2025 жылы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында бүкіл ел болып оқуға көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовпен қазақтың аса дарынды қаламгері, қара сөздің хас шебері Тәкен Әлімқұловтың шығармалары таңдалды. Қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармашылығына терең бойлау арқылы ұлттық мәдениет пен өнердің шынайы құндылығына бойлаймыз.
Тәкен Әлімқұлов шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Оның қаламынан туған туындылары оқырманға терең ой салатын ұлттық құндылық ретінде бағаланады. Суреткердің қай шығармасын алсақ та, адалдық, адамгершілік пен кішіпейілділік сияқты адами қасиеттерді дәріптеген рухани азыққа бай туындылар.
Тәкен (Тәңірберген) Әлімқұлов неше саңлақтар мен ақын-жазушылар туған, Сүгірдей күйші өмір сүрген қарт Қаратау өңірінде, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Бабата ауылында 1918 жылы қарашаның 22 жұлдызында дүниеге келген. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің нұсқауымен 1953 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтын бітіріп, Шымкенттегі қорғасын зауытында жұмыс істей жүріп, өлеңдер мен газеттерге мақалалар жазады. «Сапар» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көргеннен кейін, әр жылдары «Туған ауылда», «Қаратау өрнектері», «Боз жорға», тағы да басқа көркем сөзбен өрнектелген туындыларын оқырман қауым жылы қабылдады. КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтарында әдеби кеңесші, Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») сияқты белгілі басылымдарда қызмет істеп жүрген кездерінде жазған «Ақ боз ат», «Күрең өзен», «Кертолғау» атты әңгіме-повестерінде автор адам тағдырын, ауыл тіршілігін, өнер қайраткерлерінің өмірін тілге тиек етеді. Ұлы Абай туралы «Жұмбақ жан» атты зерттеу еңбегін жазып, бірнеше кітаптары орыс тілінде жарық көрген Тәкен Әлімқұлов Александр Пушкиннің, Гәнжауи Низамидің, Владимир Маяковскийдің өлеңдерін де қазақша сөйлеткен. Осы еңбегі еленіп, «Халықтар достығы» орденімен марапатталады.
Тәкен Әлімқұлов өзін көбіне ақын сезінген жан. Поэзияны керемет жақсы көрген. Қазақта Абайға, орыста Лермонтовқа «өлердей ғашық» болған. «Қаламгердің туған жерге деген махаббаты да сұмдық болатын» деп еске алады ақын інісі, марқұм Есенғали Раушанов. Ол үлкен жазушы Өтежан Нұрғалиевтің туған жер туралы мына бір екі шумағын жақсы көріп, жатқа оқитынын айтады:
Күн батады бір айнымай,
Қырда қызыл қырғауылдан.
Жан жүрегім жылай-жылай,
Кеткенмін мен бұл ауылдан.
Тілге биік тиек керек,
Жазу үшін биік өлең.
Бұл ауылға жиі өкпелеп,
Бұл ауылға жиі келем.
Тәкен Әлімқұлов тілге келгенде кірпияз жазушы болған. Ол турасында ақын Есенғали Раушанов былай дейді: «Жазу мәнерінің өзгелерден айрықша нақыштарына тоқталғанда ауызға ілігетін ерекшеліктің бірі сөйлем құрауда емес, сөйлемді аяқтаудағы тосын ізденістері еді. Тәкенге дейін (қазір де) қазақ жазушыларының сөйлемдері көбінесе «еді» етістігімен (мысалы, «Әкем келіп еді») аяқталатын. Бірнеше сөйлем «едімен» біткенде шығарманың мәні кететіні анық. Тәкен сөйлем аяқтауда көбіне «ған», «ген» есімшелерін пайдаланды. «Сол түні ай тұтылған…» («Қараой»). «Ақан атқа мініп, серілік құрған шақта талай ұлықпен дәмдес болған» («Көк қаршыға»). Осыдан-ақ, жазушының шығарма мағынасына терең бойлайтынын аңғаруға болады.
