«Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылды

ЦИФРЛАНДЫРУ

«Әлеуметтік әмиян» аз қамтылған отбасыларға азық-түлікті төмендетілген бағамен, жылдам әрі ыңғайлы түрде сатып алуға мүмкіндік беретін пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бағдарлама «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, өңірдегі ірі сауда үйлерінің бірінің базасында жүзеге асырылуда. Барлық келісім-шарттар, тауар жөнелтпе құжаттары мен қаржылық операциялар ұлттық тауарларды қадағалау жүйесіне енгізілген, бұл – үдерісті барынша ашық етеді.

Жобаға қатысушыларға жеке QR-кодтар беріледі. Кассада төлем жасаған кезде жүйе автоматты түрде ет, жарма, май, сүт өнімдері және басқаларынан тұратын 19 әлеуметтік маңызы бар тауарға жеңілдетілген бағаны қолданады.

– Біз осы қалада бес жылдан бері жұмыс істеп келеміз және тұрғындардың жағдайын жақсы білеміз.  «Әлеуметтік әмиян» енгізу мүмкіндігі туған сәтте бірден келістік. Бұл – жай ғана бизнес емес, адамдардың өміріне қосқан үлесіміз. Енді аз қамтылған отбасылар ең қажетті азық-түлікке үнемдей алады. Біз адамдардың «дүкен біз үшін жұмыс істейді» деген сезімде болғанын қалаймыз, – дейді сауда үйінің иесі Сергей Бойко.

Қызметті баршаға қолжетімді ету үшін цифрлық есеп жүйесі енгізілді. Жоба 1С бағдарламасымен және 12 мыңнан астам тауар қамтылған жеке онлайн-платформамен интеграцияланған.

– Өнімдерге сайт немесе WhatsApp арқылы, онлайн тапсырыс беруге болады, ал, жеткізу тегін. Тіпті, зейнеткерлер де бұл жүйені оңай пайдаланады. Қажеттісін таңдайды, ал, ақысын тауарды алған кезде төлейді. Барлығы қарапайым әрі ашық, – дейді кәсіпкер.

Ақкөл тұрғындары үшін бұл жоба нақты қолдауға айналды.

– Біз атаулы әлеуметтік көмек аламыз, енді азық-түлікті төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігі туды. Нан, сүт, көкөніс, май сияқты керегіңнің бәрін жеңілдікпен аласың. Қағазбастылық, ешқандай ыңғайсыздық жоқ. QR-кодыңды көрсетесің, жеңілдік бірден түседі. Балалары бар отбасылар үшін бұл үлкен көмек, әрі үнем, – дейді көп балалы ана Мария Нагорняк.

Қазір жоба 13 отбасын қамтып отыр және ол ауқымын кеңейтіп келеді. Сауда үйі акциялар, балаларға арналған байқаулар, спорттық шаралар ұйымдастырып, тегін жеткізу қызметін дамытуды жалғастыруда. Уақыт өте келе, бұл қызмет аймақтың басқа қалаларын да қамтитыны анық.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар