Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Сандықтау және Зеренді аудандарында болып, тұрғындармен кездесу өткізіп, өңірлердің одан арғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады. Кездесулерде ауыл шаруашылығы, инвестициялар салу, әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру сапасы кеңінен қамтылды.
САНДЫҚТАУ. Аудан экономикасының басты қозғаушы күші бұрынғысынша аграрлық сектор болып отыр. Биыл жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің көлемі үш есеге жуық артты. Себу және егін жинау науқандарын жеңілдетілген несиелендіруге, техника сатып алуға және өндірістік шығындарды субсидиялауға 15,1 миллиард теңге бөлінді.
– Маусым қорытындысы бойынша аудан 700 мың тоннаға жуық астық жинады, орташа өнімділік гектарына 22,4 центнер болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Ең жоғары нәтижелерді «Максимовское», «Колос Золотая Нива» және «Сандықтау-Агро» шаруашылықтары көрсетті, – деді өңір басшысы.
Қазірдің өзінде алты шаруашылық заманауи цифрлық технологияларды – дрондар, GPS жүйелері мен «электронды қоршауларды» қолданып, егіс алқаптарын, техниканы және жайылымдарды басқаруды автоматтандыруда.
Инвестиция саласы да басты назарда. Биыл сегіз инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде астық тазалау кешенінің құрылысы, кептіру қуаттарын жаңғырту және өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бар. Ірі бастамалардың бірі – «Максимовское» ЖШС-нің заманауи жасымықты калибрлеу және бөлу цехын салу жобасы.
– Әрбір инвестицияның тиыны – жаңа кәсіпорындардың, жұмыс орындарының және тиісінше, халық әл-ауқатының өсуінің негізі. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі азайған, бұл бізге елді бизнеске тартуды, жаңа жобаларға жағдай жасауды күшейту қажеттігін көрсетеді, – деді Марат Ахметжанов.
Басты басым бағыттардың бірі – инфрақұрылымды дамыту. Биыл Каменка – Дорогинк, Петровка – Ұлан-Тучное бағытындағы және Новоселовка ауылына кіреберістегі автожолдардағы су өткізу құрылыстарын жөндеуге шамамен 100 миллион теңге бағытталды. Балкашино ауылында жаңа қазандық пен жылу желілерінің құрылысы жалғасуда, бұл жүзден астам үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Марат Ахметжанов атап өткендей, ендігі міндет – су тасқыны салдарымен күресуден оның себептерін жоюға көшу. Су бұру каналы мен сыйымдылығы 1,5 миллион текше метр болатын су қоймасы бірнеше елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Аудан жеке құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйлерді сатып алу тетігін белсенді енгізуде. Балкашинода жалпы құны 500 миллион теңгеден асатын екі 16 пәтерлі үй сатып алынды.
Кездесу барысында тұрғындар бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, Каменка ауылында көпір салу және белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу мәселелері көтерілді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері дизель отынын жеткізу мерзімдерін қайта қарауды сұрады.
Марат Ахметжанов келесі жылы тұрақты көпір құрылысына кірісуді тапсырды және жанармай жеткізу бойынша түсіндірме берді. Жаңа орталық ашу туралы ұсынысқа жауап ретінде ол былай деді:
– Аға буын біздің құрметіміз бен қамқорлығымызға лайық. Ардагерлер мен зейнеткерлер бас қосып, сөйлесіп, спортпен айналыса алатын орын болуы үшін ғимарат бөлеміз немесе жаңасын саламыз, – деді облыс әкімі.
Кездесу қорытындысында Марат Ахметжанов тұрғындарға белсенді диалог пен ауданның дамуына қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдірді.
Сапар барысында өңір басшысы 2023 жылы салынған Балалар шығармашылығы орталығын да барып көрді. Максимовка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша алынған жаңа нысанның ашылуымен енді ауыл тұрғындары ем және денсаулықтарына қатысты ақыл-кеңесті аудан орталығына бармай-ақ, өз ауылында ала алады.
Өңір басшысы жаңа ғимаратты аралап көріп, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен әңгімелесті. Сондай-ақ, амбулаторияда қан талдауын жүргізуге арналған гематологиялық анализатор сатып алуға 5 миллион теңге көлемінде сертификат тапсырды. Бұл құрылғы қан талдауын ауылдың өзінде жасауға мүмкіндік береді.
– Максимовканы облыстағы үлгілі ауылдардың бірі деуге болады. Президент қала мен ауыл арасында айырмашылық болмауы керек екенін үнемі айтып келеді. Мұнда соны анық көруге болады. Жаңа амбулатория жұмысы тек адамдарды емдеуге емес, аурудың алдын алуға да бағытталған. Ғимарат пен техника да маңызды, бірақ, ең бастысы мамандардың науқастарға жылы қабағы. Осыны ұмытпауымыз керек, – деді Марат Ахметжанов.
Амбулатория не қажеттің бәрімен толық жабдықталған. Мұнда екі дәрігер, лаборант және әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Аға дәрігер Айдана Тастабекова ауылға аудан әкімінің грантымен келген, қазір үшінші жыл еңбек етуде. Жас маман міндетті еңбек мерзімі аяқталғанымен, ауылдан кетуді ойламайды. Медициналық қызметкерлердің айтуынша, жұмыс жағдайы мен ауылдың өзі көңілдерінен шығуда. Сонымен қатар, бұл елді мекенде медицина қызметкерлеріне жаңа үйлер салынған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жас дәрігерлер ұжымы халықтың сеніміне де тез ие болған.
– Мен бұл ауылда жаңадан келген адаммын, бірақ осындай маңызды оқиғаның куәгері болғаныма қуаныштымын. Мынадай емдеу мекемесі мемлекеттің халыққа деген қамқорлығын көрсетеді. Сол үшін барша тұрғындар атынан елдің және облыстың басшылығына алғыс айтамын, – дейді тұрғындардың бірі қуаныш үстінде. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Максимовканың дамуына ерекше үлес қосқан Закусиловтар отбасының еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Олардың шаруашылығы тек рекордтық өніммен ғана емес, ауылды көркейтуге, әлеуметтік нысандарды салуға және жаңартуға белсене қатысуымен де ерекшеленеді. Соның бір айғағы – елді мекендегі оң өзгерістер.
ЗЕРЕНДІ. Облыс әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға алдымен, заманауи бес қабатты үйдегі жайлы пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Бүгінгі күндері зеренділік сегіз отбасы бес қабатты 75 пәтерлі, кірпіш үйде қоныс тойын тойлауда. Үш отбасы жергілікті қаражат есебінен үй сатып алса, бір тұрғынға екінші қосалқы үйден пәтер берілді, ал, бесеуі жеке себептермен көшуден бас тартқан.
Облыс әкімі қоныстанушыларды осы қуаныштарымен құттықтады.
– Біз қиын көктемді бірге бастан өткердік, бірақ, ешкім назардан тыс, қолдаусыз қалмады. Мемлекет халық алдындағы міндеттерін орындап, енді әрбір отбасының шаңырағы берік, жылуы, жайлылығы, ертеңгі күнге деген сенімі бар, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Сол күні облыс әкімі екі бала тәрбиелеп отырған Кенжебаевтар отбасында болды. Пәтер иесі Айнұр Оразбайқызының айтуынша, олар бұрын пеш жағуға мәжбүр болса, енді жылылық пен жайлылықта өмір сүреді. Пәтердегі қолайлы жағдайға балалар да дән риза.
Марат Ахметжанов жаңа тұрғындарға тұрмыстық техниканың сертификатын табыс етті.
Кездесуде аудан тұрғындарымен көкейтесті мәселелерді талқылаған облыс әкімі егін науқанындағы өңірдің жетістіктеріне тоқталып, цифрлық технологияларды енгізу, туризмді дамыту, әлеуметтік қызмет көрсету мәселелеріне тоқталды. Өңір басшысы ауданның әлеуеті зор екенін және оның тұрақты дамуы облыстың жалпы табысын айқындайтынын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы ауданның негізгі экономикалық саласы болып қала береді. Биыл майлы дақылдардың егіс көлемі 87 мың гектарға дейін ұлғайды.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында зеренділік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жақсы нәтиже көрсетуде. Шығымдылық облыс бойынша орташа көрсеткіштен жоғары, жалпы өнім жарты миллион тоннадан асты. Тек субсидияланған бағдарламалар бойынша ауданға 17 миллиард теңгеден астам қаржы түсті, бұл шаруаларға 78 жаңа техника мен 9 мың тонна арзандатылған дизель отынын сатып алуға мүмкіндік берді, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бүгінде «Дихан Плюс», «Викторовка ГЦК», «КазГрэйн Фидерс» және «Төлебаев» серіктестіктері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Дихан Плюс» шаруашылығы ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу бойынша пилоттық алаңға айналды. Мұнда дрондар, егіс алқаптарының цифрлық карталары және өнімділікті талдаудың автоматтандырылған жүйелері қолданылуда.
– Біз сандық технологияларды аграрлық секторға тәжірибе үшін емес, нақты нәтижелер үшін енгізіп жатырмыз. Мысалы, «Дихан Плюс» зауытында егістің оңтайлы уақытын анықтау үшін жасанды интеллект қолданылды, бұл отынды 15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беру кезінде осындай шешімдерді жүзеге асырған шаруаларға басымдық беріледі, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі ауданда мал шаруашылығын дамыту агроөнеркәсіп кешенінің негізгі басымдықтарының бірі болуы керектігін атап өтті. Қазіргі уақытта 400 бас ірі қараға арналған «Agro Milk Project» тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын. 5 мыңнан астам ірі қараға арналған тағы екі ірі ферма салу жоспарлануда. Бұл ретте Қарағай стансасы жанынан 96 гектар аумақты құрайтын индустриялық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданға құйылған инвестиция көлемі 1,6 миллиард теңгені құрады.
Өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында облыстағы өнеркәсіп өнімінің 27 пайызын құрайтын еліміздегі ең ірі алтын өндіруші «Алтынтау Көкшетау» комбинаты ырғақты жұмысымен ерекшеленді. Ауданда жуырда ғана тіркелген «Зевс Энерго» және «Polymettech» кәсіпорындары келесі жылы жергілікті бюджетке 1,5 миллиард теңгеден астам салық түсіреді. Зеренді ауылында туристік индустрияны дамыту мақсатында келушілер орталығы мен шығармашылық индустрия хабының құрылысы басталды.
Өңірімізде қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде қалдықтарды қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Осы мақсатта облыс орталығында, Зеренді және Бурабай аудандарында кәдімгі полигондардың орнына қалдықтарды қайта өңдеу қондырғылары орнатылып, ауыл тұрғындары үшін 60-тан астам тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Аймақ басшысы атап өткеніндей, инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөлініп жатыр. Жол жөндеуге миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, 30 шақырымнан астам жол төсемі жөнделді. 12 ауылда жаңа орталықтандырылған су құбырлары салынып, қайта жаңартылды, ал, 19 елді мекенде су тазарту жүйелері орнатылды.
Білім беру нысандарын қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. Зеренді ауылында балалар шығармашылық орталығы мен музыка мектебі орналасқан жаңа ғимарат, Айдабол ауылында дәрігерлік амбулатория мен Мәлік Ғабдуллин ауылында фельдшерлік пункт салынды.
– Биыл ауданда әлеуметтік салаға 2 миллиард теңгеден астам инвестиция құйдық. Сөйтіп, мектептерді, жолдарды, су құбырларын жөндедік. Мектеп, мәдениет үйі, медициналық пункті бар ауылдардың болашағы бар, – деді Марат Ахметжанов.
Жиын соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін зеренділік ауыл шаруашылығы қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.
