ҒАШЫҚТАР КҮНІ
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ғашықтар күніне орай, Көкшетау құрылыс-техникалық колледжінде көп балалы жас отбасылар студент жастармен кездесті.
Іс-шараның ұйымдастырушылары – Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығы мен «Сенім мен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі.
– Отбасы тұлға тәрбиелейтін және оның қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Отбасы шағын мемлекет. Үлгілі жанұя үлкен қазына. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар. Ұл-қызына тәрбие беретін ата-ананың парызы мен қарызы үлкен. Егер отбасының түтіні түзу ұшпаса, ұрыс-жанжал, әлеуметтік жетіспеушілік, өзара жарасым болмаса, ондай отбасыдан береке қашады. Онда тәрбиеленген баланың ішкі сана-сезімі бұзылып, психологиялық жарақат алады. Ертең қоғамдық ортада түрлі қиындық тудыратын, әлеуметтенбеген «өгей» ұрпақ өседі, – дей келіп, «Сенім мен болашақ» РҚБ төрағасы Айгүл Нұрмағанбетова шараның келесі бөліміне көшті.
«Әлеуметтік желінің қазіргі таңда таныстық үшін қаншалықты маңызы бар? Сау отбасы дегенді қалай түсінуге болады? Мансап, оқу және жеке өмір, осының бәрін отбасын құрғаннан кейін үлгеруге бола ма?» деген сұрақтарға жауап берген отбасылар өздерінің сан сырларымен бөліскендей болды.
Айталық, өнерлі отбасылар қатарында саналатын көпбалалы Әубәкіровтер жанұясы балаларға дұрыс әрі уақытылы тәрбие беру бәрінен маңызды екенін алға тартты.
Әрине, бала тәрбиесі, қызмет, үйдегі өзге де тірліктерді бірге алып жүру қазіргі заманда оңай шаруа емес екендігі айдан анық. Дегенмен, солардың бәріне үлгеру әрбір ата-ананың міндеті мен парызы.
Шара соңында әр отбасына ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, алғыс білдірілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