Жазушы Қалихан Ысқақ: «Тәкеңнің қолы қазымыр еді, – деп, оның мінезіне, тіліне бітпеген қазымырлықтың қолы мен қаламында болғанын айтады. Таза, нақты, түсінікті жазылмаған, олпы-солпы дүниелерді қара сиямен сызып отырып редакциялайтын әдеті еді. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас бір бетіне «Қан мен терден» үзінді беріпті. Оның сау-тамтығын қалдырмай редакциялап, Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеуге келгенде қолына ұстатып жіберген. Сол Тәкеңнің тілге кірпияздығы маған да сіңіп кеткен», – дейді.
Тәкен Әлімқұлов, Есенғали ағамыз айтпақшы, қазақ прозасына биіктен қараған прозаик. Кез келген классикпін деп жүрген жазушыны тас-талқанын шығарып сынау тек осы Әлімқұловтың қолынан келген шығар. Аты бар жазушы деп елпең қағып, құлай кету табиғатында болмапты. Менсінбей қойғаны емес, гәптің бәрі сол мінезінің иіліп көрпе, жайылып жастық болмайтындығында деп білеміз. Турашыл, әділ, әдебиетте көркемдік пен тазалықты жаны сүйген әдебиет сыншысының еңбекке адалдығы тәнті етеді.
Сейфолла Оспанов ағамыз қаламгер туралы «Тәкен аға Мәскеуде тұрса да, салт-дәстүрді керемет білетін. Ат жайында Тәкеннен артық мағлұматты ешкім білмейтін шығар. Жазғанда, екінші қайталап жазбайтын. Мен сол бір жазғанын түземейді-ау деп ойлаймын. Алматыға келгенде, өмірінің көбі жазушылардың шығармашылық үйінде өтті. Мен сонда ол кісінің «бозасын» тасып жүретінмін. Сәнқой адам болмаған. Қарапайым киінетін» – дейді ақынның адамгершілігіне, сауаттылығына, қазақылығына бас игендей. Ал жүзшілдікті, рушылдықты ұнатпағанын әр сөзінен, әр ісінен, әр кеңесінен байқауға болатын қаламгердің ел бірлігіне деген құрметі садақ бойы биік тұратыны айтпаса да түсінікті.
Жүрегі елім, жерім деп соққан жазушының сүйегі өз өтініші бойынша Қаратаудың етегіндегі өзі туған Бабата ауылына жерленген. «Тәкеннің қазасы қабырғамды қайыстырды. 1987 жылдың 15 сәуірі тап қазіргі сәтімдей көз алдымда. Қаратаудың қара суық желі қарпып барады. Көзімде жас. Өмірдің бәрі бітіп қалғандай. Тәкенді жерлеп жатқанда, басымды төменнен жоғары көтеріп едім, саған өтірік, маған шын – ақ боз ат бастаған бір үйір жылқы Қаратаудың етегінде жосып барады екен. Тәкеннің жақсы көрген жылқылары қоштасуға келгенін қарашы сонда… Ақбоз ат бастаған жылқылар Қаратаудың етегінде әлі де жосып жүргендей… Мен солай сезіндім!..». Бұл жазушының жары Есімгүл апамыздың көргені.
Иә, қарымды қаламгердің қай шығармасынан болсын, өзімізге керекті бір жақсы дүниелерді алғандаймыз. Елі үшін, туған әдебиеті мен мәдениеті үшін аянбай еңбек етіп, кімге болсын үлгі бола білген, өмірге бір-ақ рет келетін осындай ақын-жазушыларымызды ұмытпай, шығармаларын насихаттай білу – біздің парызымыз. Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» акциясымен қазақтың көрнекті жазушысы, көркем сөздің шебері Тәкен Әлімқұловқа да кезектің келгені осындай қарымды қалам иесінің еңбегінің лайықты бағаланғаны. Ендеше, Тәкен ағамыздың сырлы да жырлы, ойлы да шұрайлы шығармаларынан сусындайық, ағайын!
Бақыт ЕСМАҒАНБЕТОВА,
кітапханашы.
суреттер egemen.kz сайтынан.
![]()