Зеренді ауылында жағалау аймағын су басу қаупінен қорғауға арналған қорғаныс бөгетінің құрылысы аяқталды. Биыл көктемде Зеренді көліндегі судың көтерілуі мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты ауыл табиғи апаттың ортасында қалды. Сөйтіп, ондаған үйді су басты. 25 маусымда ауданда төтенше жағдай режимі жарияланып, кейбір ғимараттар апатты, деп танылған еді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өткен көктемде егістік алқаптардағы еріген сулар мен жер асты суларының көтерілуіне байланысты су қоймасының көлемі жоғары деңгейге көтерілген. Құны 217 миллион теңгені құрайтын жобаны «Ақмола су қоймалары» серіктестігі аяқтаған.
– Ұзындығы 1300 метр, ені бес метр, биіктігі үш метр болатын қорғаныш топырақты үйінді тұрғызылды. Мамандар еріген суды айдау үшін екі резервуар орнатты. Құрылым сазды тығыздағышпен жабдықталған, ол гидрооқшаулауды және судың енуінен қорғауды қамтамасыз етеді. Су деңгейі көтерілген кезде сорғы станциялары автоматты түрде жұмыс істейді, – деп түсіндірді мердігер компанияның басшысы Евгений Шейлман.
– Барлық шешімдер ауданның гидрологиялық ерекшеліктерін ескере отырып қабылданды, алдағы жұмыс жоспары көктемде белгілі болады. Сондай-ақ, Зеренді ауылында Ж.Мусин көшесінің құрылысы аяқталды. Жұмысшылар жол жамылғысын толтырып, аулаларды абаттандырып, жерді тегістейді.
– Сәуір айының басында біз қиын жағдайға тап болдық, үйімізді су басты. Су аулалар мен бақшаларға кірді, ал, менің үйімнің бірінші қабатының тереңдігі 50 сантиметрге жуық болды. Барлық ағаштар мен бау-бақшаларды су шайып кетті. Су деңгейі төмендегеннен кейін, орасан зор жұмыс атқарылды. Жігіттер аптасына жеті күн жұмыс істеді, көптеген мамандар арнайы техниканың екі түрін басқарды. Әкімдік қызметкерлері бізбен бірге жұмыс барысын күн сайын бақылап отырды. Барлығына шын жүректен алғыс айтамыз, – дейді бұрынғы құрылысшы, қазіргі зейнеткер Виктор Криворучка.
Ауыл ақсақалдары көл суының деңгейін төмендетіп, оның көлемін бұрынғы шегіне қайтаруды ұсынды. Зеренділіктер уақыт өте келе, көлді тазартып, балық қорын толтырып, судың реттеліп ағуын қамтамасыз етеді деп үміттенеді. Мамандар бұл мақсатта өңірде ғылыми-зерттеулердің басталғанын атап өтті.
Марат Ахметжанов тұрғындардың қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алуды жүйелі түрде жүргізу атқарушы биліктің бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтті.
Облыс әкімі жұмыс сапары аясында күрделі жөндеуден өткен «Зеренді» тау шаңғысы курортында да болды. Аймақ қонақтары үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де белсенді демалыс орны болып табылатын курорт бірнеше айдың ішінде туристерге ыңғайлы орны бар заманауи спорттық нысанға айналды. Бұл ауқымды жұмысты корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында «УК Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Алаңға кешкі шаңғы тебуге мүмкіндік беретін жаңа жарықтандыру орнатылды. Сондай-ақ, орындықтар мен әткеншектері бар демалыс орындары жасалды. Орындықтар шаңғы жолының бойына орналастырылған, осылайша келушілер демалуға және пейзажды тамашалауға болады. Жобаның тұрақтылығына ерекше назар аударылды. Абаттандыру кезінде табиғи ландшафт сақталды. Қар жамылғысы жинала салысымен, роликті шаңғы базасы қысқы серуендеуге ашылады.
Облыс әкімі жөндеуден өткен нысанға жоғары баға берді.
– Жаңғыртылған спорт кешені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бюджеттен бір теңге жұмсалмай, облысқа сыйға берілді. Енді спортшылар күндіз-түні жаттыға алады, ал, туристер әсем табиғат пен қайталанбас жануарлар әлемі аясында қысқы-жазғы спорт түрлерін тамашалай алады, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа нысан жөнінде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
![]()

