Шойындыкөл ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ҚЫЗМЕТІ

Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет «АБС Жаркөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен ұйымдастырылып, серіктестіктің өз қаражаты есебінен оның базасында орналастырылды.

Бекеттің ашылуына ауылдың аудан орталығынан шалғай орналасуы және қыс мезгіліндегі жол қатынасының қиындығы себеп болды. Аталған нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бекетке алдымен өрт сөндіретін техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген өрт сөндіру автокөлігі сатып алынған. Сондай-ақ, бекетте техниканы қоятын бокс, жеке құрамды орналастыруға арналған бөлмелер мен телефон байланысы жұмыс істейді.

Бекеттің 3 адамнан тұратын жеке құрамы тәулік бойы кезекшілікке шығады.

Бекет шамамен 60 ауласы бар, халқы 195 адамды құрайтын Шойындыкөл ауылына қызмет көрсетеді.

–Бекеттің ашылуы өртке әрекет ету уақытын қысқартып, тұрғындардың өрт қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша жедел диспетчерлік бөлімінің подполковнигі Айдын Жоламанов.

–Бұл бекет ауыл тұрғындарының мүддесі үшін ашылды. Жоба серіктестіктің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, алдағы уақытта бекетке арналған жеке бокс салып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді «АБС Жаркөл» серіктестігінің бас директоры Денис Лузин.

Өрт сөндіру бекетінің ашылуы Жарқайың ауданының ауылдық елді мекендерінде қауіпсіздік деңгейін арттыру және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету бағытындағы маңызды қадам екендігі анық.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар