Ағаш ексек, пайдасы мол

Көктемнің шуақты мерекесі саналатын Наурыз табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлей бастауымен үндес келеді. Дәл осы мезгілде халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін қанатты сөзі де ерекше мәнге ие болады.

Бұл тек нақыл емес, бүгінгі күннің нақты ісіне айналып отырған ұстаным екені даусыз. Елімізде Президенттің «Таза Қазақстан» жобасы аясында ағаш отырғызу үрдісі қарқынды жалғасып, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.

Соңғы жылдарда біздің өңірімізде де орман шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар ауқымды істер атқарылғаны мәлім. Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишевпен тілдескенімізде, облыс бойынша ағаш отырғызу және оны күтіп, баптау бағытындағы жұмыстар жөнінде бірқатар мәліметтер алдық.

Ақмола облысындағы жалпы орман қорының аумағы 1,1 миллион гектарды құраса, оның 445,3 мың гектары орманмен көмкерілген. Облыстың небары 3 пайызы орман алқабы болғанымен, соңғы жылдары бұл көрсеткішті арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, облыс әкімдігіне қарасты орман қорының 405,1 мың гектар аумағында оң өзгерістер байқалады. Соңғы 5 жылда орманмен жабылған жер көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, 2025 жылы бұл көрсеткіш 235,1 мың гектарға жеткен.

Бұл жетістіктер ең алдымен, ел Президентінің 2020 жылғы Жолдауында жүктеген ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасының нақты орындалуының көрінісі екендігі сөзсіз. 2021-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 74 миллион түп ағаш отырғызылып, 11 мың гектар жер жасыл желекке бөленді. Бұл атқарылған жұмыстардың ішінде Астананың айналасындағы жасыл белдеуге кіретін орман алқаптары да бар. Қазір  Елордамыз бен көрікті Бурабай арасы жыл сайын жаңадан отырғызылған сан алуан ағаш түрлерімен тұтасып келе жатқандай әсер береді. Олардың осы бағдарлама қолға алынған алғашқы бетте отырғызған бөліктері бүгінде жасыл орманға айналып, көз жауын ала түседі. Басқарма басшысының айтуынша, әр жыл сайын алда тұрған осы мәселелерді шешуден белгіленген жоспар артығымен орындалып келеді. Мәселен, 2022 жылы ол 185 пайызға, 2025 жылы 119 пайызға орындалыпты.

Сондай-ақ, алдағы мақсаттар да ауқымды болып отыр. Жалпы 7 жылдық жоспар бойынша облыста 150 миллион ағаш отырғызу көзделсе, оның 86 миллионы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Тек биылдың өзінде 20 миллион ағаш отырғызу міндеті қойылып отыр. Бұл табиғатты қалпына келтіру мен болашақ ұрпаққа жасыл мұра қалдыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі екендігі анық.

–Ағаш отырғызу ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүр, табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі. Бұл  тек бүгінгі күннің емес, келер ұрпақтың қамы үшін жасалатын сауапты іс. Әрбір егілген тал елдің ертеңіне қосылған үлес. Сондықтан, бұл бастаманы тек науқан ретінде қолдап қоймай емес, өмір салтына айналдыруымыз керек, – дейді Джанет Микишев бізбен әңгімесінде.

Сонымен қатар, орманды көбейту ісінде көшет сапасы мен оның жеткілікті түрде болуы шешуші рөл атқарады. Бүгінде облыста 11 жекеленген орман шаруашылық мекемелері жұмыс істейді. Соңғы жылдары аталған шаруашылықтардың жұмысын кеңейту мақсатында орманды күтіп баптау мен өрттердің алдын алуға арналған заманауи станциялар іске қосылды.   Зеренді ауданында салынып жатқан өрт ошақтарын анықтау бекеті біздің осы сөзіміздің айқын дәлелі. Жалпылай алғанда, өңірде орман өрттерін алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Аталған шаруашылықтар базасына тоғыз шағын орман патрульдік кешені сатып алынып, жыл сайын өрт сөндіру машиналары, тракторлар және шағын орман патрульдік кешендері сияқты орман ісіне қажетті техникалар жаңартылуда .

Сонымен қатар,  облысымызда жылына 70 миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік беретін жобалар да жүзеге асырылуда. Басқарма басшысының сөзінше, көшетпен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп жатқан көрінеді. 2026 жылы қолда бар 10,2 миллион көшетке қосымша 4,3 миллион көшет қажет болса, 2027 жылы 15 миллион көшет алу жоспарланған. Ал, тұқым қоры жеткілікті болған өткен жылы 14 мың килограмнан астам орман тұқымы жиналып,  облыстағы орман шаруашылықтарының егіс алқабы екі есеге ұлғайтылған.

Тек орман алқаптарында ғана емес, елді мекендерде де көгалдандыру жұмыстары қарқын алуда. Соңғы 5 жылда облыс қалалары мен ауылдарында 507 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Бұл Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясының нақты нәтижесі екені даусыз. Бүгінде аталған республикалық ағаш отырғызу акциясы әрбір азаматтың туған жерді көркейтуге үлес қосуына берілген мүмкіндік.

Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың мерекесі. Осы ретте, табиғатпен үйлесім табу, жер-ананы аялау ата-бабамыздан келе жатқан аманат. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар сол аманаттың жалғасы іспетті. Әр отырғызылған тал болашаққа деген үміт пен сенім. Сондықтан, әрқайсымыз табиғатқа жанашырлықпен қарап, «бір тал кессең, он тал ек» қағидасын өмір салтымызға айналдырсақ, еліміздің ертеңі де кемелдене бермек.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет aqshamnews.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар