ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ
Бүгінгі Қазақстан қарқынды өзгерістер кезеңіндегі ел. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында білім мен ғылымды ұлттық дамудың басты тірегі ретінде айқындап келеді. Осы стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруда өңірлік университеттердің рөлі айрықша. Ақмола облысының жетекші жоғары оқу орны Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті соңғы жылдары түбегейлі трансформация жолына түсіп, заман талабына сай жаңарған, болашаққа нық қадам басқан білім ордасына айналып келеді.
Президент Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстан дамуының негізгі драйверлерінің бірі болуы тиіс екені нақты айтылды. Бұл жай ұран емес, нақты әрекетті талап ететін міндет. Осы бағытта біздің университет алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бүгінде университетте білім беру мен әкімшілік басқаруды біріктіретін заманауи цифрлық экожүйе қалыптасты. 2024 жылдың желтоқсанында елімізде іске қосылған «AI Sana» ұлттық бастамасы аясында біз жасанды интеллектіні білім беру процесіне жүйелі түрде енгізе бастадық. Қазіргі таңда 8 мыңнан астам студент жасанды интеллект бойынша базалық курстардан өтті. 1 200 студент Coursera платформасында 10 курс бойынша білім алып, халықаралық сертификаттарға ие болды.
Оқытушылар құрамының да біліктілігін арттыру басты назардан тыс қалмайды. 173 оқытушымыз Columbia University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Google және Coursera платформаларында білім алды. 11 оқытушы Tech Orda бағдарламасы бойынша жеті айлық курсты тәмамдады. Ал, 60 оқытушы бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жасанды интеллект бойынша арнайы курстан өтуде.
Өткен жылы университеттің өзінде ішкі процестерді автоматтандыруға арналған бес жасанды интеллект агенті әзірленді. Қабылдау комиссиясына арналған чат-бот, техникалық қолдау қызметі, онлайн психолог, жатақханаға орын бөлу жүйесі және өндірістік қауіпсіздікке арналған AI-каска мұның бәрі цифрлық трансформацияның нақты нәтижесі. Бұл жобалар 2025 жылғы 30 қазанда Астанада өткен Стратегиялық серіктестер форумында көпшілікке таныстырылды.
Ғылымсыз даму жоқ. Президент өз Жолдаулары мен сұхбаттарында ғылымды экономиканың нақты секторымен ұштастыру қажеттігін үнемі атап өтеді. Осы бағытта біздің университет өңірлік ғылыми-инновациялық орталыққа айналып келеді. Мәселен, 2025 жылы университет Ғылым және жоғары білім министрлігінің құны 3 миллиард теңге болатын бағдарламалық қаржыландыру жобасының жеңімпазы атанды. Бұл жоба Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға, сүт шаруашылығын дамытуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы бағдарлама аясында 2026 жылы университетте агрохимия, сүт өнімдерін талдау, жемшөп сапасын зерттеу, жер және өсімдік шаруашылығы, экологиялық мониторинг бағыттары бойынша бес заманауи зертхана ашылады. Бүгінде университетте жалпы құны 1,669 миллиард теңгеден асатын 33 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Бұл ғылымның өңір экономикасына нақты үлес қоса бастағанының айқын дәлелі дер едім. Жалпы, университет білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып отырады. Оқу үдерісіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп, магистратурада «Антикоррупциялық комплаенс», «Қалдықтарды басқару» секілді жаңа бағдарламалар ашылды. Бүгінде университетте 75-тен астам бакалавриат, 42 магистратура, 10 докторантура және 1 резидентура бағдарламасы жүзеге асырылады. Мұнда 8 мыңға жуық студент білім алуда. Олардың қатарында еліміздің түрлі өңірлерінен келген жастармен бірге, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Судан, Моңғолия және басқа елдердің студенттері бар.
Халықаралық танымалдық өңірлік университеттің үлкен жетістігі екені даусыз. Бұл ретте, университеттің QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде 781-790 диапазонына енуі, Times Higher Education Impact Ranking 2025 нәтижелері бойынша ТДМ-10 («Теңсіздікті азайту») көрсеткішінде Қазақстанда 1-орын, ТДМ-4 («Сапалы білім») бойынша 2-орын алуы халықаралық қауымдастықтың бізге берген жоғары бағасы. Соңғы уақытта Эстония, Гонконг, Польша университеттерімен жаңа келісімдер жасалып, Оңтүстік Кореяның Woosong университетімен қос дипломды бағдарламалар іске қосылды. Бұл жаһандық білім кеңістігіне нық қадам.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Азия, АҚШ, Еуропа және ТМД елдерімен кең көлемді халықаралық ынтымақтастық орнатқан. Университет әріптес жоғары оқу орындарымен тұрақты кездесулер өткізеді, студенттер мен оқытушылар үшін академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша келісімдер жасап, оларды үнемі жаңартып отырады. Сонымен қатар, әр елдің дипломатиялық өкілдерімен білім және ғылым саласы бойынша тұрақты кездесулер ұйымдастырылады. Өткен жылы университет Оңтүстік Кореяның Woosong университетімен бірлесе отырып, «Туризм және қонақжайлылық» және «Жаһандық менеджмент» қос дипломдық бағдарламаларын іске қосты. Сонымен қатар, өткен жылы оқу орны «Қазақстан – академиялық білім аумағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумына белсенді қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның елдің стратегиялық даму бағыттарының негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. Қазақстан Орталық Азияның басты білім беру орталығы болуды мақсат етеді. Бүгінде елде 40 шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді, олардың 85 пайызы жоғары технологиялық бағыттарда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инженерия, жаратылыстану және техникалық ғылымдарға шоғырланған.
Біздің университет Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдап, алдағы уақытта да халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту бағытында белсенді жұмысын жалғастыратын болады.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті тек білім беретін орын емес, ол қоғамға қызмет ететін әлеуметтік институт. Біз өмір бойы білім алу тұжырымдамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Күміс университеті аға буын өкілдеріне арналған білім беру алаңы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып біздің университетте құрылды. Өткен жылдың қазан айында ашылған инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік зертханасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.
Студент – біз үшін басты құндылық десек, соңғы жылдары университеттің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Өткен жылы университеттің өз қаражаты есебінен салынған 500 орындық екі заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Бұл студенттерге деген нақты қамқорлықтың көрінісі деп есептеймін. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бүгінгі таңда инновация мен дәстүрді, ғылым мен білімді, өңірлік жауапкершілік пен жаһандық мүмкіндіктерді үйлестіре отырып дамып келеді.
Университет ұжымы студенттердің бойында отансүйгіштік, ортақ іске жауапкершілік және қоғамға қызмет ету қағидаттарын қалыптастыруға басымдық береді. Ақиық ғалым Шоқан Уәлихановтың есімі бізге ақиқатқа, білімге және қоғам игілігіне қызмет етуге ұмтылу жауапкершілігін жүктейді. Тарихи дәстүрлер мен инновацияны үйлестіре отырып, университет тұрақты даму бағытын сенімді жалғастыруда жаңа 2026 жылдың бір ерекшелігі, «Шоқан оқуларының» 30 жылдық мерейтойлық конференциясы өтеді.
Оқу орнының барлық жетістіктері – оқытушылар, студенттер, олардың ата-аналары, түлектеріміз және серіктестеріміздің бірлескен еңбегінің жемісі. Университет миссиясы мен құндылықтарына сүйене отырып, біз инновациялық, жаһандық және шабыт беретін білім беру ортасын қалыптастыруды мақсат етудеміз. Бізде білім алу осыны жөн көрген әр адам өмірінің ажырамас әрі үздіксіз бөлігіне айналуы тиіс. Біз Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды толық қолдай отырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеміз. Алда үлкен мақсаттар, жаңа белестер тұр. Осы жолда университет ұжымы, студенттер, серіктестер мен түлектер бірлесе отырып, ел дамуына қызмет етуді жалғастыра береміз.
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры.
![]()

