12 сәуір адамзат өркениетінің ең ұлы жетістіктерінің бірін еске түсіретін ерекше күн. Бұл дата тек ғылым мен техниканың дамуын ғана емес, адам баласының шексіз мүмкіндіктерге ұмтылысын, белгісізді бағындыруға деген батыл қадамын бейнелейді. Әсіресе, Қазақстан үшін бұл күннің орны бөлек. Себебі, адамзат тарихындағы алғашқы ғарыш сапары дәл осы қазақ жерінен бастау алды.
1961 жылдың 12 сәуірінде «Восток» зымыран-тасығышы Восток-1 аппаратын орбитаға шығарды. Оның бортында Юрий Гагарин болды. Бұл тарихи оқиға Байқоңыр ғарыш айлағы аумағында жүзеге асырылып, Қазақстанды ғарыш дәуірінің бастау нүктесіне айналдырды. Гагариннің «Кеттік!» деген бір ауыр сөзі адамзат тарихында жаңа кезеңнің символына айналып, жерден тыс кеңістікті игеру дәуірін ашты.
Тоқтар Әубәкіров әлемнің 256-ғарышкері болса, Талғат Мұсабаев әлемнің 309-шы, ал, Айдын Айымбетов 545-ғарышкері.
Үш қыранға да ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық Қаһарманы» атағын берілген. Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтың туған күндері бір күнде, бір айда, яғни 27 шілдеде. Екі ғарышкеріміз де Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері.
Сол уақыттан бері Қазақстан ғарыш саласында маңызды орын алып келеді. Кеңес дәуірінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл сала елдің ғылыми-техникалық әлеуетінің маңызды бөлігі ретінде дамып келеді. Ғарыш айлағының стратегиялық маңызы – тек зымыран ұшырумен шектелмей, халықаралық ынтымақтастықтың да ірі орталығына айналуында.
Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері де айтарлықтай. КСРО-ның соңғы және қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, ұлттық тарихта жаңа белес ашты. Қазақтың тұңғыш ғарышкері сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды.
Тоқтар Әубәкіров – алғаш рет басқа кеңістікте жүріп, қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірледі. Отандастарымыздың ерлігі мен батылдығы жас ұрпаққа үлгі болып, ғылымға деген қызығушылықты арттырды. Т.Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы Қазақстанның егемендігі қарсаңындағы символдық оқиғалардың бірі ретінде бағаланады.
Ғарыштан түсірілген жердің суреті.
сурет cdnn21.img.ria.ru сайтынан.
Қазақтан шыққан екінші ғарышкер былтыр өмірден өткен Талғат Мұсабаев. Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшып, сол жақта барлығы 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Нәтижесінде ол Гиннестің рекордтар кітабына енді. Осы күнге дейін адамзат тарихында Талғат Мұсабаев сияқты ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген. Оның миссиялары тек ғылыми-зерттеулермен ғана емес, Қазақстанның ғарыш саласындағы беделін арттырумен де ерекшеленді. Т.Мұсабаевтың еңбегі арқылы еліміз ғарыштық зерттеулердің белсенді қатысушысына айналды. Талғат Мұсабаев бірнеше мәрте ғарышқа ұшып, халықаралық деңгейде танылған тәжірибелі ғарышкер атанды.
сурет media.wired.com сайтынан
Қазақстанның үшінші ғарышкері – Айдын Айымбетов. Ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында ғарышқа халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Халықаралық ғарыш станциясына барған ЭП-18 экспедиция мүшесі жерге «Союз ТМА-16М» кемесінде оралды. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды. Бұл оқиға еліміздің ғарыш саласын дамытудағы көп жылғы сабақтастықтың сақталғанын көрсетті. А.Айымбетовтың сапары заманауи Қазақстанның ғылыми әлеуетінің әлі де жоғары екенін дәлелдеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан ғарыш саласын тек тарихи мұра ретінде ғана емес, болашақтың стратегиялық бағыты ретінде қарастырады. Спутниктік технологиялар, жерді қашықтан зондтау, байланыс жүйелері сияқты бағыттар ел экономикасының дамуына тікелей ықпал етуде. Сонымен қатар, халықаралық ғарыш бағдарламаларына қатысу арқылы Қазақстан жаһандық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігіне айналып отыр.
12 сәуір – осылай тек өткенді еске алу күні емес, болашаққа көз тастайтын маңызды сәт. Бұл күн адамзаттың батылдығы мен білімге деген құштарлығының белгісі ретінде ұрпақтар жадында мәңгілікке сақталады. Қазақстан үшін ол ұлттық мақтаныштың, ғылыми прогрестің және жаңа ұрпаққа берілетін үлкен шабыттың қайнар көзі болып қала береді.
Ғарыштағы біз біле бермейтін беймәлім тұстары
Ғарышкерлер әлемдегі ең ерекше мамандықтың иелері. Дегенмен, ғарыштағы өмір әсте оңай емес, оның да адам баласының жүрегі дауалай бермейтін өзіндік небір күрделі ережесі тосын, қорқынышты жайлары бар.
Астронавтар қалай ұйықтайды? Шектеулі кеңістік, психикалық және эмоциялық қуатты қажет ететін жұмыстар, магниттті дауылдар – бұлардың бәрі ғарыш әлемін бағындырушылардың денсаулығына кері әсер ететіні сөзсіз. Ғарыш орбитасына ұзаққа сапар шегетін ғарышкерлер денсаулыққа зиянның аз келуі үшін бірнеше Күн шығуынан кейін көз іледі.
Жерді айналып жүрген Халықаралық ғарыш станциясында астронавтар әр 1,5 сағат сайын Күннің шығуын көреді. Сол себепті олар 3-4 Күн шығысынан соң қолдан жасалған арнайы «қараңғы» бөлмеде көз шырымын алады. Оған қоса ұйықтап жатқанда төсектен «ұшып» кетпеу үшін арнайы ұйқыға арналған қапқа жатып, оның сыртынан арнайы белдікпен қыстырып қояды.
Гравитацияның болмауы адам денесіне әртүрлі әсер етеді. Соның бірі бұлшық ет салмағының азайып, сүйектердің әлсіреуі. Жердегідей қуыққа түсетін қысым да ғарышта болмайды. Сол себепті ғарышкерлер ұшу, қону кезінде және ашық космосқа шыққанда арнайы жөргектерді пайдаланады.
Ал, Халықаралық ғарыш станциясында астронавтарға арнайы жабдықталған шомылу бөлмесі бар. Арнайы құрылғы барлық артық заттарды көпфункциялы «Прогресс» ғарыш кемесіне жөнелтеді. Ал, ол өз кезегінде барлық қоқысты өртеніп кетуі үшін Жердің атмосферасына лақтырады.
Тағы бір қызық жайт, астронавтар ғарышқа сапар шекпей тұрып станциядағы дәретхананы қолдануды үйрену үшін арнайы дайындықтан өтеді.
Жаттығудан соң ғарышкерлердің денесін бу басады. Салмақсыздықтың салдарынан бұлшық еттің өзгеруінің алдын алу үшін астронавтар күніне кем дегенде 2 сағат жаттығады. Белсенді жаттығудан соң ғарышкердің денесін басатын қара тер үлкен түйіршіктерге айналып, дененің әрбір жеріне жабысып қалады. Ғарышта әрбір сұйықтық бағалы болғандықтан, терді арнайы сүлгімен сүртіп, оны сүзгіден өткізеді. Артынша оны ауыз су ретінде пайдаланады.
Ғарышта жылаудың қажеті шамалы. Әртүрлі ауыр ойлардан арылып, өзіңе келудің бірден-бір жолы – жылап алу. Мұны ғалымдар біледі. Олар психологиялық қиындықтар туған кезде, ғарышкердің жылап алуына қарсы болмады. Тіпті, көз жасты ең керекті деп тауып, ғарышкерлерге де бірнеше рет ескертті. Өкінішке орай, тәжірибеде бәрі де басқаша болып шықты. АҚШ ғалымдары тартылыс күшінің жоқ екенін ескермеген. «МИР» станциясындағы тәжірибелер барысында жылауға бел буған ғарышкерлер көз жастың көзден ақпай, ұсақ дөңгелектер қалпында сақталып қалатындығын байқаған. Тұзды сұйықтық көзде қалып қойды. Өйткені, жас төмен қарай ағудың орнына, көздің айналасына жиналып ыңғайсыздық әкеледі. Түйіршікке айналған жас көзді ауыртып қана қоймай, тас секілді ұрылуы мүмкін. Мұнымен қоймай, ол тартылыс күшінсіз бойда тітіркенулерді туғызып, ішті қыздырған екен. Содан бері денсаулықта қиындықтар туғызбас үшін, ғарышкерлерге жылауға «тыйым салынады».
Астронавтар иіс сезу түйсігін жоғалтады. Жерде барлық дене сұйықтығы тартылыс күшіне бағынып, дене бойымен төмен қарай қозғалады. Ал ғарышта бәрі басқаша. Сұйықтық дененің әрбір бөлігіне жинала береді. Осының салдарынан ғарышкерлер иіс сезу түйсігін жоғалтады. Көп астронавтар иісті дұрыс сезбегендіктен тамаққа Табаско соусы мен ащы бұрышты қосқанды ұнатады.
Ғарышкерлер кір киімдерін өртеп жібереді. Халықаралық ғарыш станцияда жүргенде астронавтар күнделікті үйреншікті киімді киеді. Уақыт өте кір болған киімдерді қайта жуу мүмкін емес, сол себепті оларды арнайы қапқа салып, ашық космосқа жібереді. Камикадзе кемелер барлық қоқысты жинап, Жердің атмосферасында өртенеді.
Ғарышта нан жеуге тыйым салынған. 1965 жылы «Джемини-3» ғарыш кемесінің екі астронавты өздерімен бірге құпия түрде тұздаған ет қосылған сэндвич алып кірген. Халықаралық ғарыш станциясында нанның қоқымдары барлық жерге шашылып, кедергі келтірген. Ұсақ қоқымдар ғарышкерлердің көзіне түсіп, құрылғылардың арасына кірген. Осыдан кейін ғарышқа нан алып баруға тыйым салынды. Дегенмен, қазіргі уақытта ғарыш станциясында қоқымсыз нан пісіру үшін арнайы құрылғыны жасау қолға алынған.
Ғарышта ішімдік тұтынуға болмайды. НАСА ғарышта астронавтардың мас болып келеңсіз жағдайға ұшырамауы үшін ішімдік тұтынуға тыйым салған. Оның үстіне тартылыс күші жоқ жерде сыра тұтас көбіктенген ботқаға айналып кетеді.
Әлемдегі ең ерекше мамандықтың табысы қандай? NASA ғарышкерлері ең жоғары жалақыны алу үшін GS-15 федералды қызметкерлерінің категориясына үміткер бола алады, бұл әскери полковник немесе капитан атағына тең. Осы позициялардағы жылдық жалақы – шамамен 155 мың доллар (шамамен 13 мың доллар немесе айына 5 миллион теңге). NASA ғарышкерлерінің қатарына қосылған әскери қызметкер өз жұмысында қалады, олардың жалақысы қорғаныс ведомствосының тәртібіне сәйкес есептеледі. Әскери қызметтегі астронавтардың айлығы сәл көбірек болады, өйткені, олардың табысының бір бөлігіне салық салынбайды.
Жалақыдан бөлек ғарышкерлерге сауықтыру және демалыс айлығы беріледі, сонымен қатар, сақтандыру да бар, бірақ, оның жарты құнын қызметкер өзі төлейді. Әскери астронавтардың артықшылығы бар: атап айтқанда, олардың зейнетақы төлеміне қатысты жағдайы неғұрлым тиімді.
Ғарышкерлер балмұздақты қатты сағынады. Бірде NASA ғарышкерлерге «Жерден» нені сағынатынын сұрап, сауалнама жүргізеді. Космостағы ең сағынатын тамаққа пицца, газдалған сусын және балмұздақ жатқызылған. Ал, құрғақ қатыру арқылы дайындалатын «ғарышкер балмұздағын» олар космоста ешқашан жеп көрмеген болып шықты.
Жалпы ғарышкерлер жайлы қызықты 13 мәлімет. Ғарышты зерттеу тарихында ғарышта ешкім қаза тапқан жоқ. Жазатайым оқиғалар болған. Бірақ олардың бәрі Жерден ұшқан кезде немесе орбитадан түсу барысында болды. Барлығы атмосферада қаза тапты.
Орбитада ғарышкерлердің өсуі орта есеппен 4-5 сантиметрге дейін артады, өйткені жер үсті ауырлық күшіне көп әсер етпейді. Сондықтан, омыртқа түзеледі.
Көптеген тағам өнімдерін ғарышкерлер тек түтіктерден сұйық түрінде қолданады.
Ғарышта ұзақ уақыт бойы үздіксіз болу – 14 ай. Бұл рекорд «Мир» орбиталық станциясына барған Валерий Поляковқа тиесілі.
Көптеген ғарышкерлер алдымен ауыр салмақтылық жағдайынан туындаған «ғарыштық аурудан» зардап шегеді. Бұл, ең алдымен жүрек айнуы кезінде көрінеді.
Айға барған «Аполлон-11» ғарышкерлері оларды қайтару кезінде кедендік бақылаудан өтті. Кедендік декларацияда олар: «Жүк – бұл ай мен тастар» деп жазды.
Ғарышкерлер ғарышта қорылдамайды. Жерге қайта оралғаннан кейін, көптеген ғарышкерлер ыңғайсыз күй кешеді.
Тістерді тазарту кезінде ғарышкерлер тіс пастасының көбігін жұтуға мәжбүр болады, сондықтан, олардың арнайы жеуге жарайтын пастасы бар.
Дайындаған Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет semeyainasy. media сайтынан.
![]()

