Жолдауға – қолдау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ел халқына жолдаған жаңа Жолдауында су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі екендігін, бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі болып табылатынын атап өтіп, алдымызға ауқымды міндеттер жүктеді.
Биылғы басты құжаттың бесінші бағытында Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылғаны, бұл құзырлы құрылымның алдында ауқымды міндеттер тұрғаны, оған үстірт қарамау керектігі, осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажеттігі, суды үнемдеу мәселесі баса атап өтілді. Сонымен бірге, Президент суды есепке алу технологиясы әбден ескіргенін, суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқтығына да назар аударды. «Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ» екендігін еске салды.
Осы тіршіліктің қайнар көзі – судың жайы Көкшетау тұрғындарын 15 жылдан астам уақыттан бері толғандырған өзекті мәселе болатын. Шаһар тұрғындары ауыз судың жайына көңілдері толмай, өкпелерін де жиі жеткізетін. Қолға алынған су тазарту құрылғысын орнату жобасы да өкінішке орай, біразға созылды. Дегенмен, биылғы тамыз айының соңында Конституция күніне орай, көптен күткен тазарту құрылғысы іске қосылып, қала халқы таза суға қол жеткізді. Әрине, бұл орайда, қаланың барлық аумағында таза ауыз су қолжетімді деп ауыз толтырып айта алмаймыз, су құбырлары, су желілері ескірген аумақтарда үйге келіп жатқан тіршілік нәрі әлі де толық таза емес. Оның барлығы уақыт еншісінде. Ақырындап, құбырлар ауыстырылып, таза ауыз су да барша қала тұрғындарының игілігіне айналады деп сенеміз.
Жаңа тазарту құрылғылары қазіргі уақытта тәулігіне 30 мың текше метр су өңдеуде. Ал, қала тұрғындарының ағымдағы тұтыну көлемі шамамен тәулігіне 21 мың текше метрді құрайды. Жалпы, Көкшетау қаласына су екі жер асты көзі мен жер үсті ұңғымалары арқылы, атап айтқанда, Шағалалы су қоймасы мен Көкшетау топтық су құбыры – Сергеевка су қоймасы және пайдалануға берілген 13 ұңғыма арқылы келіп тұр.
Қазіргі уақытта авариялық желілерді қайта жаңарту бағытында 17 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оның 9-ы сумен жабдықтау болса, 8-і су бұру желілері бойынша қолға алынған жобалар. Бұл жобаларды іске асыру сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысының тұрақтылығы мен қуатын арттырады, қызметтердің сапасын жақсартуға және су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды алдағы 3 жылда ұлттық жоба шеңберінде іске асыру жоспарлануда.
Биыл сумен жабдықтау нысандарында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Су құбырлары желілерінде жыл бойы 52 апат орын алып, олар дер кезінде жойылды. Су құбырларының жалпы ұзындығы 3596 метрді құрайтын авариялық учаскелері ауыстырылды, 211 су жинайтын бағаналар жөнделді, 37 бекіту-реттеу арматуралары ауыстырылды, 22 өрт гидранты орнатылды. Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінен Ұлытау көшесіне дейін ұзындығы 2 шақырымдық аумаққа, сол сияқты, Жайлау шағын ауданында 0,3 шақырымға Д-160 миллимертлік су құбырын салу жұмыстары аяқталды. Бұған қоса, «Батискаф» сүңгуірлік жұмыстар жөніндегі мердігер ұйымды тарта отырып, Шағалалы су торабына жер асты тексеру жұмыстары жүргізілді.
Биыл жер асты суларының қосалқы кен орнын әзірлеу және су құбырының орталықтандырылған желілеріне қосу бойынша бір жоба іске асырылуда. Оның құны 839,568 миллион теңгені құрайды. Жобаны «ВТК-СтройМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйымы іске асыруда. Биыл жыл соңына дейін аталмыш жоба аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта бөлінген қаржының 556,85 миллион теңгесі игерілді. Жұмыс нәтижесі жоғары, қазір жер асты суынан тәулігіне 500 текше метр таза су алынады. Жыл соңына қала ішінде бірқатар су құбыры желілерінде түрлі деңгейдегі жөндеу, ауыстыру, жаңғырту жұмыстары жоспарланған.
Жоғарыда аталған барлық іс-шаралар су сапасын жақсартуға, қаланың сумен жабдықтау және тарату желілеріндегі су шығынын азайтуға, сондай-ақ, тұтынушыларға су беру сапасын жақсартуға бағытталған.
Юрий ШЕНГАЛЬЦ,
Көкшетау қалалық әкімдігі жанындағы «Көкшетау Су-Арнасы»
шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы.
![]()

