде сол елдің киелі жерлерін көріп, тылсым сырын ұғуға тырысамын. Қандай дін ұстанса да, қандай ұлттың адамдары болса да қасиетті жерлер, киелі адамдар барлық адамзатқа ортақ. Мәселен, Түркияға барғанда христиан әлеміне белгілі Демредегі (көне аты Мира) ликиялық (халық) Николай Чудотворецтің шіркеуінде болып, таудың жартасынан ойылып жасалған қабірлерді (усыпальница) көріп, таныстым. Ол Скандинавия елдерінің Санта Клаус, Ресейдегі Аяз атаның прототипі болған. Білетіндердің айтуына қарағанда, кішкентай балалардың, бар ғұмырын көк теңіздің үстінде өткізетін теңізшілердің желеп-жебеушісі, қолдаушысы болғанға ұқсайды. Бір байқағаным, барлық қасиетті адамдардың өнегелі өмір, ғибратты ғұмырымен тереңірек таныссаңыз, кейінгі ұрпаққа рухани із қалдырады екен. Кейінгі жұрттың жадында ұстап, ұмытпауы да осыдан шығар.

Көптен бері көне Египетте болып, төл тарихымен танысып, ежелгі аңызға мелтектеп тұрған Мысыр пирамидаларын көргім келіп жүретін. Биыл жол түсіп, қыркүйек айында қызыл теңіздің жағалауындағы Шарм-Эль-Шейх қаласына демалуға барғанда көптен бері көкейде жүрген арманым орындалды. Ежелгі Мысыр перғауындарының өзіндік үлгідегі мазарлары, біздің заманымыздан бұрын 28 ғасырда салынғандығын айта кетейік. Ең бірінші Шарм-Эль-Шейх қаласында 400-ден астам туристке арналған отельдер бар екен. Жергілікті халық 60 мыңның шамасында, қалғандары әрбір маусым сайын ат ізін салатын туристер мен әлемнің әр түкпірінен жұмыс істеуге келген адамдар екен. Ескі қаланың ортасында минареті 76 метр үлкен мешіт бар. Сол маңда шіркеу де орналасқан. Туристер ең алдымен Қызыл теңіздің суына түсуге, теңіздің табиғатын тамашалауға ынтығып келеді. Теңіз суының тұзы көп. Тізеңнен асардай болған кезде суға жата қалсаң қос қолтығыңнан майда толқындары демеп, көтеріп тұрғандай әсерге бөленесің. Бір ерекшілігі, батпайсың. Теңіз суымен дем аласың, күннің көзіне қыздырынасың.

Әрине, бірінші жоспарым Каирде болу еді. Осындағы атақты сұлтан Бейбарстың мешітіне кіру, әлемде аңызға айналған ғажайып пирамидалармен танысу. Египет астанасы КаирШарм-Эль-Шейх қаласынан 500 шақырымнан артық қашықтықта орналасқан. Жергілікті ұшақпен бір сағаттың ішінде Каирға жеттік. Каир қаласының жанындағы Гизамен бірге 25 миллион тұрғылықты халқы бар, оның 15 миллионы Каирде. Екеуінің ортасын Ніл өзені бөліп тұрады. Өзеннің тереңдігі 20 метр шамасында, көлденеңі бір шақырымдай.

Каир қаласының архитектурасы әралуан. Осы заманғы көркі көз тартатын, сән-салтанаты келіскен әдемі ғимараттармен қатар әбден тозығы жеткен ескі үйлер, көне құрылыс та жиі кездеседі. Бір жағынан қарасаң, орасан байлыққа мелтектеп тұрған, бай-бақуатты болып көрінгенімен, екінші жағында жұпыны, қарапайым, тіпті сіңірі шыққан кедей елдің кейпі де байқалады. Қалада метро жұмыс істейді. Автобустары әрқилы. Бағасына қарай кейбіреулеріне кондиционер орнатылған. Интернеті бар. Ал, арзандары алқам-салқам. Бір таңқаларлығы, көшелерінде бағдаршам кездеспейді. Көшенің қиылысында айналма жол арқылы өтеді. Египетке келгендегі бірінші мақсатым, Қыпшақтан шыққан сұлтан Бейбарыстың мешітіне барып құран оқу еді. Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген, қазақ тарихында аса ғажайып тұлға. Оның құлдыққа қалай түскендігі туралы екі мәлімет бар. Алғашқысы бойынша, әскери жорықтардың салдарынан, екіншісі бойынша, әкесінің жаулары оны құлдыққа сатып жіберген екен деседі. Бейбарыс құлдан Мәмлүк мемлекетінің сұлтаны дәрежесіне дейін көтерілген адам.

Бейбарыс Мысыр елін 17 жыл бойы басқарып, жаңалықтар енгізіп, елдің дамуына үлкен үлес қосқан адам. Ол туралы 1908 жылғы Британ энциклопедияларына енгізілген нақты деректер бар. Мешіт ескі Каирдың ортасында орналасқан. Сыйымдылығы жағынан Каирде үшінші орын алады екен. Бір мезгілде үш мыңға жуық адам құран оқи алады. Әнебір жылдары Қазақстан мемлекетінің қаржысымен мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көне Египетті білгіңіз келсе алдымен орталық бас музейге бару керек. Бір ғажабы бұл музей 1902 жылы пайдалануға берілген. Музейде үлкен тас мүсіндермен бірге фараондардың мумиелері орналасқан. Саркофаг, татан, ағаштан жасалған фараондардың, басқа да адамдардың бастары, мыңдаған әшекейлер мен көзтартарлық бұйымдар, тылсым заманнан суыртпақтап сыр шертетін жәдігерлер өте көп. Бір ғажабы олардың көбі саф алтыннан жасалған. Осы арада бір дерек келтіруге болады. Бір ғана Тутанхамон маскасы 17 келі таза алтыннан құйылып, асыл тастармен безендірілген. Барлық коллекциялар жасанды емес, түпнұсқа. Кіре берісте метеориттен жасалған биіктігі бір метрдей пирамида орналасқан, қалған мүсіндер монументтер жергілікті асыл тастармен безендірілген.

Әлемдегі жеті таңғажайыптың бірі Египеттің атақты пирамидаларына да келіп жеттік. Тарихи деректерге қарағанда, 4500 жыл бұрын салынған. Фараондардың ІV династиясының зираттары. Пирамидалар Хеопс, Хефрен және Микерин, Сфинкс статуясы. Бір ғажабы пирамидалар бір-біріне көлеңке түсірмейді, күннің көзі еркін түседі екен. Ең үлкен пирамида Хеопс. Биіктігі заманында 146 метр болған екен. Ал, қазір 138 метр шамасында. Екінші пирамида Хефреннің биіктігі қазір 136 метр. Үшінші Микерин пирамидасының биіктігі 66 метр. Деректер бойынша Хеопс жиырма жыл уақыт бойы салынған. 2 миллион 300 мың әк блоктардан салынған. Әрбіреуінің салмағы 2,5 тонна. Шынында да ғажап емеспе? Сфинкс статуясы өте үлкен арыстан бейнелі адамның басымен фараонға ұқсатылып сомдалған. Статуяның биіктігі 20, ұзындығы 57 метр. Басының биіктігі 6 метр шамасында. Бұл да көне Египет сәулет өнерінің ғажайып белгісі.

Египетке келіп Синай түбегіндегі Мұса Пайғамбардың атындағы тауға бармаған адам саяхаттың толық ләззатын ала алмас еді. Біздің зияратымыз түнгі сағат бірден ауа қасиетті Екатерина монастырінен басталды.

Қасиетті Екатерина монастырі. Бір қызығы қасиетті Екатерина атты монастырьде шіркеу және мешітте бар екен. Қазіргі уақытта монастырьде 10 діни қызметші тұрып жатыр, 8-і грек, біреуі Американың азаматы, енді біреуі грузин. Жалпы Египетте 80 пайыздан астам мұсылман, қалғандары христиандар, екі дінді де ұстанатын көрінеді. VІ ғасыр теңіз деңгейінен 1570 метр биіктікте салынған. Қасиетті Екатерина өте көрікті, білімді адам болған. Жастайынан христиан дінін насихаттап, жергілікті жұртқа таратқан. Пұтқа табынушы, Рим императорының күйеуге шық деген өтінішін қабылдамаған. Өзінің бар өмірін дін жолына арнаған. Кектенген император Екатеринаның басын алған. Осы ерлігі үшін ажалдан тайынбаған ержүректігі үшін қасиетті адамдардың сапына енген.

Сол жерден тауға шығатын соқпақтың ұзақтығы жеті шақырымға жуық. Жаяулап жүріп тауға көтерілдік. Әрі қарай жолбастаушының мәлімдеуіне қарағанда 735 гранит баспалдақ бар екен. Кейбір деректер бойынша таудың етегінен ұшар басына дейін 3400 саты орналасқан. Таңғы сағат бестен аса таудың басына көтерілдік. Таудың биіктігі 2285 метр төңірегінде. Ілкіден жалғасқан аңыз желісіне қарағанда жаратушы иеміз Мұса Пайғамбарға осы таудың үстінде тұрып он өсиетін айтқан екен. Аңыз желісіне қарағанда өсиеттердің өзегі моральдық, діни, заң ретінде. Тек Аллаға да сеніңдер десе керек.

Таудың басында қасиетті троицаның храмы және кішігірім мешіт орналасқан. Естен кетпейтін бір сәт Қызыл теңіздің жағасынан қатпар-қатпар тау жоталарының арғы жағынан күннің қызарып, жер-дүниеге шапағын шашып, алаулап атқанын көргенде Мұса пайғамбардың жер бетінен мәңгі жоғалмас ізін көріп, көкірегіңе нәр құйылғандай болады.

Төрткүл дүниенің бір қымбат қазынасы есте жоқ ескі кезеңнен қалған, кейінгі ұрпаққа ғажайып сыр шертетін ескерткіштері. Адамзат баласы бәлкім көне көмбені ақтарған кезде жан-дүниесіне сәулелі нұр құйылып, рухани күш алатын болар. Меніңше, кейінгі қоғамды ұйытып, ұстап тұрған алапат күш, алтын діңгек осы.

Мағауия РАХЫМБЕРГЕНОВ,
Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар