НАШАҚОРЛЫҚ – ҚҰРДЫМҒА ЖОЛ
Атбасар аудандық полиция бөлімі ӘПБ патрульдік полиция взводының қызметкерлері жедел әрекет ету барысында мінез-құлқы күдік тудырған ер адамды құрықтады. Бұрын да бірнеше рет тәртіп сақшыларының назарына іліккен азаматты тексеру барысында оның заңсыз әрекеті әшкере болды.
Жеке тінту кезінде ұсталған адамнан ішінде сұйықтығы бар 17 бөтелке, 48 капсула, белгісіз 4 таблетка, сондай-ақ, жиналмалы пышақ, ерекше иісі бар зат салынған пакет табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, оқиға орнын мұқият тексеру кезінде полиция тағы 9 бөтелке мен 24 капсуланы тауып алды.
Тергеу барысында анықталғанындай, күдікті 2025 жылдың жазында Telegram мессенджері арқылы «жылдам табыс» табу туралы ұсынысты қабылдап, заңсыз әрекетке тартылған. Ол «куратормен» тек қашықтан байланыс орнатып, соның нұсқауымен тыйым салынған заттарды белгіленген жерлер бойынша алып, кейін оларды «жасырын салу» әдісімен таратып отырған. Әрбір жасалған қылмыстық тапсырманы суретке түсіріп, есеп ретінде жібергені үшін ақшалай сыйақы алып келген.
Биылғы жылдың 13 қаңтарында Көкшетау қаласынан есірткінің кезекті партиясын алған ол келесі күні Атбасарға келеді. Ол тыйым салынған заттарды қала көшелеріндегі қардың астына жасырып жүрген жерінде қолға түсті. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тәркіленген заттарға сот сараптамасы тағайындалды.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын қырағы болуға шақырады. Егер қандай да бір күдікті адамдарды немесе жасырын орындарды байқасаңыз, дереу полицияға хабарласуыңызды сұрайды. Сонымен қатар, хабарлаған адамның анонимділігіне толық кепілдік беріледі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

